«Шахтер» Режиналдоны командада алып қалуға тырысқан
«Шахтер» футбол клубы шабуылшы Режиналдоны командада алып қалуға тырысып, жаңа келісімшарт ұсынған, деп жазады Prosports.kz.
Қарағандылық клуб ойыншыны алып қалуға қанша тырысқанымен, Мозамбик елінің өкілі «Қайсар» жейдесін киюді жөн деп тауыпты. Бұған себеп қызылордалық клубтың Еуропа лигасына қатысатынында болса керек.
Бізге белгілі болуынша, қарағандылықтар Режиналдоға келісімшартты ұзарту жөнінде нақты ұсыныс жасаған. Тіпті Түркияда өтетін алғашқы оқу-жаттығу жиынына баратын билетін де сатып алып қойған.
Алайда шабуылшы алған бетінен қайтпай, «Қайсарға» ауысты. 2020 жылғы маусымда «қасқырлар» Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынайды. Олар кубок жеңімпазы ретінде турнирді екінші турдан бастайды.
Айта кетейік, бұған дейін «Шахтер» басшылығы қақпашы Игорь Шацкий мен шабуылшы Оралхан Өміртаевты да команда сапында сақтап қала алмағанын жазған едік.