Футболшы болуды неге армандамайды?
Футбол деген ойынды қалай түсінеміз? Мақсат, бағыты қайда жатыр? Футбол жалпы қандай ойын? Бұл бұрыннан келе жатқан және осы замандағы ең үздік спорт түрі деп айтсақ қателеспейміз. Футбол – миллиондаған адамдардың жүрегін жаулап алды. Көптеген талантты, еңбекқор адамдардың арасынан, осы домалақ допқа икемі бар адамдар саптың ішінен сытылып шығып, әлемге әйгілі футболшылар қатарына енді. Оларды теледидар, ғаламтордан көрген балалар ішінен өзіне ұнайтын ойыншыларды таңдап, соларға еліктеп жүр. Бұл жағдай әр балаға, яғни футбол жанкүйерлеріне таныс жағдай емес пе?
Енді өзіміздің елдегі футболға көз жүгірте өтсек, бұл спорт ойыны біздің елде де бұрыннан бар. Ол сонау 1911 жылы Семейде жергілікті қазақ және татар жастарының арасынан құрылған «Жарыс» командасынан бастау алған деректі келтіре кетейік. Яғни, еліміздегі футбол ойынының негізін қалаған аталған командада Мұхтар Әуезов те бар. Міне, сол уақыттан бері біздің елде футбол ойыны жалғасып, енді қазіргі технологиялар дамыған заманда қанатын кең жаюда. Бірақ, сөздің шыны керек, біз футбол ойынынан өзге елдерге есе жіберіп келеміз. Бұның себебі неде?
«Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Спорт – адам денсаулығын нығайтып, өмірін ұзартатын, көңілін көтеретін, ерекше әсер қалдыратын процесс. Дене шынықтырумен жастайынан айналысса, ол баланың өмірге деген көзқарасы өзгереді. Сонымен қатар, жаман қылықтардан аулақ болады. Яғни, темекі, ішімдікке құмартпайды. Дені сау, мықты ұрпақ өсуі үшін оларды спортқа баулу керек. Алайда, спорттың сан түрі бар. Тек өскенде футболист боламын деген бала арманды ести бермейміз қазір. Неге?
Футбол – көп мөлшерде қаржыны қажет ететін ойын. Байқасаңыздар елімізде футбол клубтарының командалық бюджеті төмен. Тәжірибелі ойыншылар жоқтың қасы. Себебі, білікті бапкерлер аз. Қазақ футболын кері тартып тұрған тағы бір жәйт – алаңдардың жеткіліксіздігі. Қазақстан жыл сайын оқу-жаттығуларын Ресей, Түркия елдерінде өткізеді. Санауға саусақ жетпейтін кемшіліктерді тізе берсек, таланатты ойыншы шет елдерден алдыратынымызды айтпай кете алмаспыз.
Түйіткілдің түйінін тарқатайық. Шебер ойыншыларды шыңдауға шындап кірісетін кез жеткен сыңайлы. Себебі, «мен болашақта атақты Пеле, Месси, Рональдо сияқты футболист боламын» деген баланың арманын ата-ана су сепкендей басып жүр. Өйткені, қазақ футболынан көрермендердің көңілі қалған. Тіпті, 19 миллион халықтың тек 5 миллионға жуығы ғана футболдың жанкүйерлері екен. Ал, кейбірі футбол ойынын еріккеннің ермегіне балап жүр.
Шешім біреу. Ең әуелі ауылда доп қуалап жүрген қара домалақтарды футбол үйірмесіне тарту. Балаларды жастайынан кәсіби түрде баулу. Спорттың бұл түрі көп қолдауды қажет ететіні сөзсіз. Бірақ, 30 жылда етек-жеңімізді жиып үлгердік. Ендігі жерде әлемдік бәсекеге қабілетті ел болудың жаңа үлгісін іздеуіміз керек.
Айбек Асанов