ОЛИМПИАДАШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Галина ВИШНЕВСКАЯ, биатлоншы:
Кореяда күн суық екен
Шыны керек, Корея суық екен. Қазақстанда да ауа райы салқын екені белгілі. Бірақ біз жаттығуларымыздың басым бөлігін Еуропада өткізетінімізді білесіздер. Сол себепті, аздап қиындау боп жатыр. Комбинезонмен ғана жүре алмай қалдық. Өте салқын. Дегенмен Қазақстаннан болғанымыз «құтқарып» отыр. Бізде ауа райы әдетте осыған ұқсас. Өзім Семейденмін, біз жақта үнемі жел соғып тұрады. Қазір қабілет-қарымыма жақсы баға бере аламын. Нағыз нәтиже көрсету керек физикалық қалыптамын деп айта аламын. Психологиялық тұрғыдан аздап тынышым кетіп жүргені рас. Өйткені жанымда бапкерім жоқ. Бірақ қасымда жүрмесе де қолдауын сездіруге тырысады.
Юлия ГАЛЫШЕВА, фристайлшы:
Қазір жақсы қалыптамыз
Олимпиада нағыз қызған кезімізге тап келіп отыр. Жыл сайын кезең басталғанда барлық жарыстарға тыңғылықты дайындаламыз. Төртжылдық бәсекесі – сол кезеңнің нақ ортасына келді. Демек, біз қазір жақсы қалыптамыз. Алдыңғы үш орындардың бірін иеленеміз деген жоспарымыз бар. Сол мақсатты орындау үшін жұмыс істейміз. Менің спортымнан, яғни фристайлдан фавориттер – Дмитрий Рейхерд пен Павел Колмаков. Шаңғы жарысынан Алексей Полтаринге үміт артылып отыр. Шынымды айтсам, өзгелердің жарысын көрмеймін. Сол себепті, олардың қарсыластары мен қарқыны жайлы білмеймін.
Роман Еремин, биатлоншы:
Олимпиададан мол тәжірибе жинаймын
Олимпиадаға алғаш рет қатысқалы отырмын. Сондықтан бірінші кезекте өзіме қажет тәжірибе жинау маңызды. Осылайша, келешек Олимпиадамда жағдайдың мән-жайын жақсырақ түсіне алар едім. Оған қоса, нәтижеден бұрын жарыс жолы туралы көбірек ойлағым келеді. Яғни, өзіме көңілім толатындай жарыс көрсеткенді қалаймын. Мысалы, жақсы жүріс немесе нысанаға дөп тигізу дегендей.
Жанбота Алдабергенова, фристайлшы:
Нәтиже көрсететін кез келді
Кореяның Пеңчаңында осыған дейін жаттығу-жиынын өткізген едік. Сынақ түрінде 2017 жылы жарысқа қатыстық. Стандартқа сай екен, ұнаған еді. Содан бері ештеңе өзгермеді деп сенеміз. Сондай-ақ олимпиада алдындағы даярлық шараларын өткіздік. Енді нағыз нәтиже көрсететін кез келді.
Жадыра АҚҚАЙЫР