Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Футбол: Премьер-лиганың 5-тур ойындарына шолу

Футбол: Премьер-лиганың 5-тур ойындарына шолу


Baq.kz ақпарат агенттігінің футболдан Қазақстан Премьер-лига ойындарына шолуын ұсынамыз. Бұл тур «Астананың» ұпай жоғалтуымен, «Ордабасының» сенсациялық жеңілісімен, «Қызылжардың» тұңғыш жеңісімен және «Тобылдың» турнир кестесінде екінші орынға көтерілгенімен есте қалды. Бүгін осы және басқа да қызықты мәліметтері туралы сөз қозғайды Baq.kz агенттігі.
«Қызылжар» – «Жетісу» 1:0 (1:0) Гол: Братислав Пуношевац 26 (1:0).
Премьер-лигаға араға 9 жыл салып қайта оралған Петропавл қаласының «Қызылжар» командасы алғашқы жеңісіне және алғашқы үш ұпайына қол жеткізді. «Қызылжар» өз алаңында талдықорғанның «Жетісу» командасын қабылдап, Братислав Пуношевацтың соққан жалғыз голының арқасында жеңіске жетті.
«Астана» – «Қайрат» 1:1. Гол: Бақтиер Зайнутдинов 52 (1:0), Андрей Аршавин 71 (1:1)
Жасыратын жоқ, 5-турдың орталық ойын осы екі команда арасында өтті. Тартысты ойынға «Астана» да, «Қайрат» та жеңіс үшін тас түйін дайын келген еді. Өткен турда «Астана» сырт алаңда «Ертіс» клубын 6:1 есебімен жеңген болса, «Қайрат» өз алаңында «Ақжайық» командасына жауапсыз үш гол соққан еді. Суперкубок ойынында елордалықтар алматылық қонақтарды 3:0 есебімен жеңген еді. Араға ай салып, екі ұжым қайта кездесіп, терезесі тең ойын көрсетті. Сөйтіп «Астана» бірінші рет ұпай жоғалтса, «Қайрат» екінші рет тең ойнады.
«Ақжайық» – «Ордабасы» 4:1 (3:1). Голдар: Иван Антипов 13 (1:0), Еркебұлан Нұрғалиев 17 (2:0), Тимур Досмағамбетов 38 (2:1), Хабиб Эсеола Адеринсола 44 (3:1), Адеринсола Хабиб Эсеола 78 (4:1)
Турнир кестесінде «Астанамен» бірге топ бастап келе жатқан «Ордабасының» осы турда көш бастайтын тамаша мүмкіндігі болған. Бірақ Шымкенттің командасы «Астананың» «Қайратпен» тең ойнағанын тиімді пайдалана алмағаны былай тұрсын, сырт алаңда «Ақжайықтан» ірі есеппен жеңіліп қалды. Ал «Ақжайық» командасы биыл өз алаңында екінші рет жеңіске жетті. Үшінші турда «Ертіс» клубын жеңсе, бұл турда «Ордабасы» командасын ұпайсыз қалдырды. Осы жеңістен соң «Ақжайық» 7 ұпаймен алтыншы орынға көтеріліп алды.
«Ақтөбе» – «Тобыл» 0:1 (0:1). Гол: Антон Шиндер 6 (0:1)
«Астана» мен «Қайрат» ұпай бөлісіп, «Ордабасы» жеңілгенін қостанайдың «Тобылы» тиімді пайдаланып кетті. Сырт алаңда «Ақтөбені» 0:1 есебімен жеңген Владимир Никитенко шəкірттері 12 ұпаймен турнир кестесінің екінші сатысына көтерілді. Өткен турда «Атырау» қақпасына 2 гол соққан Антон Шиндер біріншіліктегі кезекті голына қол жеткізді. Украиналық қорғаушы қазір мергендер қатарында жүр.
«Қайсар» – «Ертіс» 0:0 (0:0).
Чемпионат басталғалы бері жеңіс не екенін білмей келе жатқан «Қайсар» клубы бұл жолы тең ойнады. Өз алаңында павлодардың «Ертіс» командасын қабылдаған қызылордалықтар біріншіліктегі екінші тең ойынына қол жеткізді. Өткен турда «Астанадан» ірі есеппен жеңілген соң «Ертіс» әлі өз бабына келе қоймаған сияқты. Тіпті, бұл ойында гол соғуға да шамалары жетпеді. Павлодардың командасы бұлай ұпай жоғалта берсе, биыл үздік үштікке енбей қалатын түрі бар.
«Атырау» – «Шахтер» 0:0 (0:0)
Жеңілістен көз ашпай келе жатқан «Атырау» осы тур алдында Вахид Масудовты отставкаға жіберіп, команда тізгінін молдовалық Адриану Сосновско ұстаған болатын. Жаңа бапкер қол астында «Атырау» жеңіске жетуді көздеген болатын. Дегенмен турнир кестесінде бесінші орында келе жатқан «Шахтер» командасымен тең ойнап, ұпай бөліскеннің өзі мұнайлы өлкенің футболшылары үшін жеңіспен пара-пар. Бір қызығы, «Атыраудың» тең ойынынан кейін, премьер-лигада ұпай иеленбеген команда қалмады.
5-турдың статистикалық нәтижелері:
Бесінші турдың алты ойынын тамашалауға – 22 300 көрермен келді. Үшінші турда 20 100 жанкүйер келген-ді. Ең көп жанкүйер «Астана» – «Қайрат» матчында жиналды. 12 000 жанкүйер. Ал ең аз жанкүйер «Ақтөбе» – «Тобыл» ойынына келді. 900 адам.
Бесінші турдың алты ойынында – 9 гол соғылды. Ең көп гол «Ақжайық» – «Ордабасы» матчында соғылды. 5 гол. Ал «Қайсар» – «Ертіс» және «Атырау» – «Шахтер» ойынында гол соғылмады. Әр ойында орташа есеппен 1,5 гол соғылды. Бір гол 11 метрлік айып соққысынан соғылды.
Бесінші турдың алты ойынында футболшыларға – 24 сары қағаз көрсетілді. Ең көп сары қағазды – «Қайрат» клубының футболшыларына берілді. 4 сары қағаз.
Бесінші турдан кейін премьер-лигада қызыл қағаз алған бірінші футболшы тіркелді. Ол – Спахия Хрвое («Ордабасы»)
Бесінші турдан кейін «Атырау» командасы бір ұпай иеленіп, премьер-лигада ұпай алмаған команда қалмады.
Бесінші турдан кейін Бақтиер Зайнутдинов («Астана») 4 гол голмен сұрмергендер көшін бастады.
Бесінші турдың кестесі:
21.04. 2018
«Жетісу» – «Ертіс»
«Қайрат» – «Қайсар»
«Қызылжар» – «Атырау»
«Ордабасы» – «Астана»
«Тобыл» – «Ақжайық»
«Шахтер» – «Ақтөбе».

Baq.kz

17 сәуір 2018 ж. 1 078 0