Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҰСЫНЫСТАРЫ ЗАҢМЕН ҚАДАҒАЛАНАДЫ

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҰСЫНЫСТАРЫ ЗАҢМЕН ҚАДАҒАЛАНАДЫ


Депутаттық корпус Елбасы жариялаған «Президенттік бес әлеуметтік бастаманы» жүзеге асыруды заңнамалық қамтамасыз етуге дайын. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысын өткізген палата төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлімдеді. Мәжіліс басшысы сондай-ақ қазақстандық әйелдерді 8 нау­рыз мерекесімен құттықтады.
Жалпы отырысты ашқан палата төрағасы Н.Нығматулин Президенттің бес әлеуметтік бастамасы айрықша назар аударды. Екі күн бұрын ғана жарияланған тарихи Үндеудің мәні мен маңызына жан-жақты тоқталған Мәжіліс төрағасы Парламент Елбасының әлеуметтік бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге сақадай-сай екенін жеткізді.
– Елбасының әлеуметтік бастамалары бүгінде халқымыздың қолдауына ие болды. Себебі, ол бастамалар әрбір азаматқа, отбасына бұрын болмаған ерекше мүмкіндік жасап отыр. Сонымен бірге, еліміздің дамуына да жаңа серпін берді. Сондықтан біздің, барша депутаттың ендігі негізгі міндеті – Президентіміздің осы ірі бастамаларын өз уақытында, сапалы заңдармен қамтамасыз ету, – деп атап өтті Н.Нығматулин.
Осы отырыстары барысында депутаттар бірқатар халықаралық құжаттарды ратифи­кациялады. Атап айтқанда, Мәжіліс Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы «Ауғанстан Ислам республикасының тұрақтылығы және қайта қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақстан аумағы арқылы арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы Келісімге өзгеріс енгізу туралы Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады.
Бұл екіжақты келісімге сәйкес, Құрама Штаттардан Ауған еліне және кері бағытта бет алған арнайы жүктің және оған ілесе жүретін персоналдың елімізді басып өтетін транзитінің «өткізу пункттері» қатарына енді Каспийдегі Ақтау және Құрық порттары қосылмақ.
– Елбасының бастамалары халықаралық аре­нада да толық қолдау тауып отыр. Оған дәлел – қазіргі кезде Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік қарқынды дамуда. Осы жылдың 16-18 қаңтарында өткен Елбасы
Н.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында мемлекет басшылары қазақстандық-америкалық қарым-қатынастарды кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін жоғарылату туралы бірлескен мәлімдеме қабылдаған. Бүгінде Ау­ғанстандағы ахуалды тұрақтандыру – Вашинг­тонның сыртқы саяси басымдықтарының бірі, – деді Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірах­манов.
Осы орайда Ауғанстандағы америкалық әскерлер санының артуына байланысты «солтүстік тарату желісінің» (СТЖ) маңыздылығы артуда екен. СІМ басшысы Ауған мемлекетіндегі АҚШ және НАТО әскерлерін жабдықтаудың Пәкістан арқылы өтетін негізгі бағытында қиын­дықтар туғаннан кейін балама жол ретінде 2008 жылы осы СТЖ құрылғанын еске салды. 2010 жылғы 20 маусымда АҚШ-тың Ауғанстанды тұрақтандыру және қайта қалпына келтіру бойынша іс-қимыл жұмыстарына қатысуына орай, Қазақстан мен Құрама Штаттар арасында жоғарыда аталған Келісімге қол қойылды. Екіжақты уағдаластықтар негізінде жүктер Қа­зақ­станның әуе жолдары арқылы да тасы­малдануда. Енді бұл қатар теңіз жолымен толықтырылмақ.
– Өткен жылы америкалық тарап СТЖ арқылы Ауғанстанға арнайы жүктерді тасымалдау бағытына өзгерістер енгізу туралы Қазақстанға өтінішпен жүгінді. Атап айтқанда, АҚШ СТЖ-ға Ақтау және Құрық порттарын енгізуді ұсынды. Олар арнайы жүктерді Әзірбайжаннан Каспий теңізі арқылы Қазақстанға және одан әрі теміржолмен «Сарыағаш – Келес» немесе «Бейнеу – Қарақалпақстан» арқылы Өзбекстанға және Ауғанстанға жеткізбек. Біздің мамандардың пікірінше, СТЖ Орталық Азияның көліктік-транзиттік желісін дамытуға жағымды әсер тигізеді әрі еліміздің логистика­лық инфрақұ­рылымын өркендетуге мүмкіндік береді, – деді Қ.Әбдірахманов.
Сыртқы саясат ведомствосының басшысы «Ауғанстан елі мен басшылығы Елбасымызға және халқымызға бейбіт өмірге оралуға көмек­тесіп жатқаны үшін ризашылығын білдіріп жатқанын» мәлім етті.
Қазақ-американ келісімін талқылау барысында депутаттар америкалық жүктерді еліміздің аумағы бойынша жеткізуден отандық тасымалдаушылар қандай пайда тапқанын сұрастырды.
«Бізде ел аумағы арқылы өтетін жүктердің бәріне ортақ транзиттік тариф қолданылады. Ол осы келісім аясындағы жүктерге де жүреді. Аталған Қазақстан–АҚШ келісімі күшіне енген кезден бері жеріміз бойынша 700-ден астам контейнер немесе шамамен 13 мың тонна жүк тасымалданды. Біздің тасымалдаушылар 200 миллион теңге табыс тапты» деп хабардар етті Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.
Жиында депутаттар Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтері арасындағы «Дипломатиялық өкіл­діктердің ғимараттарын салу үшін жер учас­келерін өзара беру туралы келісімді рати­фикациялау туралы» заң жобасын да құптап, Сенаттың қарауына жіберді.
Әдетте халықаралық кең таралған тәжірибеге сәйкес, мемлекеттер бір-бірінде елшілік салу үшін тегін жер телімдерімен алмасады. Елшілік салынған ол жер бірден аталған шет мемлекеттің меншігіне және төл аумағына айналады. Алайда бір қызығы сол, Тәжікстан елшілік үшін жерді 49 жылға жалға алуға ұйғарыпты. Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов елшілік астындағы жердің арендалық құны тек символдық сипатта, 1 теңге ғана болатынын, егер тәжік не қазақ тара­пы кейін келісімнен бас тартпаса, жалдау мерзімі бірден тағы соншаға ұзартылатынын түсіндірді.
Келісімге сәйкес тәжік тарапы Қазақстанға өз елшілігінің ғимараттарын салу үшін Душанбе қаласынан, И.Сомони даңғылы бойындағы «Бірінші дипломатиялық ауданда» жалпы алаңы 1 гектарлық жер учаскесін 49 жыл мерзімге, жылына 1 сомони мөлшеріндегі жалдау ақысымен жалға береді. Өз кезегінде Қазақстан орталық­азиялық осы елге елшілігі ғимараттарын салу үшін Астана қаласындағы Ш.Қалдаяқов көше­сінің оңтүстігінде орналасқан жалпы алаңы 1 гектар жер учаскесін 49 жыл мерзімге, жылына 1 теңге мөлшерінде жалдау ақысымен жалға береді.
Құжатта әрбір тарап жерге орналастыру және топографиялық-геодезиялық, жобаға сараптама жасау және ғимаратты салу сияқты нақты жұмыс түрлеріне арналған барлық шығыстарды, сондай-ақ оны күтіп-ұстауға және жөндеуге, электрмен, газбен, сумен және жылумен жабдықтауға, байланыс қызметтеріне, жер учаскелерінде басқа да нақты қызмет көрсету түрлеріне арналған шығыстарды өз қаражаты есебінен жүзеге асыратыны көзделеді.
Мәжілістің жалпы отырысын қорытынды­лаған палата төрағасы Нұрлан Нығматулин барша нәзік болмыс иелерін «Халықаралық әйелдер күні» мерекесімен шын жүректен құт­тықтады.
«Алдымызда 8 наурыз – Халық­аралық әйелдердің мейрамы келе жатыр. Бұл – көктемнің ең көркем әрі көрікті, жарқын әрі ерекше мере­келерінің бірі. Аяулы жандарды осынау көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақыт, қуаныш, жұмыс­тарыңызға табыс тілейміз!» деді Н.Нығматулин.
 
Айхан ШӘРІП
10 наурыз 2018 ж. 1 039 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930