Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Иесіз жатқаннан игі іске жарасын

Иесіз жатқаннан игі іске жарасын


Ұлттың қамын ойлаған Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының мәніне үңілсек, туған жердің мәдени һәм табиғи құндылықтарының құнын түсірмей, қырын сындырмай, қалыбына құйылған қалпы ұрпақтар иелігіне тапсыруды көздейтін «Прагматизм» түсінігін тереңнен талдауға болады. Себебі, ғасырлар бойы арын, жанын берсе де, туған жерінің қарыс адымын жау табанына тастамайтын текті бабалар титімдей дүниені үнемді, тиімді пайдалануды насихаттап, ысырапшылдыққа бой алдыру ырысыңды қашырумен пара-пар екендігін ұғындырып кеткен.Болашаққа бағдар қойған Тұңғыш Президенттің тағылымды туындысының алғашқы тараудағы екінші бөлімі толықтай «Прагматизмге» арналды. Себебі, кеңірдектен қысқан Кеңес одағының отарында болған мезетте ұлан-ғайыр атырабымыздың төсінде небір зұлматты кезеңдер өтті. Миллиондаған гектар жер аяусыз жыртылып, ат бау­­ырын сипар шүйгін шалғынға оранған мәрт даламыздың маңғаз бейнесі морт сынып, бедеріне ғасырлар емі шипа берместей жаралар түсті. Зымырандар заңғарға көтерілген даланың көркі көмескіленді. Бір қойы егіз туса, бір жусан артық шығатын жомарт өлкеміз жоқтықтың кейпін киді, шөл мен шөлейтке орнын берді. Бір балығы бір отбасын күн асыруға қауһарлы Арал теңізінің аңқасы кеуіп, арқасындағы тұзы сары құрлықтың сайын даласын кезіп кете барды. Күллі Қазақстанның түгін тартсаң, майы шығатын құнарлы аумағы, құрбақаның терісіндей көк шықпайтын жерге айналды. Ал бүгінде Сыр бойының шырайы көз тартып, келбеті келісті күйге енді.
Егеменді ел болып еңсе тіктегелі табиғаттың тамашасы артып, ұлы даланың сәні кіріп, жаны тірілді. Сыр елі салтанатқа бөленіп, үлде мен бүлдеге оранып келеді. Ақырғы демі естілген Арал да қайта оянды. Жөн-жосықсыз, тек пайданың парқын ойлаған пенделік пейілмен көмбесі ақтарылған даламыз да тынысын кеңінен алды. Жомарт жерден жемісін алған шиеліліктер үшін де жер мен судың маңызы зор. Осы орайда Елбасының көрегендік танытып, маңызы ерек мақаласындағы Қазақстанның әр тасы біз үшін алтыннан қымбат құндылық екендігін түйсінгендейміз. Астамшылық пен ысырапшылдықтың арты неге әкеліп соғатынын көзіміз көрді, басымыздан өтті. Сол кесапаттың батпағына қайта жығылмау мақсатында «прагматизмді» ту етіп, үнемділікті үйрене түссек, бізге алынбас қамал жоқ. Бүгінгі көл-көсір дүниенің де өз есебі, сұрауы бар.
Бүгін ысырапшылдық пен үнемділік төңірегінде сөз қозғауымыз бекер емес. Тарихқа қалам тартып, тақырыпты әріден қаузауға Шиелі ауданындағы иесіз көлдер түрткі болып отыр. Шиелі киелі жер атануы бекер емес. Жері шүйгінді, топырағы құнарлы өлкеде іс бастаймын деп бекінгеннің есесі кеткен жоқ. Кенттегі Ақорда мөлтек ауданындағы және цемент зауытының жұмысшыларына салынып жатқан жатақхана маңындағы көл табандарының игерусіз жатқандығын көзіміз шалып жүр. Тазалап, ретке келтіріп, айналасын қораласа, жағажайға сұранып-ақ тұрған жер. Осы секілді иесіз көлдер мен қараусыз ғимараттарды кәсіпкерлер мен жеке адамдарға ұсынса, жаңа демалыс орындары ашылып, адамдарды жұмыспен қамту мүмкіндігі де арта түсер еді. Жалпы иесіз көлдер жөнінде нақты мәліметтер алу мүмкін болмады. Өйткені, дәл казіргі уақытта лот жүргізіліп, өзгерістер орын алуына байланысты нақты жауап қатуға мүмкіндік жоқ екендігін жеткізді сала мамандары.
Осы кезге дейін аудандық «Өскен өңір» газетінде түрлі ұсыныс-пікірлер мен мәселелі мақалалар жариялануда. Алайда, тиісті сала мамандары атқарылған жұмыстары жөнінде ақпар беріп, халыққа жеткізуді әлі күнге бір ізге қоя алмай келеді. Осы орайда кенттегі иесіз көлдердің хал-жайы мен мүмкіндіктері турасында тиісті сала маманы газет бетіне жауап қатса деген ұсынысымызды жеткізгенді жөн санап отырмыз. Тұңғыш Президент бір сөзінде «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» деп, ізгі қасиеттің игілікті тұстарын тайға таңба басқандай дөп көрсетті. Олай болса байлығымызды бағалап, оны қандай мақсатта пайдаға асыруға болатынын бағамдап отыру бәрімізге ортақ.
27 қазан 2019 ж. 421 0