Тасбақа неге ұзақ өмір сүреді және адамның одан үйренері не?

Осы орайда тасбақаның неге ұзақ өмір сүретінін, оның әдісін адамға қолдану арқылы адамның да өмірін қалай ұзартуға болатынын талдап көрейік. Зат алмасу құдіреті Жануар мен адамның өмір сүруіне, тірі жүруіне әсер ететін басты нәрсе – метаболизм. Яғни, ағзадағы зат алмасу мен химиялық реакцияның жылдам не баяу жүруіне қарай жаратылыс иелері белгілі бір ырғақпен тіршілік кешеді. Зат алмасудың жылдамдығына байланысты жануардың белсенділігі қандай, қанша тамақ жейтінін және қанша уақыт ұйықтап, қанша уақыт өмір сүретінін анықтауға болады. Ал зат алмасу жылдамдығы жануардың көлеміне тікелей байланысты. Ұсақ, кішкентай жануарлардың ағзасында зат алмасу тез жүреді де, ірі жануарда баяу жүреді. Ұсақ жануарларда метаболизмнің тез жүру себебі – дене-тұрпатының кішкентай болатындығы. Мәселен, пілдің 1 шаршы сантиметріне 0,03 квадрат сантиметр дене бітімі шақ келсе, тышқанда 0,6 квадрат сантиметр дене бітім шақ келеді. Яғни, пілден 20 есе көп. Сондықтан тышқанның ішкі ағзаларынан үлкен денені «асырау» үшін көп тамақ жеп, көп ас қорытып, жылдам зат алмасу жасауы тиіс. Сонда ғана денесін жеткілікті қызумен қамтамасыз ете алады. Ал көп әрі жиі тамақ ішпесе, денесін қыздыра алмай қиналатыны белгілі. Зат алмасуы тез жануардың қимылы да шапшаң, табиғатынан епті, жылдам келеді. Ал ондай белсенділікті ұстап тұру үшін жиі тамақ ішу керек. Көп тамақтанғандықтан ағзаның өзі оны қорыта-қорыта тозып, тез қартаяды. Денесі үлкен жануарда зат алмасу баяу жүреді, сәйкесінше, баяу қозғалады. Зат алмасу баяу жүретін жануардың ұзақ өмір сүретіні – табиғи заңдылық. Ал зат алмасу тез жүретін жануар жиі тағам жейді де, оны қорыта-қорыта ағзасы да тез шаршайды. Содан қартаю тез жүреді. Популяция заңдылығы Биологиялық заңдылыққа қарасақ, ұсақ жануарлардың саны ірі жануарға қарағанда көп. Популяция заңдылығына сүйенсек, өлген жануардың орнына жаңа жануар дүниеге келіп, тіршілік иесі ұрпақ ауыстырады. Табиғат тепе-теңдігін бұзбас үшін, былайша айтқанда, орын босатып береді. Зат алмасуы тез жүретін жануардың өсіп-жетілуі, қоршаған ортаны тануы тез жүреді де, бұл өмірде тез әрі көп ұрпақ қалдырып үлгереді. Ал зат алмасуы баяу жануарлар аз ұрпақ қалдырады. Өйткені олардың әлемді тануының өзі баяу жүреді. Сәйкесінше, баяу үрдіске ұзақ уақыт керек те, шапшаң үрдіске аз уақыт керек. Мәселен, шыбын мен адамды қатар қойып қарасақ, шыбын қасын 1 минуттың ішінде адамға қарағанда 4 есе көп қағады. Демек, шыбын адамға қарағанды уақытты 4 есе тез сезінеді деген сөз. Шыбынды оңай өлтіре алмайтынымыз да содан. Біз шыбынды қолмен қағып түсіреміз деп, лезде соғып үлгерсек те, шыбын үшін бұл жылдамдық түк те емес.
