Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Интеграция игілігі

Интеграция игілігі

Премьер-министр Олжас Бектенов Түрікменстанда өткен ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

Интеграция игілігі
Фото: primeminister.kz

Ашхабадта Олжас Бектеновті Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов қабылдады. Үкімет басшысы Түрікменстан Президентіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді. Әңгімелесу барысында өзара құрметке негізделген екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейі атап өтілді. Екі ел арасындағы тауар айналымы бір жылда 28%-ға артып, 563 млн долларды құраған. Биылғы үш айдың қорытындысы бойынша өзара сауда айналымы 105 млн долларға жетті. Газ саласындағы ын­ты­мақтастық, сондай-ақ ауыл ша­руа­шылығы саласындағы бір­лес­кен қазақ-түрікмен жобаларын іске асыру мәселелері талқыланды.
ТМД ҮБК отырысында Дос­тастықтағы өзара іс-қи­мылдың өзекті мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті. Кездесу нәтижесінде түрлі салалардағы интеграциялық байланыстарды одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталған құжаттар топтамасы қабылданды.
Үкіметтер басшылары эконо­микалық ынтымақтас­тықтың бағыттарын талқылады. Көлік, энергетика, химия өнеркәсібі, экология және қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу, денсаулық сақтау, зияткерлік меншік саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамыту бо­йынша бірқатар мәселе қаралды.
Премьер-министр Олжас Бектенов тауар номенклатурасы мен логистиканың тиімділігін кеңейту арқылы сауда байланыстарын нығайту қажеттігін атап өтті. Бірегей тетіктердің, атап айтқанда, еркін сауда аймағының жұмыс істеуі Достастықтың экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан Үкіметінің басшысы ТМД-ның инвестициялық экожүйесін жақсарту мәселесіне жеке тоқталды.
ТМД-дағы көлік дәліздерін дамытуға ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Қазақстанға әкелін­ген инвестицияның жал­пы құны 35 млрд доллардан астам болатын транзиттік транс­кон­ти­ненталдық маршруттар желісі қалыптасты, бұл Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық тасымалдардың 80%-нан астамын ел аумағы арқылы жүзеге асыру­ға мүмкіндік береді. Олжас Бек­тенов тиімді логистикалық тіз­бек­ті құру үшін тарифтік сая­сат­ты үйлестіру және кеден­дік рәсім­­дерді цифрлан­дыру бойын­ша өзара іс-қимылды күшейту қажет­тігін атап өтті. Сон­дай-ақ оты­рыс барысында ауыл шаруа­шы­лығы саласында және азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жеделдету шаралары қаралды.
«Біз экономикалық тұрғыда өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізуге, елдің берік «өнер­кәсіптік негізін» құруға, маңызды инфра­құрылымды жаңартуға, агро­өнеркәсіп кешенін қайта жүк­теуге және Қазақстанның көлік-логис­тикалық әлеуетін тиімді пай­далануға мүдделіміз. Аталған мақсаттарды толық­қанды іс­ке асыру үшін біз негізгі серіктес­тері­мізбен ынтымақ­тастығы­мыз­ды нығайту маңызды екеніне сенім­діміз», деп атап өтті О.Бектенов.
Кеңес қорытындысы бо­йынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін 11 құжатқа қол қойылды. ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің келесі отырысы 7-8 қарашада Ресейдің Сочи қаласында өтеді.
Отырыс аясында Премьер-министр Олжас Бектенов пен Қыр­ғызстан Министрлер Кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров екіжақты кездесу өткізді. Күн тәр­тібінде Қырғызстан Прези­денті Садыр Жапаровтың Қазақ­станға сапарының қоры­тынды­сы бойынша сауда-экономи­ка­лық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірлескен уағдалас­тық­тарды іске асыру мәселелері талқыланды. Үкіметтер басшылары екі елдің мемлекет басшылары қойған тауар айналымы көлемін 3 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі жаңа міндетті орындау жөніндегі жұмысты тездетуді құптады.
25 мамыр 2024 ж. 117 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930