Атыраулық 9 жасар қыз шахматтан Азия чемпионы атанды
Атыраулық 9 жасар шахматшы Зарина Нұрғалиева Шри-Ланканың Калатура қаласында өткен сайыста топ жарып, Азия чемпионы атанды. Отандасымыздың жетісітігі туралы ҚазАқпарат-қа сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Облыстық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Ілияс Шайхиев хабарлағандай, 8-15 шілдеде Шри-Ланканың Калатура қаласында 7-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары арасында 14-ші Азия чемпионаты өтті. Оған 16 елден 400-ден астам жас шахматшылар қатысты. Бұл сайыста қазақстандық оқушылар 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медальді жеңіп алды. Атыраудан келген Зарина Нұрғалиева рапид және блиц әдісі бойынша алтын медальдың иегері атанды. Сондай-ақ, атыраулық тағы бір мектеп оқушысы Аян Абдуллаев командалық жарыста «қола» медальды жеңіп алды. Кеше Атырау теміржол вокзалында еліміздің атын әлемге танытып келген жас жеңімпаздарды облыстық спорт басқармасының қызметкерлері мен туған-туыстары салтанатты түрде күтіп алды. «Атыраулық үш спортшымыз да өте жоғары нәтижеге қол жеткізді. Биылғы құрлық чемпионатына жан-жақтан қатысушылар көп келді. Оның өзі жылма-жыл бәсекелестіктің артып келе жатқанын көрсетеді. 9 жасар Заринаның шахматпен айналысып жүргеніне екі жылға жақындап қалды», – дейді жаттықтырушысы Жәнібек Аманов.Айта кетейік, бүгінгі күні шахматтан Азия чемпионы атанған Заринаның бұл шетелдегі алғашқы жарысы. Жас шахматшы соған қарамастан ең үздік атанып отыр. Облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Сабырбай Гайсин Атырауда шахмат спорты өте жақсы жолға қойылғанын атап айтты. Ел біріншіліктерінде спортшыларымыз табысты нәтиже көрсетіп жүр.
Stan.kz