Бокс бәсекесінде топ жарғандар
Шиелі ауданы, Ы.Жақаев ауылының мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз, Кеңес және Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданның «құрметті азаматы» Әлиакбар Монтаевты еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті.
Жарыстың салтанатты ашылуына Шиелі ауданы әкімінің міндетін атқарушы Т.Жағыпбаров пен ардагер П.Архабаев қатысып, сөз сөйледі. Жасөспірімдер арасында өткен жарысқа 8 облыстан және көрші қырғыз елінен спортшы балалар қатысты. 2007-2010 жылдары дүниеге келген жеткіншектер арасында өткен тартысты турнир үш күнге созылды. Шаршы алаңның сәнін келтірген жас өрендердің өнері тек мамандардың ғана емес, көпшіліктің де көңілінен шықты. Бокс әлеміне енді қадам басқан балалар үшін бұл жарыс өзін көрсетуге, қабілетін байқауға жақсы мүмкіндік болды. Спортшылар шаршы алаңда барын салып, үздік өнер көрсетуге тырысып бақты. Іс-шараның басты мақсаты дене шынықтыру мен спортты дамытуға, жастар арасында салауатты өмір салтын сақтап, еліміздегі бокс саңлақтарын кеңінен насихаттауға арналды. Сонымен қатар жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдануға тәрбиелеу еді. Аталған іс-шара көптеген жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыра түскені айқын. Бұл сөзімізге сайысқа қатысушылар мен оны тамашалауға келген жастардың үлес салмағының өзі дәлел болмақ. Бокс десе ішкен асын жерге қоятын, шаршы алаңдағы жекпе-жектің көрінісін ерекше тамашалайтын мыңдаған жанкүйерлер спорт залына жиналды. Көк байрағымызды желбіретіп жүрген чемпион ағаларының ізін басар жас боксшылар аталған спорт түріне белсене қатысып, шараның көркін қыздырды. Ал сайыстың әділ өтуіне бас төреші С.Ситіповтың үлесі зор. Турнирдің салтанатты ашылуына республикалық байқаулардың жүлдегері А.Еркінбайқызы өзінің тамаша әнін тарту етті. Байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша Шиелі жеткіншектерінің мерейі үстем болып, бірінші орынды еншіледі. Екінші орын түркістандық спортшыларға бұйырды. Ал қола жүлдені Қызылорда қаласы, Спорт интернатынан келген спортшы балалар алды. Жарыс жеңімпаздары кубок, медаль және арнайы алғыс хатпен марапатталды.
А.Жапбарбергенов