Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ елін дүр сілкіндірген

Қазақ елін дүр сілкіндірген

Қордайдағы оқиға кімді болса да бей-жай қалдырмағаны анық. Қазір қылмыстың да түрі көп. Ел ішіне бүлік салу да түк болмай қалды. Масанчиді өрт шалып, мылтық даусы шығып жатқанда «Бұл не болды сонша?» деп өз көзімізге өзіміз сенбей дел-сал болдық. Жанжал қайдан шықса да, іштей «дұрыс емес, дұрыс болмады-ау» деген кейіп таныттық. Бұл оқиға дауылды күнгі өрттей қаулап, әлеуметтік желіде тез тарап үлгерді. Кереметтей ауыл жалын құшағына оранғанда дүнгендер кінәлі болса да, жанымыздың ашығаны рас. Себеп, бізге дәл осы кезде тек тыныштық керек. Арандату, айдап салу, ұлт аралық араздық тудыру елімізге абырой әкелмейтіні белгілі. Қылмыскерлер мен кінәлілер заң алдында жауап беретіні сөзсіз. Менің айтайын дегенім ол емес.

Мен 1971 жылы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, жолдамамен Жамбыл облысы, Қордай ауданына жіберілдім. Ол тұста жас маман кадрларды жұмысқа орналастырудың бір тәсілі, осы жолдама болатын. Сол жылдың тамыз айында Қордай аудандық оқу бөліміне бардым. Ондағылар мені Масанчи орта мектебіне жолдады. Қордайдан автобусқа мініп, аталған ауылға тарттым. Табиғаттың көрікті жеріне орналасқан, көкке оранған село адамды бір таңырқатпай қоймас еді. Мектеп директоры дүнген жігіті екен. Өз тілін білетін шығар, орыс тілін де, қазақ тілін де араластырып сөйлеп отырды. «Хозеду» деп амандасты. Күліп «Саламатсыз ба? дегенім ғой» деді. Екі қабатты үлкен мектеп жанындағы сырттан келген мұғалімдерге арналған жатақханаға, директор өзі әкеліп орналастырды. Мен секілді бес мұғаліммен таныстым. Үш-төрт айдың ішінде бәріміз де Масанчидің жігіттері болып кеттік. Дүнген халқының ең көп шоғырланғаны да осы ауыл. «Қаракемер» ауылы мен Қырғызстанның Токмак қаласында да дүнгендер баршылық көрінді. Қырғызстанның астанасы Фрунзе де (бүгінгі Бішкек) қол созым жерде. Көліктер құрдай қатынап жатыр. Көптеген дүнген жігіттерімен де араластық. Өзіміз сияқты болатын. Шетінен бейнетқор көрінетін. Таңның атысы, күннің батысы есік алдындағы огородтық жерлерін шұқылап, бас көтермейтін. Сонда ойлаушы едім, «Біздің Шиелідегі кәрістер мыналардың қасында айдалада қалады ғой» деп. Олардың еңбекқорлығына сүйсінгенім болар. Үйлеріне қонақ еткенде «дунганский лагман» деп, дәмді тағамдарын ұсынып, қазақтың қонақжайлығы секілді әсер беретін еді. Достасып кеттік.
Ал кешегі әлеуметтік желідегі көрініс, дүнген халқын басқа қырынан танытты. Кейінгі ұрпақтары байып, асып-тасып кетті ме, әлде түлен түртті ме? Мейірімді қазақ елін басынды ма? Еліміздің заңдарын менсінбеді ме? Әйтеуір, Масанчидің тұрғындарын танымай қалдық. Ерегістен басталған оқиға он адамның өлімімен аяқталды. Ауыл қаншама шығынға батты. Дүнгендер мен қазақтар арасында өшпенділік тудырды. Бұл арада еңгезердей полиция қызметкерлерін еш айыптауға болмайды. Олар әлсіздік танытқан жоқ. Қорыққан да жоқ. Заң аясында сақтанып, дүнгендерден балағат сөздер естісе де, таяқ жесе де, азаматтық көрсете білді. Егер полиция қызметкерлері сол жерде күш қолданса, ертең сот залында өздері тұратындарын сезді. Ал дүнген жігіттері жұдырық ала жүгірсе, масанчилік ақсақалдар ақылға келмеді. Төбелесті тамашалап, сақалдарын сипай берді. Мен соған қатты қынжылдым. Сонда дүнген халқы бізден де бұрын «рухани жаңғырып» кеткен бе? Ұлы даланың ыстық құшағы достықты, тыныштықты қалайды. Өзге ұлт өкілдері тұрғылықты халықтың намысын құрметтей білгенін қалар едік. Хас батырымыз Бауыржан Момышұлы ­«Намысты нанға сатпа» депті. Негізі намысшыл елміз...

Өркен ИСМАИЛ,
аудандық полиция бөлімі ардагерлер Кеңесінің төрағасы
11 ақпан 2020 ж. 331 0