ФИФА президенті сайланды
Руанда астанасы Кигалиде өткен 73-ші Халықаралық футбол қауымдастықтарының (ФИФА) конгресіне Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, бас хатшысы Олжас Абраев және халықаралық департамент директоры Аян Әлжанов қатысты.
Конгрестің күн тәртібінде 2022 жылдың қорытындысы мен қаржылық есебі қабылданып, 2024 жылдың бюджеті бекітіліп, 2023-2025 жылдарға аудиторлар тағайындалды.
Қазақстандық делегация Конгресте өзге ұлттық қауымдастықтармен ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыру бойынша бірқатар маңызды кездесу өткізді.
ФИФА президентін сайлау жиынның ең маңызды бөлігінің бірі болды. Джанни Инфантино 2027 жылға дейін ұйымның басшысы лауазымына қайта сайланды.
ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов Джанни Инфантиноны жаңа мерзімге қайта сайлануымен құттықтап, әлемде футболды дамыту жолында табыс тіледі.
Келесі ФИФА конгресі 2024 жылдың 17 мамырына жоспарланған. Өтетін жері кейінірек белгілі болады.