Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Барлық мәселе «Nur Otan» назарында болады

Барлық мәселе «Nur Otan» назарында болады

Егін шаруашылық жерінің 98 проценті суармалы саналатын Сыр өңірі диқандарының соңғы жылдары жеткен жетістіктері орасан. Басқаны айтпағанның өзінде Сыр елінің брендіне айналған күріш дақылын өндіруде Қызылорда облысы республика бойынша ілгері жүріп, көш бастап тұр. Бұл дегеніміз бірінші кезекте аймақ ауыл шаруашылығы мамандарының дала төсіндегі тынымсыз еңбеГІНІҢ нәтижесі екені сөзсіз. Осы ретте маңдайын күн қақтап, қос алақанында еңбектің табы қалған диқандардың қолЫмен атқаратын жұмыстарды сандық технологияны тиімді пайдалану арқылы жеңілдетіп жатқан шаруашылықтардың да еңбегі зор. Әрине, осыншама алапат жұмыстың артында мемлекеттік қолдау, жоспарлы түрде атқарылатын жүйелі жұмыстардың да тұрғаны ақиқат. Егер шаруаларға мемлекет субсидия бөліп, өтініш-тілектеріне құлақ асып отырмаса, бүгінгідей берЕкелі өнім болмас еді.

Міне, осы бағытта бейсенбі күні ауданға «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек, облыс әкімі Қ.Ысқақ және ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері арнайы іс-сапармен келіп, өңірдегі ауыл шаруашылық саласы өкілдерімен кездесті. Жиын белгілі кәсіпкер Бағлан Әшірбеков басқаратын күріш ақтау зауытының алаңқайында өтіп, оған Шиелі, Жаңақорған, Сырдария, Жалағаш аудандарының шаруашылық төрағалары қатысты. Кездесуде ауыл шаруашылығы мамандары «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбекке көкейде жүрген сауалдарын жолдады. Әсіресе, шаруалар тарапынан субсидия, «Айтек» су торабы мәселелері бойынша сұрақтарын қойды.
Осы орайда «Ақмая» шаруашылығының төрағасы Дәулет Жұмбеков күріш дақылына мемлекеттен берілетін субсидия жөнінде мәселе көтерді. Аталған қожалық былтырғы жылы облыстық субсидияға бөлінген қаржының игерілмеуіне байланысты субсидиядан қағылған. Осыған байланысты Д.Жұмбеков 2019 жылдан артылған субсидияны биыл қарастырса екен деген ұсыныс тастады. Сондай-ақ екінші сауал ретінде ауыл шаруашылық саласына арналған бағдарламалардың жыл сайын өзгеріске ұшырайтынын қынжыла баяндады. Бауыржан­ Байбек бұл ақпараттарға қанық екенін айтып, алдағы уақытта шара қолданатынын жеткізді. Бұл мәселе Түркістан облысының тұрғындарын да алаңдатуда екен. Соған орай алдағы уақытта министрлікпен ақылдаса отырып, жұмыстың жүйелі жүруіне партия тарапы ықпал жасайтын болады.
Бұдан бөлек Қызылорда су шаруашылығы бөлімшесі учаскесінің басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Шорабек Нұрымбетов өз сауалын жолдады.
– Біздің облыс аграрлы. Егістегі 98 процент жер суармалы. Қазір облыста 60 проценттен астам халық елді мекенде тұрады. Соның 90 процентінің күнкөрісі осы ауыл шаруашылығы өндірісінде. Бүгінгі таңда Жалағаш, Сырдария аудандарының егістігіндегі суды реттеп беріп отыратын «Айтек» су торабы апаттық жағдайда. Яғни су торабының төменгі бетінде су жүру процесі жүруде. Егер «Айтек» су торабы шайылып кетсе, екі ауданның күріші егілмей қалады, төменде орналасқан елді мекенді су шайып, халық судың астында қалуы ықтимал. Бүгінгі таңда осы «Айтек» су торабының құжаттамалары дайындалуда. Сіздер осы жобаның биыл іске асуына көмектессеңіздер екен, – деді Ш.Нұрымбетов. Бұл мәселеге қатысты аймақ басшысы Қ.Ысқақов өз кезегінде осы жобаға биыл қаржы бөлінгенін, алдағы уақытта жоба сметалық құжат әзірленіп, конкурс ұйымдастырылатынын айтты. Ш.Нұрымбетов келесі кезекте Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан Саратов-1 Сырдария өзенінің арнасын ретке келтіруді және Солтүстік теңізді сақтап қалу жөнінде сөз қозғады. Осы жобаның аясында 2005 жылдары Көкарал бөгеті салынған болатын. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда осы бөгеттің оң жақ бетін су шаюда. Егер Көкарал бөгеті құлайтын болса, осы уақытқа дейінгі еңбектің барлығы еш кетеді. Бірақ жауапты мамандар мәселенің түйінін дер кезінде тарқатуда сақадай сай екен. Облыс әкімінің айтуынша, биыл аталған жобаға қарасты қаржы бөлінген көрінеді. Енді мұның да жоба сметалық құжатын дайын­дау керек. Егер барлық іс тігісін тауып,­ бір ыңғайға келсе келесі жылы Көкарал бөгетін қайта қалпына келтіру жұмысы басталады.
Жиын барысында Жалағаш ауданының тұрғыны, «Құрман батыр» шаруа қожалығының төрағасы Әліби ­Бекжанов­ «Қазіргі кезде ауыл шаруашылығын әртараптандыру мақсатында мамандандыру картасына енбей қалғанына байланысты субсидия ала алмай отырмыз. Қызылорда, Сырдария, Жалағаш аудандары картаға енсе екен» деп өз өтінішін білдірді. Партия төрағасының бірінші орынбасары бұл мәселеге нақты шешім айтуға әзір ерте екенін айтты. Алайда, алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласында өтетін жиналыс­та талқылайтынын тілге тиек етті. Бұдан кейін жаңақорғандық кәсіпкер Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік жолындағы игерілмеген жерлер жөнінде ой білдірді. Әрі ол жерлердің игерілмеу себебін де сөзге қосты.
Кәсіпкердің айтуынша, үлкен жол бойындағы жерлер судың жоқтығынан игерілмеуде. Ал ол маңда 11 мың гектардай жер іске жарамды. Тіпті айналасындағы елді мекендердің тұрғынын жұмыспен қамтуға, бау-бақша өнімдерін өсіруге мол мүмкіндік бар. Осыған байланысты кәсіпкер ең болмағанда 1000 гектар жерді пайдаланып, жер асты суы қазылса деген пікірін білдірді. Бүгінгі күні бұл партияның бес жылдық бағдарламасына енгізілген. Осы уақытқа дейін жауапты мамандар Батыс Еуропа – Батыс Қытай трассасының үстіндегі жерге зерттеу жүргізген екен. Нәтижесінде жері де, суы да құнарлы екеніне көз жеткізген. Енді бос жатқан жерді игеру мақсатында 1000 гектардан бөліп скважина және электр энергиясымен қамтамасыз ететін болады. Бұл іс кәсіпкерлердің қолдауымен немесе бюджеттің есебімен я болмаса жекешелік әріптестік аясында жүзеге асуы мүмкін.

Елдос Жүсіп


29 ақпан 2020 ж. 763 0