КӨПШІЛІККЕ ТҮСІНІКСІЗ КЕРЛИНГ
Ойындар бағдарламасында ерлер мен әйелдер арасындағы турнирлерден бөлек, аралас түрі де қосылды. Қазақстандықтар спорттың бұл түрінен лицензия ала алмады. Дегенмен жанкүйерлер мен оқырмандарға көпшілік үшін аты ғана таныс керлинг туралы аз-кем ақпарат бере кеткен жөн.
Бұл спорт Олимпиада бағдарламасына 1998 жылы қосылған. Кейде «мұз үстіндегі шахмат» деп те атайды. Негізі Канада, Швеция, Ұлыбритания, Швейцария сынды мемлекеттерде жақсы дамыған. Сонымен бірге, осы спорт турнирлерін тамашалауға құмар көрермендердің де рейтингі жоғары. Мәселен, Сочидегі ойындардағы америкалық NBC Sports телеарнасының трансляциясы кезінде керлинг көрушілер саны
5 миллионға жеткен. Бір айта кетерлігі, АҚШ спортшылары бұл спорттан көшбасшылар қатарында емес. Демек, көрермен жай ғана көргісі келеді. Керлингтің танымал болып келе жатқанын сатылған билеттер саны да дәлелдеп отыр. Қаңтар айының ортасында-ақ барлық билеттердің
78 пайызы сатылып кеткен.
Қазақстанның ерлер құрамасы алғашқы турнирін осыдан 14 жыл бұрын 4 желтоқсанда бастаған. Болгарияда өткен жарыста Грекия құрамасына қарсы ойнап, 13:8 есебімен жеңілген. Әйелдер құрамасы болса, осы жарысты ирландиялықтармен 12:8 деп аяқтап, есе жіберген. Ауыз толтырып айтар нәтиже аз. Дегенмен былтырғы Дүниежүзілік универсиададан соң қызығушылық оянғанға ұқсайды.
Жадыра АҚҚАЙЫР