Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚ-АМЕРИКАН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ЖАҢА БЕЛЕСКЕ КӨТЕРІЛЕДІ

ҚАЗАҚ-АМЕРИКАН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ЖАҢА БЕЛЕСКЕ КӨТЕРІЛЕДІ


Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған, алпауыт инвесторлардың келуіне себепкер болған мұхиттың арғы жағындағы алып мемлекет – АҚШ-тың егеменді ел тарихында алар орны ерекше. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Америка Құрама Штаттары – Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекеттер санатында әрі біздің республикамыздың дамуында айтарлықтай рөл атқарды», – деп қазақ-американ дипломатиясын жоғары бағалаған еді. Қаңтардың 16-18 күні аралығында Елбасының Америкаға кезекті ресми сапары өтеді. Сапар аясында Мемлекет басшысы АҚШ президенті Дональд Трамппен және америкалық ресми әрі іскер топ өкілдерімен кездеседі деп күтіліп отыр. Сондай-ақ ол БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысады. Ресми сапар қарсаңында біз 26 жылдық тарихы бар қазақ-американ дипломатиясындағы ең айшықты оқиғаларды еске түсіріп, өткен тарихқа қайта үңілуді жөн көрдік.

АҚШ-тың Орталық Азиядағы ең сенімді әріптесі

Қазақ-американ дипломатия­сы­ның бастауы сонау 1991 жылдың 17 желтоқсанына дөп келеді. Дәл сол күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джей­мс Бейкер Алматыда кездесу өт­кі­зеді. Бейкер жас мемлекеттің жаңа бас­шысымен кездесуін «тиімді әрі жемісті» деп бағалайды. 25 жел­тоқ­санда Америка Қазақстанның еге­мендігін мойындаса, ертесіне Пре­зидент Үлкен Джордж Буш тиіс­­ті құжатты мемлекет бас­шы­лы­ғына жібереді. 1992 жылы Ал­ма­­тыда АҚШ-тың елшілігі ашы­ла­ды.
1992 жылы Мемлекет басшысы ал­пауыт елге алғашқы ресми са­парын өткізді. Сапар аясында Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев Аме­рика президенті Үлкен Джордж Бушпен, мемлекеттік хат­шы Джеймс Бейкермен, сондай-ақ бірқатар министрлер, сенаторлар, кәсіпкерлермен жемісті кездесулер өткізіп, Қазақ елінің дамуына үлес қосатын жолдарды іздеді. Дәл сол тұста екіжақты байланыстардың болашақ бағыттары талқыланып, мығым қарым-қатынастың негізі қаланды.
АҚШ-қа жасалған бірінші рес­ми сапарды Қазақстанның тұң­ғыш Сыртқы істер министрі, Пре­зидент жанындағы мемлекеттік бас­қару академиясының про­фес­соры Төлеутай Сүлейменов еске ала отырып, сауда-экономикалық салаларға қатысты маңызды құ­жат­тарға қол қойылғанын айтады. Ардагер дипломаттың ай­туын­ша, қабылдау кезінде Аме­ри­ка пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қа­зақстан сияқты жас мемлекет туралы ешнәрсе білмейтінін ай­тып, ұлттық дәстүрді айшықтай­тын қандай да бір халық әнін орындап беруін сұрапты. Шыны керек, Ва­шингтондағы мемле­кет­тік депар­таменттің ғимаратына АҚШ-тың бұрынғы президенттері, мем­лекеттік ­хатшылары мен ми­нистр­лері, дип­ломатиялық корпус өкілдері жиналған екен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тосылып қал­май, бірден Абай Құнанбаевтың әнін шырқай бастаған. Бұл оқи­ға­ны жылы ықы­ласпен еске ала­тын Төлеутай Сү­лейменов: «Қазақтың көне дәс­түрлері мен мәдениеті қай­та жаң­ғырғандай болды. Ол ел­дің нағыз патриоты ретінде еш нәр­седен қорықпады. Ол бұдан бас тарта алар еді, бірақ оның отан­шылдық рухы мен ән шырқап, өз елімді, өз тарихымды паш етуім ке­­рек деп тұрды. Залда үлкен сер­піліс болды, жиналғандардың бәрі қол ша­палақтап, қошемет көр­сет­ті», – дейді.
Бұл тарихи кездесуде екі елдің бас­шылары жаңа қарым-қатынас­тардың көкжиегін ашты, «Қазақ­станның қауіпсіздігі Еуропа мен Азиядағы тұрақтылықтың басты ал­ғышарттары» екені айтылды. Бүгін­де еліміз Американың – Ор­талық Азиядағы ең сенімді әріптесі б­о­лып саналады. АҚШ-тың бас­шы­­лы­ғында кім отырса да, Қа­зақ­стан­ның әлемдегі жаппай қару­сыздану­ға қосқан сүбелі үлесін бақайшағы­на дейін қаруланып отыр­ған ел­дерге үлгі етеді. Есте­ріңіз­де болса, еліміз егемендік ал­­ған жылдары мем­лекет ен­ші­сінде 1150 дана ядро­лық зымыран қаруы болды. 1990 жылдардың бас кезінде Қа­зақстан ядролық арсе­налы жа­ғынан әлемде төртінші орынды иемденген еді. Бұған қы­зыға да, қызғана да қараған елдер табылды. Сарапшылардың пікірі де екіге жарылды: бірі – бұл қаруды қауіп­сіздікті сақтаудың ке­пілі деп білсе, енді бірі – оны қой­ма­ларда сақ­тау­дың қиындығы мен қаупін алға тарт­ты. Сондай-ақ бас­қа елдерге сес көрсететін за­ман­­ның өткенін еске салды. Мем­лекет басшысы­ның терең ой-пайым­дардан кейін­гі шешімі – Ядролық қаруды та­рат­пау жөнін­дегі келісімге Қа­­зақ­станның қо­сылуы еді. Сыртқы сая­­­саттағы бұл бағытты америка­лық тарап жоғары бағалап, жас мем­лекеттің бейбіт­сүйгіштік пози­циясын қолдады.
Осылайша, тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдары Қазақстандағы тұрақтылыққа сенген инвесторлар көптеп келе бастайды. Олардың қатарында «ғасыр келісімшарты» деп аталып кеткен америкалық алпауыт мұнай компанияларымен байланыс орнатылған кезеңдер де бар.
Мемлекет басшысының АҚШ-қа екінші ресми сапары Билл Клинтонның президент­тігі­мен тұспа-тұс келді. Бұл сапарда Қазақстан мен АҚШ арасындағы демократиялық әріптестік, Қа­зақстанның атом энергиясы жө­нін­дегі агенттігі мен АҚШ-тың ядро­лық реттеу комиссиясы ара­сын­дағы ядролық қауіпсіздікті сақ­тауға бағытталған келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ шетелдік жеке инвестицияларды тарту мә­селесі де айтылды.
Елбасының 1997 жылғы АҚШ-қа сапары кезінде тағы бір маңыз­ды құжат – Экономикалық әріп­тес­тік туралы хартияға қол қойыл­ды. Дәл сол тұста Қазақстан Ор­та­лық Азия елдері ішінде сауда және инвестициялық жобалар бойынша Американың геосаяси маңызды әріптесі ретінде жоғары бағаланды. Жыл өткен сайын алпауыт елдің Қа­зақстан мен Орталық Азиядағы мүдделері де арта түсті. Сондықтан елдегі тұрақтылық шетелдік инвес­тицияның қауіпсіздігімен де ұштасып кетті. Тарихқа тереңінен үңілсек, 1990 жылдары Қазақ­стан­ға инвесторларды тартудың өзі қиын еді. Ешкімге белгісіз мем­ле­кетте халықаралық стан­дарттарға сай Инвестицияларды қорғау, са­лық төлеу, жер қойнауын пайда­лану сияқты құқықтық база аты­мен жоқ еді. Көзсіз батырлар ғана бейтаныс елге қаржы құятын еді. Сөзсіз, бұл жерде Елбасының жеке кепіл­діктері мен сенімді сөздері инвесторларды Қазақстанға ерік­сіз жетеледі. Бүгінде Қазақстанда әлемнің алпауыт компаниялары­ның мүдделері тоғысып, ел эконо­ми­касының ілгері дамуына септі­гін тигізіп жатыр.
Әлемдегі тұрақтылыққа мүдделі ел

Расын айту керек, Қазақстан тәуел­сіздігінің алғашқы он жыл­ды­ғында мемлекет басшылығы көп­векторлы саясатты жақсы ұстан­ды. АҚШ-тан бөлек, алпауыт ел­дер – Ресей мен Қытайға да эко­номикалық һәм мәдени, білім беру бағыттары бойынша ашықтығын көрсетіп келді. Бұл мүмкіндікті, әсі­ресе, америкалық тарап жақсы пайдаланды. Елімізге америкалық сенаторлар, кәсіпкерлерден бөлек, білім алмасуға мүдделі студенттер де көптеп ағылды. 1999 жылғы Ел­басының Америкаға төртінші са­пары НАТО-ның мерейтойлық ке­зеңімен тұспа-тұс келді. Онда Орталық Азия мен Кавказ елдері бас­шылары америкалық тараппен кез­десіп, Жібек жолы декла­ра­ция­сына қол қойды. Клинтон мырза Қазақстанда жүргізіліп жатқан ре­формаларды жоғары бағалап, Ор­талық Азиядағы тұрақтылықты сақ­таудағы еліміздің маңызды қыз­метіне баса назар аудартты. Ал­ғаш рет екіжақты кездесулер ая­сы кеңейіп, көпжақты форматқа ұла­сып кетті. 2005 жылы Мемлекет бас­шысының алпауыт елге бесінші са­пары нәтижелі аяқталса, 2006 жыл­ғы Президенттің ресми сапа­рын сарапшылар «қазақ-американ стратегиялық байланыстары одан ары сәтті жалғасын табады» деген сеніммен сараптап жатты. АҚШ пре­зиденті Кіші Джордж Буш Қа­зақ­стан дамуын, жүргізіп отырған сая­сатын жоғары бағалады. Бұл са­пардың ерекшелігі, Американың бұрынғы басшысы Үлкен Джордж Буштың Нұрсұлтан Назарбаевты өз әулетіне қонаққа шақыруы еді. Бұл кездесуде қос басшы тек өткен күн­дерді ғана еске алып қоймай, Қа­зақстан мен жалпы қазақ-аме­рикан байланыстарының бола­ша­ғын сөз етті. Әрине, Үлкен Джордж Буш­тың қазақ басшысына деген ерек­ше құрметі мен ықыласы елеу­сіз қалмады. Әлем баспасөзі мұны жарыса жазды. Дипломаттар мұ­н­дай ілтипатты елге деген жоғары ба­ға деп біледі.
2010 жылғы ресми сапар ая­сын­да Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Барак Обаманың кез­десуін сарапшылар екіжақты әріп­тестікке жаңа серпін берілді деп бағалай бастады. ЕҚЫҰ-ның тө­рағасы ретінде Қазақстан әлем­дік терроризммен күрес, ядролық қауіп­сіздік мәселелеріне серпіліс әкел­ді. Екіжақты кездесуде қос та­рап Ауғанстандағы жағдайдан туын­дайтын қауіп-қатерлерді ашып айтты. Президент Барак Оба­ма Қазақстанның Ауғанстан еліне жа­саған гуманитарлық, эконо­ми­калық көмегінен бөлек, білім жа­ғы­нан демеу жасап отыр­ған үлесін сүбелі деп, ризашы­лы­ғын білдірді. АҚШ президенті бұ­ры­нғы Кеңес Одағы елдері ішінде ЕҚЫҰ-ны бас­қару құқығына Қазақстанның ие болып, маңызды ха­лықаралық құрылымға төра­ға­лық етуін тарихи мәні бар оқиғаға балады. 2011 жы­лы Ислам конфе­рен­циясы ұйы­мы­на төрағалық ет­кен Қазақстан әлем­дегі қауіп­сіз­дік мәселесіне мұ­сыл­ман ел­де­рінің де назарын ау­дартты.

Мемлекет басшысының 2015 жыл­ғы АҚШ-қа сапары тарихи маңыз­ға ие болды. БҰҰ бас ас­самб­­леясының трибунасынан тұң­ғыш рет Қазақстанның мемле­кет­тік тілі – қазақ тілінде баяндама жа­салды. Нұрсұлтан Назарбаев:
– Қазақ тілінде айтқан сөзімді ұйым­ның ресми алты тіліне бірден ау­дарып беріп тұрды. Мұны жақсы бел­гіге баладым, – деген еді. Қазақ қо­ғамында да бұл бастама кеңінен тал­қыланып, Елбасына алғыс ай­тыл­ды. Бұл сапарда өзекті мәсе­ле­лер көтерілді, атап айтсақ, Пре­зи­дент әлем қауымдастығының на­зарын Арал теңізі суының сар­қылуы, Семей полигонының қа­зірг­і жай-күйіне аударуға тырысты. Президент 2045 жылға дейін адам­заттың «отты ошақтардағы» түйт­кілдерді шешу қажеттігін мәлімде­ді. Президент Обамамен арадағы жеті жылдық диалогтың нәтижелі болғанын айта келе, америкалық тараптың Қазақстанның ДСҰ-ға кіруге бағытталған қадамдарын қа­шанда қолдап отырғанын жет­кіз­ді.
Отандық сарапшылар айтып отыр­ғандай, 2018 жылы АҚШ-қа ал­ғашқы сапар жасайтын Мем­ле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болып тұр. Саясаттанушы Ерлан Қариннің айтуынша, Қазақстан Пре­зидентінің Америкаға сапары маңызды оқиға болмақ. Бұл сапар қазақ-американ қарым-қатына­сы­ның болашағын айқындаумен қатар, АҚШ-тың Орталық Азия ел­дерімен байланысы, оның ай­мақ­тағы орнын айшықтау тұрғы­сы­нан үлкен маңызға ие.
 
Кәмшат ТАСБОЛАТ
13 қаңтар 2018 ж. 1 202 0