Мемлекеттік қызмет: сапа, нәтиже, тиімділік
Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығына сәйкес 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні болып бекітілген. Бұл мерекені тойлау Шиелі ауданында да дәстүрге айналған. Өткен аптада «Мемлекеттік қызмет: сапа, нәтиже, тиімділік» тақырыбында мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен кенттегі «Керемет» бассейінінде ашық аспан астында мамыражай мереке аталып өтті.
Аталмыш шараның шымылдығын аудан әкімінің міндетін атқарушы Тұрмағанбет Әлиасқарұлы ашып, ұлт мерейін көтеріп, елдің абырой-беделін асқақтатып жүрген мәртебелі мамандық иелерін мерекесімен құттықтады.
Мереке демалыс күніне сәйкес келгендіктен, күнделікті жұмыстан бір сәт демалу мақсатында мемлекеттік қызметшілерді 4 топқа бөліп, семинар-тренинг ұйымдастырылған. Жиынның салтанатты ашылуы, оқу тәжірибелік сағат және «Өнерлінің өрісі кең», «Спорт – жан серігің» деп аталатын бөлімдерден тұратын мерекеге барлық мемлекеттік қызметшілер белсене қатысып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар «Самұрық инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Жандос Тұсмағамбетов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының кабинет меңгерушісі Ақмарал Айдарқызы сөз алып, еліне еңбегі сіңген, өз істерінде үздік танылған бірқатар мемлекет қызметшілерін облыс әкімінің алғыс хатымен, аудан әкімінің алғыс хатымен, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің алғыс хатымен марапаттады. Одан әрі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының доценті Алмагүл Жанділдақызы «Күйзеліске төзімділік» атты трениг өткізіп, бір серпілтіп алды. Аудан әкімдері мен бөлім басшылары домбыра, гитара аспаптарымен әуезді әндер шырқаса, орта буындағы мемлекет қызметшілері «Су патшасы Сүлеймен елінде», «XXI ғасырдағы 21 мың теңге» атты көріністерін қойып, көрермендер көңілін көтерді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жадыра Отарбаеваның ән орындағандағы ерекше дауысын айтпай кетуге болмайды. Қатысушылар спорттың бірнеше түрінен сайысқа түсіп, керемет ойын нәтижесін көрсетті. Шара барысында мемлекеттік қызметтің сапасын, тиімділігін арттыру мақсатында идеялар айтылды, пікірталас орын алды, жоба қорғалды, рефлекция, тренинг өтті, арасында бір сәт үзіліс жасап, қатысушылар суға да шомылды. Шара соңында жеңімпаздар марапатталып, арнайы кубоктер табыс етілді.
Мамандығына деген сүйіспеншілік жетістікке жетелейтіні анық. Мемлекеттік қызметкер – өркениеттің өріне қадам басқан мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы тұлға. Әр мемлекеттік қызметкер өзінің жұмысын мақтан тұтып, түрлі бәсекелерде бағын сынап, белсене араласса, еңбегі үшін лайықты марапатталатыны белгілі. Мереке қарсаңында ұйымдастырған осынау шара әрбір қызметкердің жадында сақталып қалары сөзсіз. Ендеше, мемлекетке адал қызмет етіп жүрген жандардың еңбегіне табыс тілейміз.
Фариза КЕНЖЕШОВА