VI ДҮНИЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫ: ЕЛІМІЗ 32 АЛТЫНДЫ ЕНШІЛЕДІ
Көшпенділер ойындары – ежелгі көшпенді халықтардың дәстүрлі спорт түрлерін жандандыру, әлемге насихаттау мақсатында ұйымдастырылатын ірі халықаралық спорттық шара. Алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанда бастау алып, көпшілік арасында танымал болды. Бұған дейін де әртүрлі көшпенді халықтардың спорттық және мәдени шаралары өткізілгенімен, дәл осындай ауқымды деңгейде ұйымдастырылған кешенді шаралар тарихта болмаған. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпенді мәдениетті, оның ішіндегі спорт түрлерін халықаралық аренаға шығару және бұл мәдени мұраны сақтау мақсатын көздейді.Биыл Ойындардың VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Көршілес Қырғызстан елінде өтті. Ашылу салтанаты қырғыз елінің астанасындағы «Бішкек-Арена» стадионында болды. Сыйымдылығы жағынан Орта Азиядағы ең үлкен кешенге 50 мыңнан астам адам жиналды. Халықаралық деңгейдегі шараның ашылу салтанатын 17 елдің президенттері, сондай-ақ жүзден аса елден келген үш мыңға жуық спортшы тамашалады.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпенді халықтардың бай мәдени мұрасын сақтау мен жаңғыртуға зор үлес қосып отыр. Ойындар - спорттық жарыс қана емес, көшпенділердің рухани және мәдени өмірінің маңызды бір бөлігі. Әрбір ойын барысында түрлі көшпенді халықтардың ұлттық киімдері, дәстүрлері мен өнері көрсетіледі. Осылайша, ойындар көшпенді мәдениетінің заманауи әлемде өз орнын тапқанын көрсетеді.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғыз Республикасында 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтті. Дүбірлі додаға Қазақстан құрамасы жарыс регламентінде бекітілген 43 спорт түрі бойынша 152 спортшы қатысты. Жарыста еліміздің намысын қорғап барған спортшыларымыз барлық спорт түрінен жоғары нәтиже көрсетіп, халқымыздың абыройын арттырды. Жалпы командалық есеп бойынша Қазақстан қоржынында 32 алтын бар. Одан бөлек 20 күміс пен 22 қола жүлдеге қол жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел құрамасын Көшпенділер ойынындағы табысты өнер көрсетуімен құттықтап, спортшылардың нәтижесін жоғары деп бағалады.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – бұл көшпенді мәдениеттің жандануының жарқын көрінісі. Ол болашақ ұрпақтарға ата-бабаларының бай мұрасын жеткізудің және сақтаудың маңызды құралы болып табылады. Ойындардың ауқымы жыл сайын қанатын кеңінен жайып, қатысушы елдердің саны артып келеді. Бұл шара – халықаралық аренада көшпенді мәдениеттің беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
«Өскен өңір» ақпарат








