Қозғалып тұратын қос мұнаралы Сауран
2018 жылғы 29 шілде 09:4770 Бөлісіңіз: ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сырдария бойын жағалай орын тепкен көне қаланың бірі - Сауран. Тарихшылар бұл қалада қозғалып тұратын қос мұнара болғанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Серікбай Қосанның сөзіне қарағанда, түрлі дерек көздерінде Сауранның жеті қатар қорғаныс қабырғасы бар екені келтірілген. Ол Дешті-Қыпшақ даласы мен егіншілікпен айналысқан өлкенің қақ ортасында орналасқан. Сондықтан Сауран сауда-саттық орталығы болған. Арабтың географы әл-Магдиси: «Сауран (Савран) - үлкен шаһар, ол бірінен соң бірі салынған жеті қабырғамен қоршалған. Рабаты бар, мешіті ішкі шаһарда орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғауға арналған шекаралық шаһар», - деп жазған. Сауран ұзақ уақыт сауда мен қолөнердің ірі орталығы ретінде өмір сүрді. Мәдени дамудың алтын бесігіне айналды. Шыңғысханның шапқыншылығы жайлы жазылған деректерде Сауранның аты аталмайды. Бұл құтты қоныс домбыраның қос ішегі іспетті таспадай тартылған Түркісіб теміржолын бойлап жатыр. Пойызбен еліміздің батыс бөлігінен келе жатқан жолаушы оң жақта орын тепкен Сауран қаласына көз тоқтата қарайды. Киелі мекен отарба Қызылорда облысының шекарасынан өтіп, барша мұсылман жамағатының рухани астанасы атанған Түркістанға тұмсық тірер тұста орналасқан. Ғалымдар Сауранның бірнеше ғасыр бойы өмір сүріп, осыдан екі ғасырдай бұрын күйрегенін айтады. «Сауран туралы деректер сол кездері аты барда желіп жүріп, жер таныған жиһанкездер еңбегінен мол кездеседі. Араб елінің тарихшысы Махдиси осындай сапарының бірінде қазіргі көне қала тұрғысында «Сауран жеті қат дуалмен қоршалған. Оның ішінде мешіт пен рабат бар» деп жазып қалдырған», - дейді С.Қосан. Сондай-ақ, жердің астынан салынған су жолы да бізді еріксіз ойға қалдырады. Қазіргідей барлығын атқара беретін түрлі техника жоқ болса да, аталмыш су жолын ата-бабалар қалай жүргізген?Дәл осындай көрініс Сығанақ шаһарында да бар. Екі орта да ондай қашық емес, бар-жоғы 50-60 шақырымды құрайды. Бұл ұқсастықтар сырына үңілген кім бар? Сонда аталмыш шаһар тұрғындары бір-бірімен қатынасып, емен-жарқын араласып тұрған деп болжам жасауға негіз бар секілді. Археолог ғалымдар сол кезеңдерде осы маңда егіншілік те өркен жайып, өңірдегі елдің өрісі кең болғанын айтады. Сауран шаһарында шайқатылып тұратын екі мұнараның болғанын түрлі жазба деректерден білеміз. Қос мұнара түрлі тетіктер арқылы орнатылған көрінеді. Қаншама дауыл соғып, табиғат алай-дүлей болғанымен, олар сол күйінде тұра берген. Біз өзге жұрттың таңдай қақтырар таңғажайып дүниесіне еріксіз бас шайқауға әуеспіз. Сондай толымды туындының туған топырақта да бар екенін әлі күнге дейін толық тани алмай жүргеніміз өкінішті-ақ. Жиһанкездер де оны көзбен көре отырып, жұмыр жердегі елді елең еткізетін ғажайыпқа балаған. ХІХ ғасырдың 70-жылдарына дейін сақталып келген қос мұнара қандай себеппен жойылғаны жайын қазір ешкім де тап басып айта алмайды. Тіпті, оның орнын көрсете алатын адам да жоқ екен. Бір қызығы, ескі кезеңнің сырын шерткен бұрынғы тарихшылар да бұл жайында мардымды мағлұмат бере қоймаған. Кейбір ғалымдар қос мұнараның қаланың шығыс бөлігінде орналасуы мүмкін екенін тілге тиек етеді. 2005 жылы Сауран республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізілді. Соның нәтижесінде онда археологиялық жұмыстар кең ауқымда жүргізіле бастады. Ғалымдардың әрекетінің арқасында шаһардың орта тұсынан мешіт пен медресе орындары анықталып, солтүстік-шығыс қақпасы маңынан бірнеше кезеңді бейнелейтін қалдықтар мен оған кіретін тас жолдар анықталды. Сауран қамалының биіктігі 3-6 метрдің шамасында болған, жан-жағынан тереңдетіп ор қазылған. Бұл жайында шығыс ғалымы Хафиз Таныш: «Қаланы қоршаған ордың кеңдігі мен тереңдігі ерекше. Оны алғашқыда өзен бе деп қалуың ғажап емес», - деген екен. Шығыстың белгілі қолбасшысы Әмір Темір кезінде Сауранды әскери қамалға айналдырған. Онда мешіт салынып, ислам дінінің біздің елімізде қанат жаюына ықпал еткен.
inform.kz