Қазақстан құрамасы бірінші орынмен плей-офф кезеңіне шықты
Литвада өтіп жатқан футзалдан әлем чемпионатының топтық кезеңінде Қазақстан ұлттық құрамасы Венесуэламен тең ойнады. Бұл екі команда үшін де «А» тобындағы соңғы матч болды. Екеуі де плей-оффқа мерзімінен бұрын шығып қойған еді. Тек кімнің бірінші және екінші орынмен шығатынын анықтау қажет болды. Кездесу 1: 1 есебімен аяқталды. Бесінші минутта Дуглас есеп ашты. Матчтың соңғы секундтарында Венесуэла Видаль соққан голдың арқасында есепті теңестіріп кетті. Осылайша, Қазақстан құрамасы плей-офф кезеңіне бірінші орынмен шықты. Кака шәкірттері гол айырмашылығы бойынша Венесуэланы басып озды. Матч аяқталған соң футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Кака Венесуэламен болған ойын (1:1) туралы пікір білдірді. «Тапсырма орындалды. Біз бірінші болғымыз келді және сол мақсатқа жету үшін жеткілікті күш жұмсалды. Әрине, біздің қақпамыздың маңында қауіпті сәттер болды. Бірақ ойынның барысын өзгерте алатын керемет мүмкіндіктеріміз болған еді. Біздің команда ең жақсы матчын өткізді деп айта алмаймын. Ал қарсылас керісінше, осы үш ойында өзінің ең жақсы матчын өткізді. Біз қорытынды жасап, бүгін жіберілген қателерді түзетеміз. Бізде плей-офф кезеңіне дайындалуға бес күн бар. Келесі кезеңде ұтсаң қаласың, жеңілсең ұшасың. Біз бір тапсырманы орындадық. Енді әр матч финал ретінде ойналуы керек», - деді Рикардо Кака. Сонымен қатар Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Біржан Оразов та ойын туралы айта кетті. «Ойын өте қиын болды. Бұл біздің топтағы ең мықты қарсыластардың бірі болды. Бізге бірінші кезекте плей-оффқа шығу міндеті қойылды және біз бұл тапсырманы орындадық. Біз оларды жаттықтырушылар штабымен бірге талдадық. Ойын бойы бізде шабуылдар көбірек болды. Бірақ соңғы минуттарда гол жіберіп алдық. Иә, есеп 1:1. Бірақ біз топтан бірінші орынмен шығып, басты мақсатымызды орындадық», - деді Оразов. Ұлттық құраманың келесі кезеңдегі қарсыласы әлі анықталған жоқ. Ермұхамед Мәулен