Қағазбастылықтан құтқаратын денсаулық сақтау паспорты іске қосылды
BAQ.KZ. Биыл шілде айында елімізде денсаулық сақтау паспорты енгізілген болатын. "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобаны ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев таныстырды.
"2016–2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасы аясында электронды денсаулық сақтау паспорты жобасын іске қостық. Бұл сонымен қатар "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында да жүзеге асырылып жатыр. Электронды денсаулық паспортының негізгі мақсаты – медицина саласындағы бүкіл мәліметті жинақтау, талқылау және ары қарай қандай шешім қабылдау керектігіне көмектесу. ЭДП бар пациент жайлы ақпарат интеграциялық платформаның құрамына кіретін ЭДП бірыңғай орталық репозиториясында сақталады және медицина қызметкерлеріне де (пациенттің келісімі бойынша), сондай-ақ пациенттерге де қолжетімді болады. Мемлекет басшысы медицина саласындағы қағазбастылықтан арылу керектігі жөнінде тапсырма берді. Электронды денсаулық паспортында пациентке қатысты барлық мәліметтер болады және ол сақталады", - дейді Олжас Әбішев.
Оның айтуынша, 2018-2019 жылдар аралығында медициналық ұйымдарда 600-ден астам қағаз түріндегі есептік-тіркеу жүргізілген.
"Егер бұрын дәрігер 600-ге жуық форма толтырса, қазір қағазбастылық саны 120-ға дейін қысқарды. Цифрландыру нәтижесінде дәрігердің 25 минут уақыты үнемделеді. Аталған электронды денсаулық паспортында пациентке қызмет көрсететін және тіркелген медициналық ұйым туралы, учаскелік дәрігердің аты-жөні, рецептің атауы, жазылған күні және оны берген дәріхана, диагнозы мен хаттама нөмірі сияқты емделушіге қатысты барлық құнды ақпарат қамтылған", - дейді вице-министр.