Жастар ісі жаңашылдықты күтеді
Бүгінгідей жаһандану заманында адамдарды таңғалдыру әсте оңай емес. Әсіресе, қоғамның басты күші саналатын жастар қауымын. Иә, жастар – елдің ертеңі ғана емес, болашақтың іргетасын қалаушылар. Бұл ретте мемлекетте тиісті қолдау көрсетіп, жас буынға барынша назар аударуда. Әсіресе, Елбасының биылғы жылды жастарға арнауы жас жеткіншектерге артылар сенім мен атқарар міндеттің үлесін көбейтті. Ал Президент Қ.Тоқаевтың оныншы бағытты жастарға арнап айтуы жас буынға серпіліс болды. Міне, осылайша назар аударғандықтан жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға және олардың бастамаларын қолдап, тұлғалық жағынан дамуына септігін тигізер шаралар мен жиындар, мерекелік концерттер ұйымдастырылып келеді. Әр аймақтағы жастар ресурстық орталықтары жастармен тікелей жұмыс істеп, көптеген жас кәсіпкердің қанатын қатайтты, бірнеше жастың болашаққа деген сенімін нығайтты. Алайда, жастар үшін жасалып жатқан шаралар «Күлтөбенің басында күнде жиынның» кейпін киіп жүрген жоқ па деген сұрақ көптің көкейінде. Себебі, қазіргі таңдағы жиын-шаралар бірсарынды һәм қызықсыз өтіп жатқанын көзіміз көріп жүр. Тіпті шараға қатысушы контигенттің де түрлері таныс болып қалған. Есіктен енгеннен-ақ олардың қатысуға құлқы болмай, кежегесі кері тартып тұрғанын байқаймыз. Арасында «Қайда келдім?» деп аңтарылып отыратындары да бар. Сандарды сөйлетіп, бір деммен оқыған баяндамадан шаршағандықтан көзі ілініп кететіндері де жоқ емес. Айтпақшы, ұялысына үңіліп, кімнің не айтып жатқанын құлағына ілмейтіндер де осындай шаралардан табылады. Қысқасын айтқанда, бүгінгі таңда жастарды елең еткізіп, ынтасын арттыру үшін жастар ісімен айналысатын мамандарға ұшқыр қиял, тың идея керек сияқты.
Жалпы ауданда 14 пен 29 жас аралығын қамтитын 20 129 жас бар. Бұл өңір халқының 25 пайызын құрайды. Жастар ресурстық орталығының берген мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері тікелей жастарға бағытталған 118 шара ұйымдастырылған. Оларға 16 398 жас қатысқан. Хош. Бұл шаралардың арасында көптің көңілінен шығып, ойын дөп басқандары да бар. Біз жүзден астам жиынның барлығы дәмсіз деуден аулақпыз. Айтпағымыз, айына бір рет болса да, жастарды елең еткізіп, көңілін көтеретін жиын өткізуге болатын шығар?! Әлде аудандағы шаралардың өткізілу тәртібіне байланысты біз білмейтін әрі бұзуға болмайтын қағида бар ма? Біз бұл тұрғыда жуырда ғана жастар ресурстық орталығының директоры болып тағайындалған Шахмардан Нығметовтан сұрап едік, ол шараларды кімнің қалай өткізгісі келсе де өзінің еркінде екенін айтты. Яғни жастар ісімен айналысатын мамандар ойы мен қиялын ұштастырып, жас буынға ұмытылмастай шара ұйымдастыруға шамасы жетеді, тек ниет болса болғаны. Қазанның оныншы жұлдызында «Еріктілер жылына» орай өткен аудан жастарымен кездесу, кейінгісі – «Алтын күз» мерекесі қарсаңында болған аударыспақ ойыны көптің көңілінен шыққан.
Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп жүрген халықпыз ғой. Өзге аймақтың я болмаса басқа елдегі жаңалықты көрсек, «Біз де неге осындай болмасқа?» деп қылп ете қаламыз. Бұл байдың асын байғұс қызғанғандық емес. Тек көңілге қонымды жұмыстарды неге өз тәжірибемізде байқап көрмеске? Мысалы облыста ұйымдастырылатын «Кітапхана түні», «Музей түні» сынды шараларды өңірде өткізіп, жастардың уақытын тиімді пайдалануға атсалысуға болады. Сондай-ақ бұл шаралар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына да тұспа-тұс келеді. Себебі, мәдени орынға бас сұққан жастар еліміздің өткенімен танысып, болашағына бағдар жасайды.
Сондай-ақ ауданның ажарлы жерлерін көрсетіп, жас буынның бойына елжандылық сезімін ұялатуды мақсат ететін «Фотосушка» жарысын неге жарияламасқа? Біздегі кәсіпкер немесе белгілі бір тұлғамен кездесудің де өту барысы әбден жауыр болған. Өз жұмысына ыждағаттылық танытып, сүйіспеншілікпен қарайтын жан болса, қарапайым кездесудің өзін қызықты әрі пайдалы етіп өткізуге болады. Мысалы, шаш үлгісін жасайтын маманмен кездесуді шаштаразда өткізіп, сол арада шаш үлгісінен сән көрсетсе және бірнеше қызға мастер-класс жүргізсе, кәсіпкердің жұмысын көпшілік көзімен көруге мүмкіндік туар еді. Бұдан бөлек кондитер өнімін пісіретін кәсіпкердің тауарынан көрме ұйымдастырып, кездесуді белгілі бір мекемеде емес, арнайы цехта жасаса, жастардың есінде сақталмайды ма? Сонымен қатар туған жерді көркейтіп көгалдандыруды мақсат еткен «Жасыл ел» еңбек жасағының тарапынан да бірнеше сайыстар өткізуге болады. Мәселен, көшенің тазалығына байланысты жылдық байқау жариялап, жеңімпазды айлық, тоқсандық, жартыжылдық, жылдық қорытынды бойынша анықтап, аудан орталығында дүйім жұрттың көзінше марапаттаса, өзге жас буын солардан үлгі алар еді. Сондай-ақ бау-бақша өсірумен айналысатын жастар арасында да жарыс өткізіп, аудандағы бақша санының артуына үлес қоссақ артықтық етпес. Жастарға бағытталған шаралардың ішінде мал шаруашылығымен айналысатын жас буынның тыс қалып жатқанын байқаймыз. Осы тұста ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі, жастар ресурстық орталығы бірігіп, еңбек адамдары мен шопан, диқан қауымның арасында байқау жарияласа ше? Бұл еңбектен еш жалықпаған жастардың көңілін аулап, ойын сергітеді әрі жастар айналасындағы өзі құрыптас жандардың қандай іспен айналысып жатқанына куә болады. Мұндай сайыстар әсіресе, Еуропа елдерінде жиі өткізіледі екен. Мысалы, өткен жылы Австралия, Жаңа Зеландия елдерінде 31 елдің 300 қатысушысы қой қырқудан жарысқан. Міне, осы қой қырқу, асауға бас білдіру, шөп ору, ат әбзелдерін жабдықтау сынды сайыстарды елді мекендердегі еңбеккер жас буын арасында өткізсек, көпшіліктің көңілінен шығады деген сенімдеміз. Сонымен бірге Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында ұлттық ойындарды насихаттайтын жарыстар жиі ұйымдастырылуы керек. Иә, осы уақытқа дейін аудан әкімінің ұсынысымен жастар ресурстық орталығы «Жастар ат үстінде» атауымен ат спортын дамыту мақсатында теңге ілу, аударыспақ ойындарынан байқау өткізді. Сондай-ақ биылғы «Алтын күз» мерекесі қарсаңында да бірқатар ұлттық ойындар көрініс тапты. Енді осы үрдісті жастар қауымы әрмен қарай әкетіп, дәстүрлі түрде өткізуді қолға алу керек. Ұлттық құндылықты насихаттайтын шаралардың арасында ұлттық тағамдарды да естен шығармаған абзал. Аспаздықты меңгерген жастардың арасында ұлттық тағам әзірлеуден жарыс өткізіп, соңын жәрмеңке немесе мерекелік концертке ұластырса құптарлық емес пе? Ал жаз мезгілінде ашық аспан астында «Ашық микрофон», «Поэзия сағаты» сынды кішігірім шаралар ұйымдастырылса жас буынның кешкі уақытын тиімді жұмсауына сеп болар еді. Бүгінде аудан ардагерлері Өзбекстан мен Түркістанға саяхат жасағаны баршамызға белгілі. Әрине, ақ жаулықты аналар мен батагөй аталардың рухани саяхат жасауы құптарлық іс. Алайда, осындай игі сапарларға жастардың жол тартуын көзіміз шалмады. Алдағы уақытта жастар қауымы да тәжірибе алмасуда төбе көрсетеді деген сенімдеміз.
Бәзбіреулер үшін шаралар құр уақыт өткізу немесе көңіл көтеру ретінде көрінуі мүмкін. Ал әлдекімдер шараға алтындай уақытын қиып, рухани азық аламын деген сеніммен келеді. Міне, сондай жастардың сеніміне селкеу түсірмей, өтетін әр шараға жауапкершілік танытсақ игі. Осы орайда жастар ісімен айналысатын мамандардан тың идея мен жаңаша жұмыс бағытын күтеміз.
Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА