"Альваресті біржолата жеңгім келеді". Головкиннің АҚШ-та берген сұхбаты мен фотосессиясы жарияланды
WBC, WBA, IBF, IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин америкалық Haute Living люкс журналының мұқабасына шықты, деп хабарлады Vesti.kz.
Танымал басылым боксшының эксклюзивті сұхбатын жариялады. Журналдың редакциясы қазақстандық боксшыны "сабырлы, бірақ ең қауіпті", деп атады.
"Мен кәсіби спортшымын. Шоумен немесе клоун емеспін. Мен үшін бокс ең бірінші кезекте - ол спорт. Содан кейін ғана бизнес. Мен көне мектеп менталитетін ұстанамын.
Альварес зарарлы етті жеді дегенге сене алмаймын. Біздің командадағылардың қатты көңілі қалды. Мен дайындалдым, ынтамен жаттықтым. Мен үшін Альварес - "фальшивка".
Онымен өткізген бірінші жекпе-жек өте қызықты болды. Мен "Канелоны", оның стилін білемін. Ол - Мексикадан шыққан супержұлдыз. Бірақ мен - чемпионмын, ал ол - номер екінші. Альваресті біржолата жеңгім келеді. Үздік екенімді білемін. Соны халыққа көрсеткім келеді. Мұра? Мен - нағыз чемпионмын. Мені сол үшін де барлығы есте сақтайды деп ойлаймын", - деді Головкин сұхбатында.
Сонымен қатар, журнал Головкинмен фотосессия ұйымдастырды. Еске сала кетейік, Головкин биыл 5 мамырда Альвареспен реванш өткізуі тиіс болатын. Алайда мексикалық боксшы допинг-тесттен өте алмай қалды. NSAC Альваресті уақытша шеттетті. Бірінші жекпе-жекте екеуі тең түскен болатын. Альварестің орнына америкалық Ванес Мартиросян шығып, GGG оны екінші раундта нокаутқа түсірді.
Kaz.tengrinews.kz