Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗ ҰРПАҚТАРЫ

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗ ҰРПАҚТАРЫ


– Біз бүгінгі таңда тәуелсіз елдің тәуелсіз ұрпақтарын қалыптастырдық. Енді масылдықтан арылу бағытында жұмыс жасауымыз қажет. Әуелі шағын және жеңіл кәсіп түрін дамытуға басымдық берген жөн. Қазір шикізатқа сұраныс төмен. Сондықтан, білім игеріп, соған қарай кәсіп жүргізейік. Кешегі Алаш арыстарының дені Жапонияны үлгі тұтты. Жаһандану заманына бет бұрған осы бір шақта біз де ұлттық болмысымызды сақтай отырып, дамыған елдердің озық тәжірибелерінен үлгі алуымыз қажет. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев апта басында өткен «Жастар кеңесінің» отырысында осылай деді.

Сәрсенбінің сәтті күні аймақ басшысы Қ.Көшербаев ауданға арнайы атбасын бұрып, Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында бой түзеген «Рәміздер алаңы» мен «Рухани жаңғыру» аллеясының ашылуына қатысты. Сондай-ақ, өңірдегі бірқатар өндіріс орындарын аралап, шаруа қожалық басшыларымен кездесіп, көктемгі дала жұмысына дайындықтарын білді. Ал, басты шара Ы.Жақаев ауылдық мәдениет үйінде облыс әкімінің жанындағы «Жастар кеңесінің» көшпелі жиналысымен жалғасты.
Иә, соңғы жылдары ауданның рухани-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, шағын және орта кәсіпкерлік салаларында айтарлықтай жұмыстар атқарылып, өңір тіршілігі тың жобалармен өркендеп келеді. Кент орталығы мен ауылдық округтерде ұлттық болмысымызды айшықтайтын халыққа қажетті рухани орталықтардың қатары көбеюде. Солардың бірі кентке кіре беріс Көкшоқы мөлтек ауданынан бой түзеген «Рәміздер алаңының» ашылуында болып, құттықтау сөз сөйледі. Жалпы жоба құны 31 млн. теңгені құрайтын нысанда Елтаңба, Мемлекеттік Әнұранның мәтіні және биіктігі 23 метр болатын флагштокқа Мемлекеттік Ту орналасқан. Құрылысты өткен жылдың қазан айынан бастаған мердігер мекеме «Реалстрой Сервис» ЖШС бас-аяғы бес айдың ішінде алаңды тапсырды. Бұдан соң аймақ басшысы бастаған топ кенттегі «Күріш ақтау зауытының» жұмысымен танысты. Аумағы 4 гектарды алып жатқан, құны 109 млн. теңге тұратын зауыттың іргетасын жеке кәсіпкер Бағлан Әшірбеков өз қаржысына қалаған. 12 адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны өткен жылдың желтоқсан айынан бастап іске қосылды. Зауыт тәулігіне 86 тонна күрішті ақтап, 28 тонна күріш жармасын шығаруға қауқарлы. Келесі кезекте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған делегат орталық алаңда орналасқан «Рухани жаңғыру» аллеясына қарай бет алды. Жобалық құны 14 млн. теңгені құрайтын нысанда биіктігі 11 метр болатын «Мәңгілік Ел» және «Қазақ хандығы» монументтері орналасқан. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы келушілерге аллеяны таныстырып, монументтің мән-маңызын баяндады.
Мұнан соң көш Иіркөл ауылдық округіне қарай бағыт алды. Алдымен, Ы.Жақаев кесенесіне құран бағыштап, сонан соң ауылдық мәдениет үйіндегі «облыс әкімі жанындағы Жастар кеңесінің» көшпелі жиынына барды.
Кеңес отырысына кіріспес бұрын облыс басшысы ауданға қарасты шаруа қожалықтарында жұмысын жаңа бастағалы тұрған 10 жас маманға және Ы.Жақаев атындағы «Жақаев ізбасарлары» еңбек-тынығу лагеріне 10 жасқа жолдама берді.
– Бүгінгі кеңестің көшпелі отырысын әлемге қазақтың еңбекте де ересен зор табысқа жете алатын жұрт екенін дәлелдеген даңғайыр диқан, «Дала академигі» Ыбырай Жақаев ауылында өткізуіміздің де өзіндік мақсаты бар. Туған жер төсіне қайың кетпенімен ерлікке тән еңбек дастанын жазып қалдырған, ақ күріштің атасы,әлемдік рекордтың иесі Ыбырай Жақаев жетістігін, егемен елдің тарихи тұлғаларының өмір жолын, еңбек адамын кейінгі ұрпаққа насихаттау, жастарымызды еңбекке баулу – біздің басты мақсатымыз.
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жас­тарды қолдауға арналған бағдарламалардың барлығы олардың тұрмыс жағдайын түзеуге бағытталған. Әлеуметтік маңызы бар «Болашақ» халықаралық бағдарламасы, «Дипломмен – ауылға!», «Жастар кадрлық резерві», «Жасыл ел», «Жұмыспен қамту – 2020», «Жас кәсіпкер», «Жас маман» бағдарламалары ең бірінші жастарға арналған, – деді жиынның кіріспе сөзінде облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы.
Жиынға бірқатар басқарма басшылары мен кеңес мүшелері, аудан әкімдері және олардың орынбасарлары, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Кеңестің күн тәртібіне сәйкес, облыста мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы және «Қызылорда облысында жастар жылын өткізу жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары» жайлы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов баяндама жасады.Кеңес барысында облыс әкімі Қ.Көшербаев облыстық «Жас­тар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Жасұлан Алдабергеновтің басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметтен босағанын xабарлап, оның жастар саясаты саласындағы еңбегіне раxмет айтып, алғыс xат табыстады.Сонымен бірге, аталған мекеменің жаңа директоры Абылайxан Сабанбаевты көпшілікке таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Одан соң жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыстылық пен құқық-бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Ибраевтың хабарламасы тыңдалды. Одан бөлек Шиелі ауданында мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы, маргиналды жастарға бағытталған жұмыстар жайлы аудан әкімі Әшім Оразбекұлы баяндаса, Жаңақорған ауданында жастар кәсіпкерлігін дамыту және жастарды әлеуметтендіру бағытында атқарылған жұмыстар туралы Жаңақорған ауданы әкімінің міндетін атқарушы Адай Салыбековтың хабарламасы тыңдалды.
Жиын соңында аймақ басшысы Жастар жылы тек флэшмобтар мен мағынасыз дүниелер шеруіне айналмай, жыл бойы ұйымдастыратын барлық шараларда жастар мәселелерін шешуге бағыттаудыбірлесіп үйлестіруді барлық жауапты мамандарға тапсырды.

Гүлхан ЯХИЯ.
06 сәуір 2019 ж. 1 110 0