Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еуразия кіндігінде айқасады

Еуразия кіндігінде айқасады

4 мамырда Ресейдің Челябі қаласында аралас жекпе-жектен RCC турнирі өтеді. Сол кештің басты бәсекесінде жергілікті спортшы Александр «Шторм» Шлеменко мен Қуат «Найман» Хамитов күш сынасады. Бұған дейін бұл айқас Санкт-Петербургте, одан кейін Мәскеуде ұйымдастырылады деп жарияланған еді. Бірақ түрлі себептерге байланысты ол кейінге шегерілді. Міне, енді аталған жекпе-жек Еуропа мен Азияның дәл кіндігінде орналасқан шаһарда өтетін болып белгіленді.

Еуразия кіндігінде айқасады

Жасы 40-қа таяп қалса да, әлі де жас­тарды «жапырып» жүрген Александр Шлеменконың есімін естімеген жанкүйер жоқ-ау, сірә! Омбының тумасы спортттық мансабын 2004 жылы бастады. 20 жыл уақыт аралығында 78 рет айқас алаңына шығып, 62 мәрте мерейі үстем болды. 32 кездесуде қарсыласын есінен тандырды. 15 рет ұтылып, бір бәсекеде тең есеп тіркелді. Ресейдің жекпе-жек шеберлері арасында «Штормның» есімі даңқы жер жарған Федор «Соңғы император» Емельяненкомен қатар аталады.
Александр әр жылдары Венер «Баш­құрт» Галиев, Роберт «Бубба» Макдэниел, Брайан Роджерс, Витор Вианна, Майкел «Big Rig» Фалкан, Ясуби Энамото, Мел­вин «Аяусыз» Манхуфф, Алекс «Ковбой» Оливейра және тағы басқа саңлақ­тарды сабады. Сондай-ақ Роналдо «Жакара» Соуза, Эктор Ломбард, Тито «Жаман жігіт» Ортис, Гегард «Ассаин» Мусаси және Магомед «Жыртқыш таз» Исмаиловқа есе жіберді. Әрине, ондай атақтары алысқа жайылған жампоздардан ұтылу Шлеменконың беделіне еш нұқсан келтірмегені анық.
Орта салмақтағы Омбының оғланы 2010 және 2011 жылдары Bellator промоу­шенінің Гран-при турнирінде екі рет топ жарды. 2013-2014 жылдар аралығында сол ұйымның чемпиондық атағын иеленді. Александр Шлеменко басқа да белді промоушендерде күш сынасып, талай рет алтын белбеуді беліне тақты.
Ал қазақтың ерке ұлы Қуат – ешкімнен қаймықпайтын нағыз жаужүректің өзі. Данияр Қасқарауов жетекшілік ететін «Алаш Прайд» клубында қанаттанған «Найманның» әмбебаптығы соншалық, ол октагонда төбелесіп қана қоймай, кино мен жарнамаға түседі, «разборкаларға» барады, ән салады, ара-тұра саясатқа да араласады. Қуаттың басқа да көпшілік біле бермейтін жақсы қырлары көп. Қашанда халықтың жоғын жоқтап, шындық үшін шырылдап жүретін қазақтың өр мінезді өрені бұл айқасқа «бес қаруын асынып» аттанатыны анық. Себебі Александр Шлеменконы ұту оңай болмайды. Челя­бідегі жекпе-жекте біз Хамитовқа сәттілік тілейміз.
13 наурыз 2024 ж. 154 0