Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерғали ерледі

Ерғали ерледі

Будапештте күрес түрлерінен Мажарстанның мақтан тұтар перзенттері – Имре мен Варга Яношты еске түсіруге арналған халықаралық турнирдің алғашқы күні Қазақстан құрамасының қоржынына үш жүлде түсті.

Ерғали ерледі

Жарысты еркін күрес шебер­лері бастады. Жанкүйерлер 97 кг салмақ дәрежесіндегі бәсекелерді тағатсыздана күтті. Себебі бұл салмақта қазақтың екі бірдей танымал балуандары бақ сынады. Біріншісі – Азия чемпионатының төрт дүркін жүлдегері Ерғали Әлішер, екіншісі – ел тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан. Екеуі биыл Қазақстан чемпионатының финалында күресіп, бұл айқаста алғашқысы жеңіске жетті. Сонымен қатар, Әлішер Бішкекте өткен құрлық біріншілігінде Олимпия ойын­дарының лицензиясына иелік етті. Мажарстандағы турнир осы қос саңлақтың қайсысы мықты екенін анықтаушы еді. Бірақ бұл жолы Алаштың қос апайтөсінің жолдары қиыспады. Ризабек жартылай финалда Әзербайжанның туы астында өнер көрсетіп жүрген әлем чемпионатының екі дүркін жүл­дегері, Еуропа чемпионы, дағыс­тандық Магомедхан Маго­медов­тен 7:15 есебімен жеңілді. Әлішер болса, ирандық Абдолфазл Баба­лоодан басым түсті – 3:2.
Финалда Магомедов бозкі­лемге шығудан бас тартып, бас жүлдені Әлішер Ерғали олжа­лады. Ал Ризабек Айтмұхан үшін­ші орын үшін белдесуде әлем чемпионатының күміс және Әлем кубогі мен Еуропа біріншілігінің қола жүл­дегері, словакиялық ­Ба­тыр­­бек Ца­ку­ловты жолынан ығыс­ты­рып, қола медальді еншіледі – 3:2.
Аса ауыр салмақтағы Юсуп Ба­тырмұрзаев Африканың төрт  дүркін чемпионы, мысырлық Камал Әбделмоталеба (6:1) мен Рио Олимпиадасының қола және Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, үш дүркін әлем, екі дүр­кін Еуропа чемпионы, екі дүр­кін Әлем кубогінің жеңім­пазы, грузиялық Гено Петриаш­вили­ден (4:2) айласын асырды. Бірақ финалда ол Мэйсон Марк Пэр­ристен ұтылып, күміс медальды қанағат тұтты.
Кеше 86 кг салмақтағы Аза­мат Дәулетбеков бозкілемге шық­ты. Тұсаукесер кездесуінде ол Олим­пиада мен әлем чемпионаты­ның, Еуропа ойындарының қола жүлдегері, құрлық чемпионы, ал­баниялық Майлз Аминмен ай­қасты. Алдағы күндері біз әйел­дер күресінен Эмма Тисина мен Марина Седнева (55 кг), Диана Каюмова мен Ирина Кузнецова (59 кг), Ирина Казюлина (65 кг), Жәмила Бақбергенова мен Гүл­марал Ерке­баеваның (72 кг) және грек-рим күресінен Ай­дос Сұлтанғали (60 кг), Демеу Жады­раев (77 кг), Нұрсұлтан Тұрсы­нов пен Шәміл Ожаев (86 кг), Әлім­хан Сыздықов (130 кг) сынды саңлақтардың өнерін тамашалаймыз.
08 маусым 2024 ж. 118 0