ФУТБОЛДА НЕ ЖАҢАЛЫҚ?
Англяның алтыншы дивизионында ойнайтын «Хемел Хемпстед Таун» мен «Ист Таррока» араларындағы матч кезінде қызық оқиға орын алды. Ойын кезінде Санчез Уотт алаңнан қуылған. Футболшының жейдесінде нөмір жазылмағандықтан төреші ескерту жасау үшін одан фамилиясын сұрауға мәжбүр болған. Уотттың жауабын келеке етіп тұр деп қабылдаған төреші, оған бірден қызыл қағаз көрсетеді. 27 жастағы ойыншының фамилиясы «What?» деген ағылшын сөзі (Аударғанда «Не?» деген сөз) секілді естіледі. Кейінірек «Хемел Хемпстед Таун» арбитрдің шешімімен келіспей, футболшы біраздан соң алаңға қайта оралған. Матч Уоттың командасының 2:0 есебімен жеңісімен аяқталған, ал ойыншының өзі бір доп салған. Уотт 1998-2013 жылдар аралығында лондондық «Арсенал» қатарында болады, алайда ересектер командасы сапында бірде бір кездесуге шықпаған.
***
Ағылшын премьер-лигасындағы «Лестер» командасының және Алжир құрамасының жартылай қорғаушысы Рияд Марез 27 жасында кәсіби мансабын аяқтайтынын жариялады.
«Көптеген дәрігерлермен өткізген кеңестен кейін мен спорттық мансабымды аяқтаймын деп шештім. Менің мансабым соңына тақап қалғандықтан әрине, әлі де ойнағым келеді. Менімен жұмыс істеген және мені қолдаған адамдарға алғыс айтамын. Сіздер менің әркез жүрегімдесіздер» деп жазған еді Марез Фейсбуктағы ресми парақшасында.
Бұл ақпаратты «Лестер» және ойыншының өзі ресми түрде растамады. Көптеген әлеуметтік желі қолданушылары футболшының парақшасының бұзылғанына таңғалыс білдірген. Қыста футболшыны «Манчестер Сити» қатарына қосқысы келген, бірақ бұл трансфер орын алмады. Жартылай қорғаушы «Лестер» сапында 2014 жылдан бері ойнап келе жатыр. 2015/16 жылғы маусымның қорытындысы бойынша «Лестер» ағылшын чемпионатын жеңіп алып, алжирлік ойыншы үздік ойыншы атағын жеңіп алған. Осы маусымда футболшы «Лестер» сапында 31 ойын өткізіп, 10 гол салған. Ал Алжир ұлттық құрамасы қатарында 35 матчқа шығып, 8 гол соққан.
***
Футбол қауымдастығы допингке қарсы тәртіпті бұзғаны үшін ағылшындық «Вест Хэм» клубына жаза тағайындады. Sky Sports дерегі бойынша клубқа 30 мың фунт айыппұл салынған. Клуб өз ойыншыларының тұрғылықты жері туралы деректі дұрыс жария етпегеннен кейін жазаға «ие болды». Клуб 12 ай ішінде 3 рет ереже аясына сыймайтын әрекет жасаған. Премьер-лиганың 29 турынан кейін клуб 30 ұпаймен 12-орында келе жатыр. 2017 жылдың ақпан айында аталған қауымдастық допингке қарсы ережені бұзған үшін «Манчестер Ситиге» де 35 мың фунт айыппұл салған еді.
***
Швециялық шабуылшы Златан Ибрагимович маусым аяқталғаннан соң «Манчестер Юнайтед» сапынан кетуі мүмкін. Бұл туралы клубтың бас бапкері Жозе Моуриньо айтқан.
–Біз бәріміз бұл Златанның «МЮ»-дегі соңғы маусымы деп ойлаймыз. Әрі қарай ойнау немесе мансабын аяқтау – футболшының жеке шешімі. Оның мансабына, тамаша ойынына ешкім күмән келтірмейді. Бірақ байқаусызда алған жарақаты ғажап ойынына аздап кедергі келтірді. Жақын арада бәрін реттеп, қатарға қосылады деп үміттенемін, – деді бас бапкер.
Ибрагимович былтырғы маусымда ағылшын чемпионатында 28 ойында 17 гол соқты. Бірақ көктемде ауыр жарақат алып, қатардан шығып қалған. 36 жастағы ойыншы қазір спорттық бабына келіп үлгергеніне қарамастан әлі бірде бір матчқа шыққан жоқ. Футболшының келісім-шарты осы жылдың маусымына дейін есептелген.
Абай АЙМАҒАМБЕТ