Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Допты хоккейден әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы қатысады

Допты хоккейден әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы қатысады


Ресейдің Хабаровск қаласында 29 қаңтар - 4 ақпан аралығында өтетін допты хоккейден кезекті әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы да қатысады
«Ақжайық» спорт клубынан түскен мәліметке қарағанда, Қазақстан құрамасын биыл белгілі ресейлік маман Ильяс Хандаев жаттықтырады. Оған оралдық бапкер Николай Шавалдин көмектеседі. В тобында Қазақстан құрамасы 29 қаңтар күні беташар кездесуін «Ерофей» аренасында Венгрия құрамасымен өткізеді. Содан кейін 30 қаңтарда АҚШ, келесі күні Германия құрамасымен ойнайды. Егер өз тобында қазақстандықтар үздік шықса, онда күштілердің А тобында (Швеция, Ресей, Финляндия, Норвегия) соңғы, төртінші орынға ие болған командамен 2 ақпан күні ширек финалдық бәсекесін өткізеді. Онда жеңсе, жүлде үшін таласады. Айта кетейік, Қазақстан құрамасына допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығынан» команда капитаны, шабуылшы Максим Өтебалиев, қақпашы Нариман Такиров, жартылай қорғаушылар Сұлтан Қадыржанов, Андрей Гущин, Петр Грибанов сынды ойыншылар шақырылған болатын. Сонымен қатар дүниежүзілік додада ел намысын қазіргі кезде әр жақта жүрген Орал допты хоккейінің түлектері, шабуылшы Рауан Исалиев,  қорғаушы Денис Максименко, жартылай қорғаушылар Леонид Бедарев, Ескендір Нұғманов қорғайды. Бұған дейін әлем біріншілігінің алты мәрте қола жүлдегері атанған Қазақстан құрамасы үшін өткен жылғы дода сәтсіз болған еді. Швецияның Сандвикен қаласында өткен чемпионатта Қазақстан құрамасы ширек финалда өздерінің басты қарсыласы - Норвегия елінің өкілдерін 4:0 есебімен жеңіп тұрып, ұтылып қалған-ды. Сөйтіп үнемі жүлде үшін таласқа түсетін қазақстандықтар мұндай мүмкіндіктен айырылып қалған болатын. Биыл И.Хандаевтың шәкірттері сол олқылықтың орнын толтыру үшін күш салады.  
inform.kz
28 қаңтар 2018 ж. 1 191 0