Әр ана баласын емізсе, әлемдегі шығын 300 миллиард долларға қысқарады
Қазір әлемдегі 10 баланың 4-еуі ғана ана сүтін емеді. Өткен жылы өмірінің алғашқы алты айында балалардың тек 41%-ын ғана анасы емізген. Бір қызығы, көрсеткіштің жартысынан көбі дамыған елдерге тиесілі. Яғни, артта қалған елдер бала емізуде алдыңғы орында. Мәселен, ең жоғары көрсеткіш Руанда (86,9%), Бурунди (82,3%), Шри-Ланка (82%), Соломон аралдары (76,2%) және Вануатуда (72,6%) болған. Сонымен бірге, ауылдық жерлердегі сәбилердің емшек сүтімен тамақтану көрсеткіші қалалық балалармен салыстырғанда анағұрлым жоғары екенін зерттеулер дәлелдеп отыр.
Табысы орташа және одан жоғары елдерде емшек сүтімен емізу ең төменгі деңгейде. Шамамен - 23,9%. Тамыздың 1-і мен 7-сі аралығы - Дүниежүзілік бала емізу апталығы. Осы орайда әлемдегі балалар үшін ана сүтінің маңызы жайлы айтып өту керек. Ана сүтімен қоректендіру яғни емізу баланың өміріндегі ең сау бастама және барлық баланың өмір сүруі мен өркендеуін қамтамасыз етудің қарапайым, ақылды жолы. Сонымен қатар экономикалық тиімді әдістерінің бірі.
Олай дейтініміз, егер омыраумен емізудің оңтайлы деңгейіне қол жеткізілсе, дүниежүзілік денсаулық сақтау шығындары 300 миллиард долларға қысқарады. Қазақстанда 6 айға дейін балаларды тек емшек сүтімен емізу деңгейі 2006 жылдары 16,8% болса, бұл көрсеткіш 2015 жылы 37,8%-ға дейін өскен. Қазақстанда 6 айға дейінгі сәбилерді емшек сүтімен емізу ауылдық жерлерге қарағанда қалалық жерлерде кеңінен таралған (сәйкесінше 34,4% және 29,2%). Емізбеудің кері әсері көп. Ол тыныс алу органдарының ауруы, гипотермия, диарея және жұқпалы аурулардың пайда болуына себеп болады. Омырау сүтімен емізудің артықшылығы көп. Ана сүті нәресте миының дұрыс дамуына, инфекциялардан қорғауға ықпал етеді, семіздік пен балалар ауруының қаупін азайтады. Сондай-ақ аналарды аналық без бен сүт безінің қатерлі ісігінен қорғайды. Дегенмен, ақылы декреттік демалыс және емізуге байланысты үзіліс сияқты қолдау әлемнің көптеген елдердегі аналарға әлі де қолжетімсіз болып тұр. әлемдегі елдердің тек 12% -ы ғана құрсақ көтергенде және бала туғанда тиісті демалыс алады. Жұмыс істейтін әйелдер бала емізу үшін жеткілікті қолдауды ала алмауда. Әлемде нәрестесі бар әйелдердің тек 40%-ы ғана жұмыс орындарында емізу үшін қажетті жағдайға ие. Бұл әсіресе, Африка елдерінде жиі кездеседі. Онда жаңа туған нәрестелері бар әйелдердің тек 15% ғана емізуді жалғастыруға мүмкіндігі бар. –Ана мен бала үшін омырау сүтімен емізудің медициналық, әлеуметтік және экономикалық пайдасы жайлы бүкіл әлем біледі. Алайда әлемдегі балалардың шамамен 60%-ы алты айға дейін тек омырау сүтін ембейді. Бала емізудің артықшылықтарына қарамастан, әлемдегі жұмыс орындары аналарды қажетті қолдаудан айырып отыр. «Біз бүкіл әлемде баланы емізудің көрсеткіштерін жақсарту үшін ақылы декреттік демалысты және барлық жұмыс орындарында аналарға емізуге жағдай жасауды қаржаландыруымыз қажет, – дейді ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Генриетта Фор.
Өмірінің алғашқы сағатында барлық бала ана сүтін ембейді. 2018 жылы әлемдегі балалардың жартысынан азы яғни, 43% ғана өмірінің алғашқы сағатында ана сүтін емген. Ананың нәрестені туылған сәтте бірден құшағына алуы сәбиді жылытады, иммундық жүйесін нығайтады, ана мен бала арасындағы сүйіспеншіліктің пайда болуына ықпал етеді, ананың сүтін молайтады. Ана сүті - балаға арналған тамақ қана емес, сонымен қатар әр баланың қажеттіліктерін ескере отырып жасалған, түрлі аурулардың алдын алуға арналған күшті дәрі. Алғашқы сүт немесе ақ уыз балаларды ауру мен өлімнен қорғайтын дүннелерге бай. «Ана сүті - нәрестенің дұрыс өсуінің негізі. Қазақстанда балалардың жартысынан кемі тек омырау сүтімен қоректеніп жатыр.
1997 жылдан бастап Қазақстанда омырау сүтімен емізуді қорғау, ынталандыру және қолдауға бағытталған мемлекеттік саясат жүргізілген, соны одан ары жалғастыру қажет. Бала емізетін аналарды отбасы мен жақындары ғана емес, жұмыс берушілер мен қоғам да қолдау керек», - дейді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы денсаулық сақтау бағдарламасының үйлестірушісі Қанат Суханбердиев. Емізу бала мен ана өмірі үшін маңызды. Ана сүтімен қоректендіру жыл сайын бес жасқа толмаған балалардың арасындағы 823,000 өлімнен және сүт безінің қатерлі ісігінен қорғап, 20 000 ананы өлімнен сақтап қала алады. Дүниежүзілік бала емізу апталығына орай ЮНИСЕФ омырау сүтімен емізу үшін отбасыларға жағдай жасайтын тәжірибелерді енгізуді ұсынады. ЮНИСЕФ-тің отбасылық саясат туралы жаңа бағдарламалық құжатында ата-аналарға алты айдан кем емес ақылы демалыс ұсынылады, олардың ішінде аналарға 18 апта ақылы еңбек демалысы берілуі керек. Соған сәйкес, Үкімет пен кәсіпорындар 9 айдан кем емес ақылы демалысты беруге ұмтылуы қажет.