Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕҢІМПАЗ ЖОЛЫ

ЖЕҢІМПАЗ ЖОЛЫ

Шиелі өңірі – талай таланттың тұсауын кесіп, талай саңлақты қанаттандырған қасиетті мекен. Бұл топырақтан шыққан әрбір спортшы ел намысын биікке көтеріп, туған жердің абыройын асқақтатып келеді. Солардың ішінде жас болса да, үлкен жетістікке жетіп үлгерген, табандылығы мен еңбексүйгіштігі арқылы танылған спортшының бірі – ­Бейбарыс Жолдасбеков.
Бейбарыс 2001 жылдың 4 тамызында Шиелі ауданында дүниеге келген. Спортқа деген қызығушылығы бала күнінен басталып, 2007 жылы небәрі 2-сыныпта оқып жүргенде бокс үйірмесіне қатысып, алғашқы қадамын жасады. Талпынысы мен еңбекқорлығының арқасында 2014 жылы Жалантөс баһадүр атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына оқуға түсіп, 2018 жылы сәтті тәмамдады.
Оның спорттағы жетістіктері – табанды еңбектің айқын дәлелі. Атап айтқанда, 2017 жылы ұлттық жекпе-жектен Қазақстан Республикасының чемпионы атанса, 2018 жылы бокстан жазғы спартакиадада күміс жүлдеге ие болды. 2021 жылы NOMAD MMA жекпе-жегінен ел чемпионы атанып, 2023 жылы жалаң қолмен бокс (NOMAD FIGHTING) бойынша ТМД елдері арасында 65 келі салмақта чемпиондық белбеуді жеңіп алды. Бұл – оның жоғары деңгейдегі спортшы екенін көрсететін айтулы жетістіктер.
Бейбарыс тек спорттағы жеңістерімен ғана емес, адамгершілігімен де ерекшеленеді. Замандастары оның тәрбиелі, кішіпейіл, үлкенге құрметпен қарайтын азамат екенін ерекше атап өтеді. Осындай қасиеттері оны көпке үлгі етеді.
Бейбарыстың жүрегіне жақын, ерекше ыстық мекен – Ы.Жақаев ауылы. Бұл ауыл оның нағашы жұрты ғана емес, сонымен бірге рухани тірегі, шабыт беретін ортасы. Ауылда спортқа деген қызығушылық жоғары деңгейде қалыптасқан.
Бүгінде «Береке» спорт кешенінде ауыл ­жастары тұрақты түрде жаттығып, өз шеберліктерін шыңдауда. Аптасына төрт рет өтетін жаттығулар жас буынның спортқа деген ынтасын арттырып, олардың үлкен спортқа қадам басуына жол ашуда. Жас ерекшелігіне шектеу қойылмауы – ауыл спортының ашық әрі қолжетімді екенін көрсетеді. Сонымен қатар №9 ОРМБЖМ тарапынан көрсетіліп отырған қолдау бұл бастаманың жүйелі түрде дамуына мүмкіндік беріп отыр.
Жаңақорған ауданының ашық біріншілігінде де ауыл жастары жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Жұмабек Бердібек І орынды иеленсе, Бақытжан Арсен ІІ орын алып, «Жеңіске деген құштарлығы үшін» арнайы номинациямен марапатталды. Ал Асанбай Нұриман ІІІ орынға тұрақтады. Сонымен қатар Зұлпыхар Бейбарыс пен Аян Айтмағанбетов тәжірибе жинақтап қайтты.
Шиелі өңірі – болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін берекелі орта. Бұл жерден әлі де талай спорт саңлағы шығатынына күмән жоқ. Ал Бейбарыс Жолдасбеков сынды табанды спортшылар мен олардың жолын жалғап келе жатқан жаттықтырушылар – жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін жарқын үлгі.

М.Кеңесұлы
28 сәуір 2026 ж. 54 0