Жөн сілтеген жеке қабылдау
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасарлары Берікбол Байхожаев және Ержан Қарымсақов қабылдау өткізді. Аудандық «Нұр отан» партиясы филиалы ғимаратында өткен кездесу барысында аудан азаматтарының шешімін таппай жүрген мәселелері назарға алынды. Мәселен, кенттің тұрғыны «Жадыра» балабақшасының меңгерушісі Ж.Тоғаева өз кәсібін жолға қоюда кедергілер келтіріліп отырғандығын айтып, арызы бойынша жұмыс жасалса деген өтінішін де жеткізді. Аталған жайтты аудандық білім бөлімі басшысы Б.Сейілханов қолға алып, бағыт-бағдар беруді қолға алатындығын алға тартты.
Ал, қарғалылық Ә.Жорабекова жағдайларға байланысты жоғарғы оқуын жалғастыра алмай отырғандығын тілге тиек етіп, жұмыс сұрады. Бұл ретте, аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандары бағдарламаларға қатыстырып, қайта даярлау курстарына жіберу мүмкіндіктерін қарастыратындықтарын жеткізді.
Мұнан соң, Ақмаядан келген Б.Сағындықов мемлекеттік қызметке ауысудың заңдылықтарын білмекке асықты. Бұл жайлы жоғарыда аталған департамент қызметкерлері тест тапсырылу қажеттігін айта келе, кезеңдерін жік-жігімен ашып айтып берді.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлықты болдырмау және оның алдын алу жөнінде кеңінен әңгіме өрбіп, мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болуы қажеттігі, мұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға да тартылатындығы баса айтылды. Еліміздің кез келген азаматының жемқорлық көріністеріне жол бермеу жөнінде пікірлер ортаға салынды.
Осылайша, жеке сұрақтарымен келген жандарға қабылдау барысында жол көрсетіліп, жөн сілтенді.
Дина ЖҮСІПОВА.