Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан-Германия: Саяси һәм экономикалық байланыс

Қазақстан-Германия: Саяси һәм экономикалық байланыс


Әлемнің алпауыт 30 елімен терезе теңестіруді мақсат тұтқан қазақ елі «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан болатын. Ел экономикасын арттыру бағытында 5-6 желтоқсан күндері ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми іс-сапармен барды.
Берлинде өткен бұл аса маңызды экономикалық шарада неміс инвесторлары үшін жаңа табысты келешек туралы әңгіме өрбіді және бұл Қазақстан мемлекеті басшысының алдағы ГФР-ға сапарының бастамасы деуге болады. Германия төрінде өткен жиында «Аталған диалог алаңы Қазақстан мен Германия, Қазақстан мен Еуропа қатынастарының әлеуметтік-саяси және экономикалық мәселелерін кең ауқымда талқылауға зор мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің Еуропадағы алғашқы жобасы. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында мұндай институттың рөлі арта түседі деп санаймыз» деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Германия Канцлеріне қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, Меркель ханымның екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан өзінің сыртқы саясатындағы сабақтастықты сақтап, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын одан әрі жалғастырды. Сондай-ақ бұл сапардың басты мақсаты екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен саяси ықпалдастыққа жаңа серпін беру екенін нықтай түсті.
Озық технологиямен өндірісін өркендеткен Германиямен қарым-қатынасты арттырудың жас мемлекет үшін пайдасы зор. Ширек ғасыр ішінде қазақ-герман қатынасы жоғарғы даму деңгейіне жетті, екі ел арасында сенімді және мазмұнды диалог орнады ­деу­ге болады. Берік құқықтық база құрылып, қомақты көлемде диалогтық алаңдар мен институттар, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкімет аралық жұмыс тобы, қазақ-герман іскерлік кеңесі, Орталық Азиядағы герман экономикасының өкілдігі, Берлин Еуразиялық клубы құрылып жұмыс істеуде. Сондықтан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының мүмкіндіктерін арттыру үшін Үкімет ауыл шаруашылығына, жаңа технологиялар мен цифрлық қызметтер көрсету салаларына неміс инвестициясын тарту ісіне қолдау көрсетуге әзір екенін мәлімдеді.
– Біз «Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасын қабылдадық. Германиядағы Фраунгофер институты осы стратегиялық бағдарламаны әзірлеуге қатысты. Өңіріміздегі барлық стартаптарға қолдау көрсету мақсатында Астана-хаб және ІТ-университет аштық. 3 жылдан кейін еліміздің ІТ саласында дарындылар пулы қалыптасады деп үміттенеміз. Жалпы, біз цифрландыру саласында үкіметтік құрылымдар деңгейінде де, жеке компания­лар деңгейінде де ынтымақтастық орнатуға дайынбыз, – деді Қазақстан Президенті.
Одан әрі Мемлекет басшысы форум қатысушыларының назарын Қазақстанның қарқынды өсіп келе жатқан инвестициялық әлеуетіне аударды. «Біздің көрші елдермен тығыз интеграциямыз іргелес нарықтарға шығуға қолайлы жағдай жасайды. Бүгінде 500 миллионнан астам адам бізбен шекаралас көрші елдерде тұрады. Еуразиялық экономикалық одақ аясында еңбек қозғалысы, қаржылық қызмет көрсету, капитал және сауда секілді төрт еркіндік бойынша басымдыққа ие болғымыз келеді. Орталық Азиядағы жақын көршілерімізбен тығыз ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз. Сондықтан Қазақстанда жұмыс істеп жатқан неміс компаниялары үшін қосымша нарыққа шығуға мүмкіндік ашылады», – деді.

Қазақстан – Еуразиядағы тұрақтылық орнаған аумақ
Президент Берлинде Германияның бұрынғы федералдық президенті Хорст ­Кёлермен жеке жүздесті. Кездесу барысында тараптар келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымы минис-трлерінің конференциясына дайындық барысын, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясындағы ықпалдастық шараларын, сондай-ақ әлемдегі саяси ахуалды талқылады.
Мемлекет басшысы Қазақстанда қолға алынған жаңа стратегиялық бағдарламалар жайында және өзінің Сайлауалды тұғырнамасында айтылған сабақтастық, әділдік, өрлеу қағидаттарының іске асырылуы туралы әңгімеледі. Хорст Кёлер сабақтастық дәстүрі ел дамуына тың серпін беретінін мәлім етті және Қазақстанға «Еуразиядағы тұрақтылық орнаған аумақ» деген жоғары баға берді.
Сонымен қатар Қ.Тоқаев ресми сапарының екінші күнгі бағдарламасы аясында неміс компанияларының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Атап айтқанда, Baumann Gmbh компаниясының бас директоры Роберт Бауманмен жүздесу кезінде Алматы облысындағы агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу мәселелері қаралды. Кәсіпкер Қазақстанда қой етін өндіру жұмыстарын жолға қойғанын баяндап, өз бизнесін одан әрі дамыту жөніндегі жоспарын ортаға салды.
Ел Президенті бұл жобаға оң бағасын беріп, мемлекеттік құрылымдардың жан-жақты қолдау көрсететінін еске салды.

Шетелдегі БАҚ-тың бағамы
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары шетелдік басылымдардың назарынан тыс қалған жоқ. Жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер мен келісімдер халықаралық БАҚ-тың бақылауында болды. Сапар аясында Мемлекет басшысы Германия астанасында шетелдік журналистерге сұхбат беріп, ой-пікірін ашық білдірді.
EurAsia Daily ақпараттық агенттігі Қазақстан Президенті мен ГФР Канцлері Ангела Меркельдің кездескенін хабарлап, олардың экономикалық серіктестік мәселелерін талқылағанын жеткізді. Агенттік әлемдегі ең үлкен үкімет штабтарының бірі саналатын Федералдық канцлер ведомствосының ғимараты алдында Бундесвердің бас оркестрі Қазақстан мен Германияның Әнұрандарын орындағаны, артынша сап түзеген құрметті қарауыл ротасы алдында Федералды Канцлер және Қазақстан Президентінің жүріп өткені, екі елдің делегациясының танысу жайын баяндайды. «Шамамен бір жарым сағатқа созылған келіссөз барысында екі ел арасындағы серіктестік, әсіресе, экономикалық қатынас сөз болды» делінген халықаралық агенттік хабарында.
Испаниялық Spain news ақпараттық агенттігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде Еуропа одағы бойынша алғашқы ресми сапарын Германиядан бастағанын айтып, Мемлекет басшысының «Қазақстан үшін осы елмен ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор» деген сөзін жариялады. Оған қоса Германия Қазақстанға тікелей инвес­тиция салушы елдердің тізімінде 12 орында екенін хабарлай келе, Қазақстан Президентінің алдағы уақытта Қазақстанның әртүрлі саладағы 700-ден астам жобаны жекешелендіретіні туралы мәлімдемесі мен бұл жаңалықтың өз кезегінде германиялық инвес­торлар мен компанияларға жақсы мүмкіндік болатынын жазады. Сонымен бірге Қазақстанның Германия инвесторлары үшін арнайы жеңілдіктер ұсынып отырғанын да хабарлайды. Агенттік хабарламасында Германияға экспортталатын тауар көлемінің соңғы 8 айда 21,4%, яғни 2,258 млрд еуроға төмендегені де назарға алынған.
Interfax халықаралық агенттігі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ангела Меркельдің журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында Қазақстанның дуальді білім беру жүйесінде неміс тәжірибесін қолданатыны туралы айтылғанын хабарлайды. Осылайша, агенттік екі елдің алдағы уақытта білім беру саласында ынтымақтастықты жалғастыратынын жазады.
Вестник Кавказа ақпараттық-сараптамалық агенттігі Қазақстан Президентінің сапар барысында Deutsche Welle арнасына сұхбат бергенін, онда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктесі, Германияның Орталық Азия елдерімен жасайтын сауда-саттығының 86 пайызы Қазақстанға тиесілі екенін айтқанын хабарлайды. Одан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев ГФР Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен, Германияның экс-канцлері Герхард Шредермен және германиялық жетекші бизнес өкілдерімен кездескенін, алғашқы күні Германияның іскер топтарымен бірлескен кешкі ас ішкенін хабарлайды.
Eurasia Diary агенттігі Қ.Тоқаевтың ресми сапары­ Қазақстан мен Германия серіктестігін нығайта түседі деген тұжырым жасайды. «Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Ангела Меркель кездесу барысында Қазақстанмен берік ынтымақтастықтың орнағанын, бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаевпен өзара түсіністікте жұмыс істегенін атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді, сондай-ақ келіссөздердің нәтижелі өткенін айтты», – деп жазады басылым.
Belt and Road News Network халықаралық медиа агенттігі Қазақстан Президенті мен Германияның бұрынғы Федералдық Президенті Хорст Кёлермен кездесуінен ақпарат таратты. Агенттіктің жазуынша, кездесу барысында тараптар келер жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымы министрлерінің конференциясына дайындық барысын, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясындағы ықпалдастық шараларын, сондай-ақ әлемдегі саяси ахуалды талқылаған.
The Latin American Herald Tribune журналы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары нәтижелі өткенін хабарлап, бірқатар келіссөз жүргізілгенін жазады. «Осы жылдың тоғыз айында қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд долларды құрады. 2005 жылдан бастап осы жылдың екінші тоқсанына дейін Германиядан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 5,2 млрд долларды құрады. Германияның Қазақстан экономикасына инвестицияларының 90 пайыздан астамы шикізаттық емес секторға тиесілі» дей келе, бұл сапардан кейін серіктестік пен инвестицияның көлемі арта түсетініне болжам жасайды.

Әзірлеген
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
10 желтоқсан 2019 ж. 529 0