Қазақстан студентері Еуразия чемпионатында жеті медаль жеңіп алды
WorldSkills стандарттары бойынша өткен Еуразия чемпионатында Қазақстанның ұлттық құрамасы жеті медальға ие болды. Қазақстан колледждерінің үздік студенттерінен жасақталған команда 2 күміс, 5 қола медаль алды, деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметі.
WorldSkills стандарттары бойынша Еуразиялық чемпионат 7 маусым мен 23 шілде аралығында онлайн форматта өтті. Біздің студенттер Ресей, Қытай, Үндістан, Иран, Армения, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген құрдастарымен бәсекеге түсті.«Биыл Еуразиялық чемпионатты ұйымдастыруға қатысушы елдердің барлығы ат салысты. Олар алаңдар жасақтап, қатысушыларға қажетті құрал-жабдықтарды ұсынды. Еуразия чемпионатының мақсаты – кадрларды даярлауда ұлттық жүйелерді одан әрі кеңейту үшін жаңа дағдылар мен тәжірибе алмасу», – деп атап өтті ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.
Ұлттық құрама Еуразия чемпионатына 9 құзыреттілік бойынша қатысты. Нәтижесінде қазақстандық студенттер «Электромонтаждау жұмыстары», «Графикалық дизайн», «Шаштараз өнері», «Сылау және декоративтік жұмыстар», «Бизнеске арналған бағдарламалық шешімдер», «Кондитерлік іс» және «Сән технологиялары» сынды 7 бағыт бойынша жүлделі орындарға ие болды, - деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметі. Ұлттық құраманың Еуразия чемпионатына қатысуы WorldSkills халықаралық қозғалысын дамыту және ілгерілету бойынша тәжірибе алмасуға ықпал етеді. Сондай-ақ кадрларды даярлаудағы әлемдік трендтерді зерделеуге, отандық техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін артыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, WorldSkills халықаралық қозғалысының мақсаты – жұмысшы мамандықтарды дәріптеу және кадрларды кәсіби даярлаудың стандарттарын арттыру. Қазақстан WorldSkills қозғалысына 2014 жылы қосылды. Содан бері ұлттық құрама халықаралық жарыстарға белсене қатысып жатыр. Жеті жыл ішінде Қазақстан 50-ші орыннан 14-ші орынға көтеріліп, халықаралық рейтингтегі орнын нығайтты.
https://baq.kz