ЖАУЫНГЕРЛЕР ЖАТТЫҒУ ӨТКІЗДІ
Туған жерін, кіндік қаны тамған атамекенін қорғау, әрбір ер азамат үшін абыройлы міндет. Сонымен қатар әскер – ер жігіттің мектебі. Өмірдің қиыншылығына төзумен қатар, қатаң тәртіпті үйрететін бұл шаңыраққа жылына мыңдаған жауынгер абыройлы міндетін өтеп, туған ауылына, яғни, ата-анасына аман оралып, қуанышқа бөленіп жатады.
Дегенмен, арада жыл өткен сайын құмға жазылған жазу секілді үйренген дүние ұмытылатыны белгілі. Осы тұста, өткенді қайталап, әскери жаттығу өткізудің маңызы зор. Себебі, ел басына күн туғанда, қару ұстап, жерін қорғауға аттанатын ер азамат. Сол себепті де олар әрдайым Отанын қорғауға дайын болуы керек.
Сондай жаттығулардың бірі өткен аптада қарт Қаратау бөктерінде көрініс тапты. 25 сәуір мен 5 мамыр аралығында Қызылорда облысының аумақтық қорғаныс бригадасы №99215 әскери бөлімімен бірлесіп, Шиелі ауданының аумақтық қорғаныс батальонының жеке құрамымен «Қорған-2019» арнайы тактикалық оқу-жатығу өткізілді. Қарт Қаратау бөктерінде өткен жаттығуға жиналған жауынгерлер денешынықтырумен қатар, саптық дайындықтарын түзеді. Қызылорда қаласына қарасты Абай ауылында орналасқан ҚР ІІМ-нің №5547 Ұлттық Ұлан әскери бөліміне барып, оқ ату жаттығуларын да қайталады. Сондай-ақ, бос уақыттарын спорттық ойындармен өткізді. Оқу-жаттығудан бос уақыттарда аудандық және Еңбекші, Жиделіарық ауылдық мәдениет үйлері арнайы әзірлеген концерттік бағдарларымен сарбаздардың көңілін көтерсе, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен футбол, волейбел, қол күрес, арқан тартыс, кір тасын көтеріп және қазақша күрес түрлерінен спорттық жарыстар ұйымдастырды.
«Қалқан-2019» арнайы тактикалық оқу-жаттығуға ауданының аумақтық қорғаныс батальонының жеке құрамы мен Қызылорда облысының аумақтық қорғаныс бригадасы басқармасының №99215 әскери бөлімі және Қызылорда қаласында орналасқан ҚР ҚМ-нің №66597 әскери бөлімінің барлау взводы мен күштік құрылымдарынан 230 адам мен 18 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар екі сауытты доңғалақты машина (БКМ) мен бір тік ұшақ (еврокоптар) арнайы қатыстырылып заңсыз қаруланған жасақты жою, аса маңызды нысандарды күзету мен қорғау шаралары бағытындағы жауынгерлік дайындықтарын көрсетті.
Оқу-жаттығуға қатысқан Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің аумақтық қорғаныс бас басқармасы бастығының орынбасары М.Катенов, облыс әкімінің орынбасары, облыстық қорғаныс кеңесінің штаб бастығы Е.Ким, аудан әкімі Ә.Оразбекұлы Шиелі ауданының аумақтық қорғаныс батальонының практикалық іс-қимыл жұмыстарына жоғары бағаларын берді. Оқу жаттығу соңында Шиелі ауданының аумақтық қорғаныс батальонының жеке құрамы және басқа да күштік құрам жасақтары салтанатты түрде саптық құраммен жүріп өтті. Оқу-жаттығу қортындысына облыс әкімінің орынбасары Е.Ким және ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері алғысын жеткізіп, жауынгерлік іс-қимылдарды жетік меңгерген сарбаздарды облыс әкімінің және аумақтық қорғаныс бригадасы басқарамасының алғыс хаттарымен марапаттады. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы «Қорған-2019» арнайы тактикалық оқу жаттығуға қатысқан жергілікті батальон құрамын аудандық мәдениет үйінде арнайы қабылдап, алдағы келе жатқан Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, өз алғысын білдіріп, №99215 әскери бөлімінің басшылығына ауданның атынан рахметін айтып, жеке дара көзге түскен жауынгерлерді алғыс хатпен марапаттады.
Е.ДАТҚА.