Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Батыс Қазақстан мен Астана әріптестік туралы меморандумға қол қойды

Батыс Қазақстан мен Астана әріптестік туралы меморандумға қол қойды

Елорданың 20 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысында 17-19 мамыр аралығында Астана қаласының мәдени күндері өткен болатын. Шара аясында тек мәдени байланыстар емес, Астана мен Батыс Қазақстан облысы арасындағы іскерлік байланыстарды да дамыту жайы талқыланды. Осы күндері астаналық делегация өңірдегі ірі кәсіпорындарды аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысып шыққан еді. «Өңіраралық ынтымақтастықты нығайта түсу үшін мұндай қарым-қатынастың маңызы өте зор» дейді Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов. Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінде өткен қорытынды кездесуге Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бастаған делегация – Астана қаласы инвестиция және кәсіпкерлік басқармасы, «Astana Innovations» АҚ, «Astana»ӘКК ҰК» АҚ, «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС, «Smartnet» ЖК секілді мемлекеттік және жекеменшік мекеме-ұйым өкілдері қатысты. Әрине, өңірлер арасындағы іскерлік қарым-қатынас бүгін басталып отырған жоқ. Стексовтың айтуынша, биылғы ақпан айында Батыс Қазақстан облысының делегациясы Астанада болып, Елордада қолға алынған жақсы үрдістермен жақын танысып қайтқан. Осы кездесулер нәтижесінде бірнеше келісім-шартқа қол қойылды. Орал қаласында қолға алынған «ақылды қала» жобасын жүзеге асыруда Астананың іс-тәжірибесі өте керек. - Smart city, ноу-хау, цифрландыру салаларында қазірдің өзінде тығыз іскерлік байланыстың негізі қаланып, жүзеге асып жатыр, - дейді Игорь Стексов. Бұған дейін Оралдағы металл жабыны, профлист, сондай-ақ газ, су, кәрізге арналған диаметрі 20-дан 1600 миллиметрге дейінгі полиэтилен, полипропилен құбырларын шығаратын «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС, әлемдік бәсекеге қабілетті шыны өнімдерін шығаратын «Стекло Сервис» ЖШС цехтарында болған астаналық делегация өкілдері мұндай әріптестік екі жаққа да пайдалы болатынын мақұлдап отыр. Мәселен, оралдық «Стекло Сервис» ЖШС өнімінің 31%-ы Ресей Федерациясына импортталады, Астанадағы «EXPO-2017» көрме қалашығы құрылысына да оралдық шыны кеңінен пайдаланылып, сапалылығын көрсеткен. Өңірлердің бір-бірімен іскерлік байланысқа түсіп, мидай араласуы, кәсіпкерлік пен өндірістің барлық саласында тығыз қарым-қатынас жасауы – Елбасының тікелей тапсырмасы. Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Елорданың 20 жылдығына орай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кешенді іс-шаралар жоспары жасалып, көптеген бастама қолға алынғанын айтады. Астана – бүгінде әлем мойындаған бастамалар алаңы, мұнда ай сайын дүниежүзілік деңгейдегі шаралар өтіп жатады, әлемдегі инновациялық жаңалықтар да тез жетеді. Кездесу барысында Астанада жүзеге асырылып жатқан нақты жобалар таныстырылды. Астана қаласы инвестиция және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бекмырзаев болашақта ел мен ел емес, қала мен қала көбірек бәсекелестікке түсетінін айтады. Әлемдік McKinsey Global Institute зерттеушілерінің пікірінше 2025 жылы әлемнің 60% байлығын жер бетіндегі 600 қала өндіретін болады. Қазірдің өзінде жұмыр жер бетіндегі қалалықтар саны ауылдықтардан асып кеткен. Дүниежүзілік бұл үрдісті Қазақстан да ескермесе болмайды, елімізде ірі мегаполистерді дамыту, қалалардың дамуы мен инновация жетістіктерін жаппай игеру әселесіне ерекше көңіл бөлініп отырғаны сондықтан. Астана қаласы мен Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлерінің кездесуі барысында астаналықтар Елордада қолға алынған бастамалар мен бағдарламаларды егжей-тегжейлі таныстырып берді. «Astana Innovations» АҚ төрағасы орынбасары Серік Құсайынов Елордадағы «Smart City» тұжырымдамасы мен қала экономикасын цифрландыру бойынша қолға алынған инновациялық жобалар туралы айтса, «Smartnet» ЖК иесі Тайыр Қожахметов пәтер иелері кооперативтерінің қызметін автоматтандыру бойынша «Е-ПӘК» жүйесін енгізудің тетіктерін түсіндірді. Кездесу соңында Ермек Аманшаев пен Игорь Стексов Астана қаласы мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Астана қаласы инвестиция және кәсіпкерлік басқармасы өзара кәсіпкерлік байланыстарды дамыту туралы, Орал қаласы әкімдігі мен «Astana Innovations» АҚ «Smart City» тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша, «Орал» ӘКК ҰК» АҚ мен «Astana»ӘКК ҰК» АҚ инвестиция және мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі салалары аясында, Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС ішкі және халықаралық туризмді дамыту мәселелері бойынша, оралдық «Агран» ЖШС мен «Astana»ӘКК ҰК» АҚ өзара әріптестік хақында меморандумдарға қол қойды. Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Орал қаласы Суретті түсірген Темірболат Тоқмәмбетов

Egemen.kz
20 мамыр 2018 ж. 1 273 0