Бағбанның берекелі бастамасы
Діни әдебиеттерге сүйенсек, алманың Адам ата заманынан бері адам өмірінен алар орны бөлек екенін аңғарамыз. Бұрындағы басына алма құлап, бүкіләлемдік тартылыс заңын ашқан Ньютонның да, бүгінгі әлемдік брендке айналған айфонның да тағдыры осы жеміспен байланысты. Елімізде алманың алғашқы отаны – Алматы болса, одан кейінгі көп өсірелетін аймақ ретінде Түлкібас ауданы тұр. Кәсіпкерлердің ізденісі мен мемлекеттің оларды қолдауға арналған мақсатты жоспарының аясында көп ұзамай Шиелі ауданы осы қатарға қосылуы әбден мүмкін.
Еңбек – түбі береке. Қай істі болмасын бар күш-жігеріңмен, ынта-ықыласыңмен жасасаң, бүгін болмаса да ертең міндетті түрде нәтижесін беретін болады. Қазіргі таңда, талмай еңбек етіп, жемісін көріп отырған жандар қаншама. Солардың бірі Талаптан ауылының тумасы Көбей Дәулетов адал еңбектің наны тәтті екенін жақсы біледі. Ол ізденісі мен қажыр-қайратының арқасында өзге ауылдастарына да өнеге болып жүр.
«Жатқанға жан жуымас» деген қағиданы ұстанған Көбей мемлекет берген зор мүмкіндіктің аясында өзін кәсіптің әр қырынан көрсетіп жүр. Бұған дейін ауылдан ашқан балабақшасына бірнеше тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, ел алғысын арқалап ендігі кезекте алма бағын өсірмек. Жуырда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойында Оқшы ата кесенісіне қарсы беттен аумағы 10 гектар жерге 20 мың түп алма көшетін отырғызуды қолға алды. Алма бақ тамшылатып суару арқылы өсіріледі.
Ауданда кәсіпкерлерді қолдау шаралары жүйелі түрде іске асып келеді. Әсіресе, «Жастар жылы» аясында жас кәсіп иелері мен енді жеке шаруасын бастауға ниетті жастарға тиісті мекемелер қол ұшын беруге даяр. Өткен сенбіде аудан әкімі Әшім Оразбекұлы алма өсірілетін алаңға арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Бизнестен береке тапқан жас бағбанға еңбегің жемісті болсын деп сәттілік тіледі.
Қазіргі заман жалқаулықты көтермейді. «Ең бақытты адам – бос уақыты жоқ адам» деген сөз бар. Мемлекет не берер екен деп қарап жатпай, қолынан келген істің көзін тауып, кәсіпке айналдыра білетін азаматтардың осындай ісі қашанда өзгелерге үлгі болмақ. Бұған дейін «Күрішті мекенге» айналған Шиелінің алмасымен танылатын уақыты да алыс емес.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ.