Біз – бір бүтін елміз
Аты жаман ауру қазақ еліне ғана емес жаһан жұртына зардабын тигізуде. Әрине, бұл қай-қайсымызға болса да оңай емес. Дегенмен біз бір-бірімізді қолдауды ұмытпауымыз қажет. Осынау сындарлы шақта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеген абзал. Міне, менің осы ойым Мемлекет басшысының бүгінгі мәлідемесінен кейін беки түсті. Өйткені, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз мемлекет және қоғам болып барша азаматтарымызға қолдау көрсетеміз, ешкімді көмексіз қалдырмаймыз. Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз. Сондықтан бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін», – деп нық сеніммен айтты.
Сондай-ақ Президент өзінің мәлімдемесінде көптеген жағымды жаңалықтарымен бөлісті. Олардың әрқайсысын үрей мен үміт ұялаған халық қуана қабылдады деген ойдамын. Әсіресе, кәсіпкерлер. Қазіргі таңда төтенше жағдайға байланысты сан алуан кәсіптің тоқтап қалғаны белгілі. Алайда, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін Мемлекет басшысы бұрын-соңды болмаған шараны қолға алды. Кәсіпкерлерді 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын табыс салығынан босатты. Әрине, мұндай қолдау салы суға кетіп, көңілі күпті болып отырған талай кәсіпкердің қанатын қатайтады.
Тағы бір қуаныштысы, Президенттің қиян-кескі кезеңде де ауыл шаруашалығын естен шығармауы. Яғни алдағы уақытта ауыл шаруашылығына жеке 70 млрд теңге бөлінеді. Ал жанар-жағармай фермерлер үшін 15 пайызға төмен бағамен сатылады. Бұл да маңдайы күнге күйіп еңбек ететін шаруаларға көктемгі егіс науқанында үлкен қолдау болды.
Дәулет Жұмбеков,
«Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы