Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бас жүлде алған Бақберген

Бас жүлде алған Бақберген


Алақандай ауылдың баласы Азия чемпионы атанды. Сүйіншілі хабарға өңір халқы ғана емес, тұтастай еліміз ерекше қуанғанын көрдік. Жалпы, тамыз айының 20-31 аралығында 2003-2004 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында Біріккен Араб Әмірліктері астанасы Дубай қаласында бокстан турнир өтті. Байрақты бәсекеге 17 мемлекеттен 137-ге жуық боксшы қатысқан.
Жас спортшы Бақберген Бауыржанұлы Шиелі ауданы, Ы.Жақаев ауылында 2003 жылы дүиеге келген. Ол жастайынан №9 Шиелі спорт мектебінің жаттықтырушысы Рақымжан Мекебаевтың қолында тәрбиеленіп, бокс спортының әдіс-тәсілдерін меңгереді. Кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Толқын» спорт кешенінде жаттығады. Нәтижесінде, Дубайда өткен Азия чемпионатында, 75 келі салмақта өнер көрсетіп, бас жүлде иегері атанды. Әуелі Өзбек елінің спортшысын 5:0 есебімен тізе бүктірсе, Индиялық қарсыласын 4:1 есебімен ойсырата жеңген. Ақтық бәсекеде Иран боксышысын 4:1 есебімен жеңіп, алтыннан алқа тақты. Осылайша, әлемдік бәсеке төрінде Қазақстанның көк Туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалды.
Шиелілік Бақбергеннің спорттағы ептілігін бапкерлері жоғары бағалайды. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар жаттықтырушы Талғат Ерғазыұлы шәкіртінің әлі талай шыңды бағындыратынына сенеді.
– Бұл сайысқа елімізден үш спортшыны алып бардық. Бірақ, шәкіртім финалда да артқан сенімді ақтай білді. Баланың бойына бапкер болып сіңірген тәлімімнің жемісін көргенде бір марқайып қалдым. Бұйыртса, бұл алдағы жеңіске деген ұмтылыстың басы ғана. Болашақта кәсіби маман боларына сенемін, – дейді жаттықтырушысы.
Бүгінде Бақберген «Еуразия» ұлттық университетінің студенті. Ол Қазақстан Республикасының чемпионы атанған. Сонымен қатар, Сидней Олимпиадасының жүлдегері Мұхтархан Ділдабеков атындағы халықаралық турнирдің жүлдегері. Сондай-ақ, елімізде жас­тар арасында 4 жылда бір келетін Қазақстан Республикалық турнирлердің жеңімпазы.
– Барлық баланың арманы Головкин секілді боксшы болу, мен де сол қатарданмын. Генаның стилінде бокстасқым келеді. Қамшыбек Қоңқабаевтың жекпе-жектерін көбірек көріп, өзіме керек әдістерін үйреніп жүрмін. Жаттығудан бір сәтке болса да қол үзуге болмайды, барлық режимді сақтауға тырысамын, – деді чемпион. Иә, көзінде от ойнап тұрған жастың жігері де жалындап тұр. Біз сенім артқан үмітті ақтайтыны да ақиқат.

Шапағат Тілеубаев
03 қыркүйек 2021 ж. 549 0