Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел құрамасы кикбоксингтен Әлем чемпионатында 6 алтын иеленді

Ел құрамасы кикбоксингтен Әлем чемпионатында 6 алтын иеленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Италияның Лидо-ди-Йезоло қаласында кикбоксингтен ересектер арасындағы Әлем чемпионатынан ел құрамасының қанжығасы майланып оралды. Қазақстан құрамасы бұл сында 6 алтын, 1 күміс пен 10 қола медаль жеңіп алды.

Атап айтатын болсақ, Дінмұхаммед Баймұратов, Ерлан Шағбан, Мақсат Үсіп, Фазледдин Сафаров, Нұрсұлтан Жұмабаев, Нұрдәулет Қалшора алтыннан алқа тақты. Ал Азамат Өтемісов күміс жүлдегер атанды.
Қола жүлдегерлер – Серікбол Ермеков, Батырхан Қуандықов, Ариза Сманова, Дулат Дүйсенов, Жандос Назарбеков, Шыңғысхан Тлемісов, Берік Халықов, Бибарыс Сауханбек, Әділ Мырзағали, Дидар Төлебаев.
Осыған орай, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова кикбоксингтен Әлем чемпионатында 17 медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасын құттықтады.
Сіздер бүгінде қарқынды дамып келе жатқан аралас жекпе-жек өнерімен кәсіби түрде шұғылданудың арқасында Апенин түбегінде жүлдегер атанып, шеберліктеріңізді паш еттіңіздер. Қазіргі таңда кикбоксинг бұқаралық сипат алып, әлем бойынша қарқынды дамып келе жатқан спорт түрінің бірі саналады. Сіздердің осы жетістіктеріңіз қатарластарыңыз бен жастарды жігерлендіріп, танымалдығын арттыруға үлесін қоса берсін, - деп жазылған министрдің құттықтау хатында.
Айта кететін жайт, Апенин түбегіндегі бәсекеге 65 мемлекеттен келген 1600-ге жуық спортшы бақ сынасқан болатын.
24 қазан 2021 ж. 405 0