Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қошеметке лайық Кошта

Қошеметке лайық Кошта

Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңі қилы-қилы нә­ти­жесімен де жанкүйердің жадында сақталары сөзсіз.

Қошеметке лайық Кошта

Франция футболшылары 2000 жылдан бері жалынан ұстатпай келе жатқан чемпиондық атақтан үмітті екенін паш етті. 24 жыл бұрын құрлық аламанында чемпиондық тұғырға көтерілген Франция құрамасы 2016 жылы да финалға шығып, Португалия құрамасына есе жіберген болатын.Франция футболшылары 2000 жылдан бері жалынан ұстатпай келе жатқан чемпиондық атақтан үмітті екенін паш етті. 24 жыл бұрын құрлық аламанында чемпиондық тұғырға көтерілген Франция құрамасы 2016 жылы да финалға шығып, Португалия құрамасына есе жіберген болатын.Дидье Дешамның шәкірттері биыл бәйгеде бәрінен қара үзіп келуден үмітті. Ширек финалға шығар жолда Бельгия құрамасына қарсы ойнап, әупіріммен жеңді. Бұлай деуге негіз бар. 85-минутта Коло Муанидің тепкен добын бөгеймін деген Ян Вертонген аяғын созған, екпіндеп келген ала доп тізесіне тиіп бағытын өзгертті. Әйтпесе Бельгия құрамасының тәжірибелі қақпашысы Күн Кастелс Муанидің ойын оқып қойып, доптың ұшу бағытын да бағамдап мысықша атылған. Бельгия құрамасының биылғы Еуропа чемпионатындағы соңғы матчын өткізіп, өз қақпасына автогол соққан Вертонгеннің «болысқаны» арқасында француз футболшылары ширек финалға шықты.Матчтың тағдырын шешкен голдың соғылуына Бельгия құрамасының бас бапкері Доменико Тедеско қақпашының еш айыбы жоқ екенін баса айтты. Ра­сында да, биыл Еуропа чемпионатында Бельгия футболшылары топтық кезеңнен шыққанның өзін орасан жетістік санар болса, сол биікке жетуге зор үлес қосқан ойыншының бірі – осы қақпашы Кастелс. Ұлттық құраманың капитаны Кевин Де Брёйне үшін бұл соңғы Еуропа чемпионаты болуы ғажап емес. 33 жастағы сақа футболшы 2028 жылы бес ел бірігіп өткізетін құрлық додасын күтпеуі әбден мүмкін. Әлемнің таңдаулы футболшыларының қатарындағы Ромелу Лукаку Еуропа чемпионатында еншісіне гол жаза алмай пұшайман күйде кетті. Бас бапкер Доменико Тедеско топтан шығу жолында шәкірттерінің аз күш жұмсамағанын айтты. «Плей-офф кезеңінде біз Франция құрамасына қарсы алаңға шығарда олардың қорғанысында айтарлықтай мәселе бар екенін бағам­дадық, сондықтан да үш шабуылшымен сұғына еніп, гол соғамыз деп ойладық. Әрі қорғаныстағы жігіттер олардың шабуылды өрістететін вингерін матап, адым аштырмауды міндетіне алды. Бірақ автогол матч тағдырын шешті», деді маман.  Бұған дейін Еуропа чемпионы  атанған, құрлық додасының күмісін де, қоласын да қанжығасына бөктерген Португалия футболшыларының екпініне Словения құрамасы екі таймда да төтеп береді дегенге көпшіліктің көңілі сенбеген де еді. Бұған дейін ресми матчта қос құраманың жолы түйіспеген, тек осы биыл наурыз айын­да өткен жолдастық ойын­да 2:0 есебімен Матяж Кектің шәкірттері басым түскен-ді. Бірақ бұл жолы Словения футболшылары өз отына өзі жанып кеткендей әрі-сәрі күй кешті. Негізгі уақытта тең түсіп, экстра таймда Роналдудың пенальтиден тепкен добын қайтарған қақпашы Ян Облактың батылдығы да құрамадағы жігіттердің жігерін жани алмады. Матчтан кейінгі пенальти сериясында Йосип Иличич, Юре Балковец, Беньямин Вербичтің тепкен добын Португалия қақпашысы Диого Кошта тойтарды. Словения құрамасының капитаны Ян Облакты пенальти сериясында сынып кетті деп сөгудің қажеті жоқ. Бар қайратын салып, 90 минут бойы экстра таймда да қаншама жойқын соққыларды тойтарды. Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне 30 жылдың ішінде екінші мәрте қатысқан Словения құрамасы плей-оффқа тұңғыш рет шығып отыр. 2000 жылы өткен Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде турнирдің соңғы сатысын місе тұтып, тауы шағылып қайтқан Словения футболшылары арада ширек ғасыр өткенде тарихи нәтиже тіркеп топтан шыққан. Тіпті Португалия құрамасын да екі бүктеп жіберетін мүмкіндік болды. Бірақ мықтының мысы бәрібір басым тұратынын қарсыластары аңғартты. Пенальти сериясында 3:0 есебімен озған Португалия құрамасының капитаны, қит етсе, көзіне меймілдеп жиі жас тұнатын Криштиану Роналдудың ен­шісіне тағы бір дерек тіркелді. Ол Еуропа чемпионаттарының пенальти сериясында гол соққан ең егде футболшы атанды. Словения қақпасына биылғы Еуропа чемпионатындағы алғашқы голын соққан Роналду кеше 39 жастан 147 күн асты. Португалия құрамасының бас бапкері Роберто Мартинес қақпашы Диого Коштаны команданың құпия ойыншысы деді. «Словенияға қарсы матчта ол бір емес, үш сейв жасап, пенальтидің барлығын да қайтарды. Коштаның бұл еңбегін қалай бағаламайсың? Біз мұнымен мақтануға тиіспіз», деді бас бапкер. Еуропа чемпионаттарының тарихында бұған дейін мұндай дерек тіркелген жоқ. Диого Кошта 1960 жылдан бері өткізіліп келе жатқан құрлық додасының пенальти сериясында барлық соққыны қайтарған алғашқы қақпашы атанды. Ширек финалда Португалия құрамасы Франция футболшыларына қарсы алаңға шығады.
03 шілде 2024 ж. 195 0