Енді барлық жерде дәрі-дәрмектің бағасы бірдей болады
Халықаралық сауда ұйымының мәліметіне сүйенсек, айналымдағы дәрі-дәрмектердің 10 пайызы контрафакті болып келеді екен. Пайда үшін жасалған ондай өнімдерді тұтыну жыл сайын 100 мыңнан 1 миллионға дейінгі адамның өліміне себеп болып отыр, деп жазады Informburo.
Қазақстандағы "Екпе дауының" жыл сайын көбейіп келе жатуы да содан. Көптеген ата-аналар екпе дәрілерінің сапасына, сақталу және пайдалану тәртібінің сақталуының дұрыстығына күмәнмен қарайды. Оған әр кезде әр жерде туындаған бірнеше жағдай дәлел.
Дәрі-дәрмектің қауіпсіздігі мәселесі әлемде де өзекті. Әсіресе, шеттен әкелінетін дәрілердің сапасын қадағалау өте маңызды. Батыстық үлгідегі химиялық дәрілер онсызда денсаулыққа қосымша ауру жамайтыны үнемі айтылып келеді.
2019 жылы 13 маусымда өткен Үкіметтегі баспасөз мәслихаты осы мәселеге арналады.
Барлық жерде дәрі-дәрмектің бағасы бірдей болады
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Л.Бюрабекова хабарлады.
«Барлық дәрілік заттарға арналған бағаларды реттеу, дәрі-дәрмектерді рецептімен сату және жалғанына қарсы күресуге байланысты шараларды күшейту тәрізді мәселелер бойынша кейбір заңнама актілеріне өзгерістер енгізілді. Осы өзгерістер азаматтардың сапалы дәрі-дәрмектерге қолжетімдігін қамтамасыз етуге, ал бағаларды реттеуді енгізу республикамыздың барлық өңірлерінде бірыңғай баға саясатын жүргізуге мүмкіндік береді», – деді Людмила ханым.
Людмила ханым аталған заңнама тәртібі бойынша бұйрықтың мақұлдауды күтіп жатқанын, Әділет министрлігі бекіткеннен кейін шілде айында бөлшек сауда желілерінде дәрі-дәрмекті сатудың шекті бағалары болатынын айтты.
Дәрі бағасы бақылауға алынды. Тәртіп бұзғандар жазаланады
Л.Бюрабекованың түсіндіруінше, шетелден әкелінетін дәрі-дәрмектердің логистикасына кететін шығын көп, оның үстіне тіркеу секілді қосымша шығындар бар. Сонымен дәрі қымбатқа келеді. Сонымен бірге кей қымбат дәрілердің аналогының бағасы төмен болуы мүмкін.
Людмила ханым дәрі-дәрмектің тіркеу нөмірін, түсіндірмесі мен бағасын министрлік сайтына кіріп көруге болатыны немесе DariKz сайтында және оның мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болатын жеткізді.
«Осыған байланысты дәріханалардың кірісі төмендеуі мүмкін. Егер олар бір рет заң бұзса айып салынады, егер екінші рет қайталаса лицензиясы жарты жылға тоқтатылады», – деді Төрайым.
Баға ережелерін бұзғаны үшін 70-1000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК – 2 525 теңге) дейін әкімшілік айыппұл салынып, заң бұзу қайта тіркелсе, фармацевтикалық жұмысты тоқтатуға дейінгі шара қабылданатыны белгілі болды.
Дәріге үйір болмаңыздар
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков кейбір қауіпті ауруы барлар дәрілерін өздерімен бірге ала жүрулері керектігін ескертті. Мәселен, "демікпе" ауру бар адам үшін өте қажет деп отыр.
«Дәріге иек сүйеп алуға болмайды. Оның денсаулыққа зияны да бар. Мысалы, антибиотиктер кезінде жоғары бағаланды. Алайда,оны көп қолданған кей науқастарға ем қонбай жатады. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау орталығы жіберген пікір бар», – дейді Нұрлыбек Асылбеков.
Осыған қатысты Людмила ханым:
«Мұндай дәрілерді қатаң қадағалау керек. Дәрі-дәрмекті рецептісіз қабылдау өте қауіпті. Барлығыңыз мектепте химия пәнін оқыдыңыздар. Дәрі-дәрмек дегеніміз осы химиялық заттардан тұрады. Осы препараттар ағзамызға еніп, денеміздегі мүшелермен, тіндермен, сұйықтықтармен химиялық байланысқа түседі. Олар алдымен бауыр, сосын бүйрекке зақым келтіреді. Сол себепті, дәрі-дәрмекті қабылдау ең бірінші кезекте дәрігерлердің бақылауында болуы керек. Сонда ғана жанама реакцияны анықтап, препараттарды ауыстыру немесе оның мөлшерін азайту шаралары қабылданады», – деді.
Қазақстандағы дәрілердің 10%-ға жуығы жалған
Л.Бюрабекованың айтуынша, халықаралық сарапшылардың бағалауына сәйкес Қазақстанда сатылатын рецептілік дәрі-дәрмектердің 50%-дан астамы дәрігердің тағайындауынсыз сатылады және 10%-ға жуығы жалған болып табылады. Осыған байланысты, азаматтардың денсаулығы мен өмірі үшін қауіп төндіруі мүмкін дәрі-дәрмектердің бақылаусыз қолданылуын болдырмау үшін препараттардың рецептімен сатылуын бақылау шаралары күшейтілді.
"Қағазсыз аурухана" немесе рецептісіз дәрі беру қашан іске асады?
Комитет төрайымының айтуынша, рецептілерді жазып беру рәсімдерін және дәріханалардан препараттарды алуды жеңілдету үшін 2020 жылдан бастап Министрліктің ақпараттық жүйелерінде жұмыстың толық электрондық форматына көшу жолпарланған.
Онда "Қағазсыз ауруханаға" көшу шеңберінде кейбір өңірлер (Қарағанды, Атырау) рецептілерді жазып беру бойынша электронды форматқа көшті.
Фармацевтикалық қадағалау жүйесі немесе "Сары карта"
Л.Бюрабекованың айтуынша, дәрі-дәрмектердің ішкі нарықтағы айналысын және сапасын бақылаудың тиімді жүйелі шараларының бірі – фармацевтикалық қадағалау немесе "Сары карта" жүйесі. Осы жүйе АҚШ және Еуропа одағының халықаралық және танылған жетекші реттеуші органдары болып табылады.
"Сары карта" деген не?
Мәліметтерді ұсынудың бекітілген "хабарлама-карта" деген формасы бар, оны дәрігерлер өзара "Сары карта" деп атайды. Мұндай карталар әр медициналық ұйымда бар.
Емделуші келіп, дәрінің кері әсеріне шағымданса, дәрігер "хабарлама картаны", яғни "сары картаны" толтырады. Онда шағымданушының мәліметтері кіргізіледі. Сондай-ақ қандай дәрі қабылдағанын, оның сериясы, өндірушісі көрсетіледі. Ол ұлттық сараптау орталығына сарапталып, бір мерзім ішінде осыншама "Сары карта" келіп түскенін көрсетіп, қорытынды шығарады. Дәрінің сапасында, сақтау мерзімі мен шарттарында қателердің бар-жоғын тексереді, талқылайды. Сол негізде шешім қабылданады. Тіптен, аталған дәрінің тіркеу куәлігінің қызметін тоқтатып, толық тексеру жүргізу үшін дәрігерлерге де, өндірушіге де бірден тіркеу куәлігі тоқтатылғандығы жайлы хабар беріледі.
Комитет төрайымының айтуынша, соңғы 5 айдың ішінде 18 препаратты кері қайтарып алу және сатылымын тоқтатылған. Сондай-ақ 43 препараттың атауының медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулығына жаңадан анықталған жанама әсері бойынша өзгеріс енгізгенге дейін сатылымы тоқтатылған.
Дәрі-дәрмек бағасы туралы ақпарат білгіңіз келсе
•Call-орталығына –1439 хабарласыңыз
•http://dsm.gov.kz – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі сайты
•http://dari.kz/ – "Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және медициналық техниканы сараптау Ұлттық орталығы" ШЖҚ РМК дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және медициналық техниканың айналымы саласындағы мемлекеттік сараптаушы ұйым болып табылады.
Тіркелмеген және жалған дәрі сату азаймай тұр
Л.Бюрабекова берген мәліметке сай, 2018 жылы рецептісіз препараттарды сатудың 90 дерегі анықталған, 20 млн.теңгеден астам сомаға айыппұл салынған. Сондай-ақ, соңғы 3 жылда тіркелмеген дәрілік заттардың айналысының 61 фактісі анықталған: 2016 жылы – 16 факт, 2017 жылы – 27, 2018 жылы – 18 факт.
Л.Бюрабекова дәрі өндіруші компаниялардың өнімдерін жеткізуші делдал компаниялар тарапынан келетін жалған дәрілердің көп екенін еске салды. Әсіресе, Ресей секілді көрші елдерден келетінін айтты.
Комитет төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков:
– Бізде профилактаикалық тексерістер болып тұрады. Сонымен бірге түскен шағымдарға байланысты тексеру жасаймыз. Ал рецептсіз дәрі сатпау 15 жылдан бері жүріліп жатыр. Алайда, заң бқзушылықтар азаймай тұр, – деді.
Дәрі шөптердің кері және жанама әсері төмен
Бұл туралы Нұрлыбек Асылбеков informburo.kz журналисінің сұрағына орай жауап берді.
Сұрақ: дәстүрлі және шығыс ем-домында жиі қолданылатын шөп дәрімен емдеудің жағдайы қандай?
Н.Асылбеков:
– Дәрі шөптердің химиялық препараттарға ққарағанда кері және жанама әсері төмен. Қазір бізде шөптен жасалған 56 дәрі тіркелген. Мысалы, Алматы облысында "ФитОлеум", Шымкентте "Зерде" фармацевтикалық зауыттары бар. Онда фито шайлар, түрлі майлар, шөп дәрілер жасалады. Бұл ары қарай жалғасатын болады, – деді.
Дәріге QR кодты қою жұмысы тоқтап қалды ма?
Асылбеков:
– Барлық дәрілерге QR кодты қою арқылы оны бағалап, тексеріп, бақылап отыруға болады. Бұл Ресейде пилоттық жоба ретінде қолға алынған. Олардың тәжірибесін күтіп отырмыз. Біз де пилоттық жобаны қолға алдық. Егер QR кодтты енгізсек дәрі бағасына да әсер етеді. Бірақ қадағалап отыруға жеңіл болады, – деді.
Яғни, профилактикалық тексеру жүргізуге, дәрілердің қалай қолданғанын да біліп отыруға мүмкіндік туады.
Қазақстанда қанша дәрілік зат тіркелген?
•Қазір елімізде 7 748 дәрі атауы тіркелген.
•Рецептпен берілетін дәрі – 6 114;
•Рецептсіз берілетін дәрі – 16347
Қандай дәрі рецептпен беріледі?
•Микробқа қарсы және гормондық дәрілер;
•Құрамында есірткі заттары бар және психотроптық заттары бар дәрілер;
•Жүрек, қан тамыры ауруына арналған дәрілер;
•Асқазан және ішек жолдары және басқа ауруды емдеуге арналған дәрілер.
Дәрілік заттарды рецептімен босату қағидалары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі 288- бұйрығымен бекітілген.
Қандай дәрілерді рецептісіз сатып алуға болады?
•Дәрумендер;
•Мұрынға арналған тамшылар;
•Сироптар;
•Шөптен жасалған шайлар және шөп жиындары;
•Кейбір суық тюге қарсы және ауруды басатын препараттар.
Рецептіні кім жазып береді?
Рецепті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2010 жылы 23 қарашадағы 907- бұйрығымен бекітілген нысан бойынша бланкілерде, тиісті медициналық көрсеткіш болғанда денсаулық сақтау ұйымы қызметкерлері жазып береді.
Оған практикант, стационар, жедел жәрдем дәрігерлері жатуы мүмкін.
Жазып беру екі түрде: қағаз және электронды түрде.
Рецептке қанша дәрі жаза алады? Қанша уақыт жарамды?
Төрайымның айтуынша, бір рецепте екі рецептпен босатылатын дәрі болады. Алайда құрамында психотропты не есірткілік зат бар дәрілер болса, бір рецепте бір дәрі болады.
Рецептіні дәріхана алып қалады.
Рецептінің жарамдылығы – 3 ай.
Егер бір рецептегі 2 дәрінің бірі дәріханадан табылмаса, рецептің көшірмесін сонда қалтырып, екінші дәріханадан қалған дәріні алуға болады.
Егер, дәріні бөліп-бөліп алу керек болса немесе қаржысы жетпесе рецептінің көшірмесін пайдалануға болады.