Түркі жұрты – бірліктің бесігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараға жұмыс сапарымен барып, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті. Әуелі Президент қонақжайлылық көрсетіп, құрметпен қарсы алғаны үшін Режеп Тайип Ердоғанға ризашылығын білдірді. Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркия халқына көңіл айтты.
– Марқұмдардың туған-туыстарына, Өзіңізге және бүкіл Түркия халқына тағы да көңіл айтамын. Түркия – әрқашан қиындыққа қарсы тұра білген мемлекет. Сіздер мол тәжірибе мен ел бірлігінің арқасында бұл қиындықты еңсеріп шығасыздар деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қауіп-қатерге қашанда дайын болу керек екенін атап өтіп, төтенше жағдайлар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына тоқталды. Осы орайда «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» тақырыбында өтіп жатқан саммитті өте қажетті іс-шара деп есептейтінін жеткізді.
– Табиғи апат кезінде мемлекеттердің бір-біріне көмек көрсетуі аса маңызды. Бұған осы жолы тағы да көзіміз жетті. Бауырлас ел қиындыққа тап болғанда түркі жұрты ауызбіршілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетті. Қазақстан да түрік бауырларға бірден қол ұшын созды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент Түркия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі екенін айтты. Қазір Түркия Қазақстанның басты бес сауда серіктесінің қатарына кіреді. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 33 пайызға өсіп, 6,3 миллиард долларға жеткен. Өз кезегінде Қазақстанның тауарларын Түркия нарығына көптеп шығаруға мүмкіндік барын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев түрік инвесторларының Қазақстандағы жобаларын қолдауға дайын екенін айтты. Сондай-ақ кездесу барысында «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағыты аса маңызды рөл атқаратыны сөз болды. Қазақстан тарапы әлеуеті мол осы көлік-логистикалық бағдарды дамыту үшін ортақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді. Бұдан соң Режеп Тайип Ердоған шақыртуды қабыл алып, Анкараға келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
– Түркияға келгеніңізге қуаныштымын. Алапат жер сілкінісінен 49 мың адам қаза тапты. Осындай қиын сәтте алғашқы болып телефон шалған әлемдік көшбасшылардың бірі өзіңіз болдыңыз. Қазақстанның құтқарушылары зардап шеккен азаматтарымызды құтқаруға атсалысты. Біз шынайы бауырмалдықты сезіндік, – деді Түркия Президенті.
Сондай-ақ Режеп Тайип Ердоған кейінгі жылдардағы екіжақты сапарлар нәтижесінде барлық салада өсім бар екенін, жыл соңына дейін тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін жеткізу қажеттігін айтты. Түркия басшысы көлік саласында Орта дәліз әлеуетін толық пайдалану керектігін де атап өтті. Кездесуде екі ел арасындағы сауда, экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді. Президенттер халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты.
Екі ел басшыларының кездесуінен кейін Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті өтті. Жиын Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Қазақстан Президенті жер сілкінісінен қаза тапқан марқұмдардың туған-туыстарына және бүкіл Түркия халқына тағы да көңіл айтты.
– Қазақта «Қайғыны бөліссең – азаяды» деген сөз бар. Ағайынның басына күн туғанда біздің халқымыз ешқашан қол қусырып отырмайды. Қазақстан халқы бірден түрік бауырларға қол ұшын созды. Құтқарушыларымыз және дәрігерлеріміз дереу көмекке аттанды. Бауырлас елге гуманитарлық және қаржылай көмек көрсетілді. Жойқын жер сілкінісі еліміздің азаматтарын да бейжай қалдырмады. Біздің халқымыз бауырларымыздың басына түскен қиындықты бірге көтеруге атсалысты. Қазақта «Асар» деген жақсы ұғым бар. Жұрт бірлесіп, мұқтаж жанға көмек қолын созады. Осы мақсатта Қазақстаннан Анадолы еліне көптеген ерікті келіп, аянбай еңбек етті. Олар – ел басына ауыртпалық түскенде алғы шепте болатын шынайы патриот азаматтар, жаны таза адамдар. Сондықтан мен ұйымымызға мүше елдердің өкілдерін биыл Астанада өтетін Еріктілер форумына шақырамын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Біз бауырлас Түркияға одан әрі қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент апат аймағында әлеуметтік нысан салып беруге Қазақстан дайын екенін атап өтіп, халықаралық қауымдастықтың Анадолы еліне көрсеткен демеуін жоғары бағалайтынын жеткізді. Қазақстан Еуропадағы серіктестерінің Халықаралық донорлар конференциясын өткізу туралы бастамасын құптайтыны айтылды.
Мемлекет басшысы басқосудың «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» деген тақырыпта өтуі бекер емес екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, жер жүзінде табиғи және техногендік апаттар көбейіп жатыр. Бұл жағдай өте өзекті халықаралық мәселенің біріне айналды.
– Біз табиғи апаттың алдын алу үшін күш жұмылдыруымыз керек. Түркиядағы зілзала қауіп-қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсетті. Сондықтан ұйым аясында Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынамын. Оны Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың негізінде ашуға болады. Бұл орталықты 2016 жылы Қазақстан және Қырғызстан үкіметтері құрған. Бірлескен күшке ұйымның Азаматтық қорғаныс хатшылығы мәртебесін берген жөн деп санаймын. Ол апаттан зардап шеккен елдерге көмек көрсету жұмыстарын үйлестіретін болады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы іздестіру және құтқару қызметтерінің дайындығын күшейту қажеттігін екінші ұсыныс ретінде атады. Осы мақсатта Президент елдеріміздегі Төтенше жағдай мекемелерінің күштері мен техникалық құрал-жабдықтарының тізімін әзірлеуді ұсынды. Бұл шара қиын-қыстау сәтте шұғыл әрекет етіп, апаттың салдарын жоюға бағытталған іс-әрекеттерді үйлестіруге мүмкіндік бермек.
Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайдың алдын алу үшін ақпарат бөлісіп, құтқарушылардың тәжірибе алмасуы өте маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ биыл күзде Қазақстанда «Қазқұтқару» халықаралық оқу-жаттығу жиыны өтетінін еске салды. Президент ұйымға мүше елдердің құтқару қызметтерін аталған іс-шараға қатысуға шақырып, сол кезде осы салаға жауапты мекеме басшыларының алғашқы басқосуын өткізуге болатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси жағдай мен әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделі кезеңінде Түркі әлемінің өзара ынтымақтастығы нығая түскенін өте дұрыс қадам деп санайды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды биыл күзде Қазақстанда өтетін ұйымның оныншы мерейтойлық саммитіне шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қиын сәтте халықаралық қауымдастықтың түрік халқына қолдау көрсетуі Режеп Тайип Ердоғанның жоғары беделі мен еліне жасап жатқан риясыз қызметінің нәтижесі деп санайтынын жеткізді. Президент сөзінің соңында жиынға қатысушыларды алдағы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтап, осы мейраммен тұспа-тұс келетін қасиетті Рамазан айының басталуына орай ізгі тілегін білдірді.
Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінің қорытындысы бойынша бірнеше құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінің Анкара декларациясы, Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау механизмін құру туралы шешім мен Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім бар.