Шетелдік нөмірі бар жүргізушілерге айыппұлдар туралы нұсқамалар келетін болады
BAQ.KZ. Екі жыл бойы Бас прокуратура әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі жобасын жүзеге асыруда.
"Айыппұл салынған уақыттан бастап орындалғанға дейін, барлық шектеулер алынатын процесті автоматтандыруға мүмкіндік беретін кезең-кезеңмен процестер енгізілуде. Қазірдің өзінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы ең қысқа мерзімде жасауға мүмкіндік беретін мобильді қосымша әзірленді. Еліміз бойынша ішкі істер органдарының 7 мыңнан астам қызметкері планшеттермен жабдықталған және сәуірден бастап жол жүру ережесін бұзу бойынша хаттамалар тек электрондық түрде ғана толтырылады", - деді ведомствода.
Айыппұл төлеу рәсімі едәуір оңайлатылды. Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі жүйесін екінші деңгейдегі банктермен интеграциялау нәтижесінде айыппұлдарды орындарда немесе кассалық терминалдар мен қосымшалар арқылы төлеуге болады.
Айыппұлдар бойынша нұсқамаларды уақтылы жеткізу мақсатында "Қазпошта" АҚ гибридті электрондық поштасы қолданылады, сондай-ақ құқық бұзушының ұялы телефонының абоненттік нөміріне хабарлама келеді.
Бас қала және басқа да облыс орталықтарында фото және бейне жүйелерімен интеграциялау жасалды.
"Биыл 21 қазаннан бастап фото және бейне жүйелерімен жазылған бұзушылық туралы нұсқамалар бас қалада, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарында, сонымен қатар, Шымкент қаласында қазақстандық нөмірлері бар жүргізушілерге ғана емес, сондай-ақ шетелдік тіркеудегі автокөлік иелеріне де келетін болады. Бұрын бұндай мүмкіндік болмайтын, өйткені бұзушылық туралы нұсқамалар ҚР-да тіркелген автокөліктің техникалық паспортындағы жазбаның негізіндежасалатын. Шетелдік нөмір белгілері бойынша жүргізушінің жеке басын анықтау мүмкін болмайтын және тиісінше әкімшілік нұсқама жасауға да келмейтін", - деді ведомствода.
Сонымен қатар, соңғы 3 жыл ішінде шетелдік нөмірлері бар автокөліктердің қатысуымен жасалған жол көлік оқиғасы статистикасы 2 есеге өсті, және осындай көліктердегі құқық бұзушыларды сәйкестендіру жолын табу қажет болатын.
"ҚР аумағында көлік құралының қай елде тіркелгеніне қарамастан барлық жүргізушілерде міндетті сақтандыру полисі болуы тиіс екенін атап өту қажет. Бас прокуратура әкімшілік полиция комитетімен, бірыңғай сақтандыру базасының иелері болып табылатын Ұлттық банкпен, Мемлекеттік кредиттік бюромен бірлесіп, шетелдік нөмірлері бар автокөлік жүргізетін жүргізушілерді сәйкестендіру бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Шетелдік автомобиль жүргізетін тұлғалар туралы ақпарат жеке басы және көлік туралы барлық қажетті сәйкестендіру мәліметтері көрсетілетін сақтандыру полисінің деректері негізінде анықталады", - делінген хабарламада.
Барлық шараларды іске асыру құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, сондай-ақ басқа да ұйымдардың өзара іс-қимылының және үйлесімді жұмысының арқасында жүзеге асқан.