Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өлім жазасынан бас тартқанымыз жөн бе?

Өлім жазасынан бас тартқанымыз жөн бе?

Жуырда Парламент Мәжілісінің  депутаттары  Қа­зақстанда «Өлім жазасынан бас тарту туралы» заңды қабылдаған болатын. Енді соғыс жағдайында әскери сипаттағы ауыр қылмыс жасағандар ғана бұл жазаның тұзағына түспек. Ал қалған қылмысқа өлім жазасы қарастырылмайды. Дегенмен бұған қарсы пікір айтушылар бар. Сонымен, «өлім жазасын қолданса, қылмыс азаяды» дейтін сөз рас па, өзге елдердің тәжірибесі қандай?

Өмір бойы түрмеге жабу өліммен тең бе?
Осы уақытқа дейін халық­аралық құқық қорғаушылар Қазақ­станды өлім жазасынан мүлде бас тартуға шақырып келген еді. Жа­қында Біріккен Ұлттар Ұйы­мының штаб-пәтерінде Қазақ­станның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жою­ға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халық­аралық пактіге тіркелген екінші факультативтік хаттамаға қол қойғаны хабарланды. Бұл әрекет арқылы еліміз бұл жазаны қолда­майтын сыңай танытты. Өлім жазасын тоқтату мәселесі елімізде 20 жылға жуық уақыттан бері тал­қыланып келеді. Мәселен, 2003 жыл­дың желтоқсан айында Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев өлім жаза­сына қатысты мораторий жария­лады. Дегенмен ол мора­­торий судьяларға адамды өлім жазасына кесуге кедергі келтірмеді. Қыл­мыстық кодекс бойынша, судья сотталушыны өлім жазасына кесе алады. Алайда өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Ал өмір бойына бас бостандығынан айы­рылғандар Қостанай облы­сындағы «Қара бүркіт» түрмесінде жазасын өтейді. Қылмыстық кодексте көрсетілген өлім жазасы құрамында 17 қылмыс түрі болған. Оның қатарына «мемлекетке опасыздық жасау», «террористік қылмыстар», «соғыс уақытында жасалған қыл­мыстар» секілді қылмыстар кірген.
Қазақстанда өлім жазасына мораторий енгізілгенге дейін 536 адамға өлім жазасы қолданылған екен. Ал мораторий енгізілгеннен кейін 5 адам өлім жазасына кесілген. Бірақ олар бұл жазаның орнына өмір бойы түрмеге қа­малды. Елімізде өлім жазасына  соңғы рет 2016 жылы кескен. Осы­дан 4 жыл бұрын Алматыда по­лиция бөлімі мен ҰҚК департа­ментіне қарулы шабуыл жасалып, салдарынан 10 адам қаза тапқан еді. Шабуылға күдікті ретінде 1990 жылы туған, бұған дейін екі рет сотталған Руслан Күлекбаев ұс­талған болатын. Кейін Алматы соты оны «теракт жасады» деп танып, өлім жазасына кесті.





«Бұл жазаның қажеті жоқ»
Жоғарыда өлім жазасын құп­тайтын азаматтардың да бар екенін айтқан едік. Оның ішінде заңгерлер де бар. Мысалы, Парламент Мә­жілісі «Өлім жазасынан бас тарту туралы» заңды қабылдағаннан кейін заңгер Жангелді Сүлейманов бұл шешіммен келіспейтінін айт­қан болатын. Оның сөзінше, жем­қорлар мен бала зорлағандарды өлім жазасына кескен жөн екен. Біз осыдан кейін елімізге танымал заңгер-құқықтанушы Ирак Еле­кеев­тің пікірін білген едік. Маман бұл жазаны тоқтатудың тарихын әріден бастады.
– Осыдан 18 жыл бұрын, яғни 2002 жылы Әділет министрінің орынбасары қызметін атқардым. Сол кезде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің тәжірибесін ескер­ген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселені қозғап, өлім жазасына қатысты мораторий енгізу жайын сөз етті. Көп ұзамай арнайы жұмыс жүргізіп, қоғамның ой-пікірін біл­мекке әр саланың мамандарын жинап, шағын сауалнама жүргіздік. Сонда сауалнамаға қатысқан­дардың бар болғаны 4 пайызы өлім жазасын тоқтатуды қолдаған. Жыл бойы әртүрлі саланың мамандарын жинап, кеңестік. Өлім жазасын тоқ­татқанның тиімді тұстарын айттық. Телеарналардың тікелей эфирінде пікірталас та өтті. Сол 2002 жылдың соңында сауал­на­маны қайта жасағанымызда қатыс­қандардың 28 пайызы бұл жазадан бас тартуды қолдап шық­­ты. Яғни, нәтижесі көріне бас­­тады. Ақыры 2003 жылы мораторий жария­ланғанын бі­лесіздер, – деді ол.
Ирак Қасымұлының пікіріне сенсек, Қазақстанның өлім жаза­сынан бас тартуы – құптарлық қадам. Себебі елімізде тергеу мен сот жүйесінде кемшіліктер әлі көп. Соның кесірінен кінәсіз адам да құрбан болып кетуі мүмкін екен.
– Ашығын айтайын, тергеу мен сот жүйесі бір ізге түскен жоқ. Құ­қық қорғаушылардың кінәсі жоқ­тарға қиянат жасағанын көріп жа­тырмыз. Салдарын білеміз, себебін кім айтпақ? Бір оқиғаны сіздерге жіктеп берейін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарда мал ұр­лығы көп екенін айтып, оның ал­дын алу керегін тапсырды. Өте жөн сөз. Содан кейін «шолақ белсен­ділер» көбейді. Шығыс Қа­зақстан облысындағы Мақаншы ауылында болған оқиға есімізде. Мал ұрла­маған кінәсіз жанды поли­цейлер мойындатамыз деп, ұрып-соғып, өлтіріп қойды. Яғни, полицейлер «шаш ал десе, бас ал­ған». Мұндай оқиғалардың бі­разын білемін. Енді қараңыз, Қа­зақ­станда өлім жаза­сына тосқауыл қойыл­маса, осын­дай құрбандар көбейеді. Алдымен тергеу және сот жүйесін жөнге келтіру қажет. Ол жөнге кел­геннің өзінде өлім жазасы бізге қа­жет емес. Мәселен, Қытай жем­қор­лар­ды өлім жа­засына кеседі, бі­рақ сол елде жем­қорлық түбегейлі тоқтаған жоқ. Бұл тұста Батыс ел­дерінен үлгі алға­нымыз дұрыс, – дейді.
Өлім жазасын құптаған елдер
Қазір әлемнің 56 елі өлім жа­засын қолданады. Жаза дарға асу, ату, инъекция, бас алу және электр орындығы арқылы (тек АҚШ-та) орындалады екен. Өлім жазасының саны бойынша Қытай көш бастап тұр. Жылына нақты қанша адам өлімге кесілетіні – мемлекеттік құпия. Дегенмен Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының мәліметі бойынша, Қытайда жылына мыңдаған адам істеген қылмы­сының жазасын өмі­рімен өтейтін көрінеді. Олардың басым көпшілігі – табыстарын жасырғандар, жалған ақша жаса­ғандар, браконьерлер, 460 мың доллардан артық ақшаны жым­қырған жемқорлар.
Қытайдан кейінгі орында Иран тұр. Мұнда өлім жазасы кісі өлтіру, зорлау, қарулы тонау, адасушылық, қорлау, есірткі саудасы, жезөк­шелік, неке опасыздығы, сат­қын­дық және тыңшылық, порно­графияны таратқаны үшін қолда­нылады. Жаға ұстарлық нәрсе – Иранда өлім жазасына көбіне кә­мелетке толмағандар кесіледі. Бұл елде 15 жастан асқан ұлдар мен 9 жастан асқан қыз балаларға өлім үкімі шығарыла береді.
Өлім жазасының көптігі бойын­ша рейтингте Сауд Арабиясы үшінші орында. Жазаны орын­даудың негізгі тәсілі – шариғатқа сәйкес бас алу. Кейде «тасборан» әдісі қолданылады. Сауд Ара­бия­сында қасақана кісі өлтіру, гомо­сексуализм, тонау, зорлау, есірткі саудалау немесе сақтау, сиқыр­шылық, тіпті атеизм үшін өлім жазасына кеседі. Бірақ аман қалу­дың жалғыз мүмкіндігі бар: зардап шеккен тарапқа (егер ол келіссе) «қан ақысы» деп аталатын өтем төлеу қажет.
Түйін:
Біріккен Ұлттар Ұйымының мә­лімдемесі бойынша, өлім жазасы адвокат жалдауға ақшалары жоқ, кедей елдерде көп қолданылады. Десек те, алғашқы үштіктің екеуі бұл топқа жатпайтын сыңайлы. «Құ­дайдың берген ғұмырын оның өзі ғана алады» дейтін сөз бар. Өлім жазасын құптаған елдерде қылмыс түбегейлі жоғалмаса, одан келер пайда да жоқ секілді.
мадиярМадияр ТӨЛЕУ
01 қаңтар 2021 ж. 845 0