Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел басқару оңай емес

Ел басқару оңай емес

Сонау ата-бабамыздың заманында, қазақ қазақ болғалы, елді ұстап тұратын, сөзі өткір, ақылы мол, тереңнен ойлап, тез шешім қабылдай білетін, ел мен елдің бітімгершілігін ойлайтын, дуалы ауыз, даулы, жанжалды мәселелерді дер кезінде ақылмен шешіп, ел арасын бітістіріп отыратын көсемдер болған. Ол кезде «сөз қадірін, өз қадірім» деп түсінген халқымыз бір ауыз сөзге тоқтаған. Елді бейбіт жолмен, жүзбасы, мыңбасылар басқарып, «дала заңын» сақтаған. Хан сарайының маңайына топтасқан билер мен сұлтандардың ел басқарудағы әдіс-тәсілдерінің озығы да тозығы бола тұрса да, патша жарлығын, айтылған сөзін аяқасты етпеген, ел басқару оңай емес, «қылышынан қан тамған хан» тіркесі сол жаугершілік заманға лайық айтылған. Қалай болғанда да, ата-бабамыз үшін азаттық, тәуелсіздік, тыныштық заман арман болған!

Міне, бүгінде тәуелсіз елде өмір сүрудеміз. Тәуелсіздік пен Елбасы егіз ұғым! Жылдар бойы армандаған тәуелсіздігіміздің бойтұмарындай болған Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың ел алдындағы, халық алдындағы еңбегі өлшеусіз екендігін, Қазақстан халқы түгел мойындап, жасаған іс-шараларын, ел басқарудағы жасалған бағдарларының барлығын көзімен көріп, қолдап отырғаны белгілі.
Сонда да болса, көпшілік көңілінен шығу оңай емес, жел қатты тұрса да, қар қалың жауса да, жаңбыр тоқтамай қалса да Елбасыны кінәлайтындар табылып жатады. Кейбір шешімі тез табыла қоймаған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге жете мән бермей «соншалықты не істеді, кім басшы болса да соны істер еді, ішіп қойды, жеп қойды» деп ішегі айналмай, білгішсініп, өңеші айырыла жаздап өзеурейтіндер, таяз ойлап, теріс пікір тарататын кейбіреулер де табылуы заңды. Президент болмай-ақ, түйені түгімен жұтып жатқандарға да ешкім ештеңе деп жатқан жоқ. Бір немесе сондай шағын топтың «қатын өсектенген» пікірінен ештеңе өзгере қоймайтыны анық. Әрқайсысына тоқтап, жауап беріп, уақыт өткізсе, ел алдындағы ауқымды, келелі мәселені кім шешеді, мәселе сонда?
Мен ел тыныштығын, ұрпақ бақытын ойлаған аналардың бірімін, ешкімге қошеметім жоқ, жағымпаздықты жаным қаламайды, басшының сөзін сөйлейтін ол менің туысым, не бауырым да емес. Бірақ халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөз бар, жүрегі ізгілік пен мейірімнен жаралған әрбір адам күмілжімей, өз ойын дер кезінде жеткізе білуі, адамның жақсы істерін айта білу керек деп ойлаймын. Сол айта білу де адамгершіліктің бір қасиеті болып табылады, бізде көбінесе сол жағы жетіспей жатады. Қошеметшіл жандайшаптардың барлық зат есімнің алдына не артына орынсыз «нұр» сөзін тіркей беруі де, Елбасы қадірі мен беделін түсіретінін неге ойламайды екен? Олар соны тіркегеннен Нұрекеңе не пайда? Жасыратын несі бар, біздің кейде қарапайым нәрсеге мән бермей, парықтамай, сыңаржақты кететін жаман мінезіміз де жоқ емес осы.
Өзіңіз ойлаңызшы, Елбасы ел қамытын мойнына ілгелі, не көрмей, не істемей жатыр? «Жар құлағы жастыққа тимей», «күнді-күнге, түнді-түнге ұрып», халқының хал-ахуалын жақсарту үшін қолынан келгеннің бәрін де көз алдымызда атқарып жатқан жоқ па? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы «мылтықсыз майдан» секілді, ел басына күн туған қиын шақтарда халықпен бірге болды.
Өгей баланың күйін кешкен тіліміз теңдігін алды, дініміз салтанат құрды, Ата Заңымыз бекітілді, әскеріміз толықты, еліміз әлемге таныла бастады.
Әйтпесе, өз тілімізде емес, көршінің тілінде оқып, сөйлемегенге теңдік жоқ еді, Құран, намаз былай тұрсын, өлгенде орысқа ұқсатып, бүкіл төсбелгілерін кеудесіне тағып, құрсаулап киіндіріп, музыкалатып қанша бауырымыз кетті о дүниеге, коммунист болып. Ол жақта да коммунист боп жүр ме екен деген ойға қаласың, құдай сақтасын! Тілсіз, дінсіз, ата-бабасына Құран бағыштамай, коммунист болып арғы дүниеге кету! Марқұмдарға әдейі қолдан жасалған неткен ауыр жаза еді десеңізші!
Одан кейін нарықтың екі бүйірден қысқан «экономикалық дағдарысынан» сасқалақтамай, халықты дер кезінде шығара білді. Алғашында сауда-саттық заңын шала түсінген халқымыз ала дорбасын арқалап, күнкөріс қамымен кез-келген жерде майда саудамен айналысты. Маңдайын терлетіп еңбек етті, бала-шағасын ашықтырмай бақты, отбасын тығырықтан алып шықты. Бұл жерде ер-азаматтармен бірдей, кейде басымдау түсіп жатқан, әйел-аналардың өлермендік еңбегі көз алдымызда. Сол аналардың көпшілігі сауда-саттықтың, халық үшін еңбек етудің пайдасын түсініп, бүгінде кәсіпкер әйел ретінде елімізге өз пайдасын тигізуде, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосуда.
Кезінде ғалым Ш.Уәлиханов «Менің халқым қойдай жуас, бірақ өте ақылды, барлық нәрсеге тез бейімделгіш, нені болса да тез меңгеріп алады» деген екен. Айтса айтқандай, сауданың майын ішкен, туғаннан «тәңгә» деп тілі шығатын өзбек ағайындарды теңге санаудан басып оздық десем болады. Бүгінде маңдайын терлетіп еңбек еткен, халқымыздың көпшілігінің шаруасы шалқыған, мыңғырған бай, дәулеті өзіне сай. Тұңғыш Президент осыған жағдай жасады ма, жасады, шағын кәсіпкерлікті қолдады ма, қолдады. Республиканың түкпір-түкпірінен, әсіресе, ауылдық жерлерден «шағын кәсіпкерлікті дамыту» банктерін ашып, кәсіпкерлердің кәсібінің дамуына ықпал етті.
Іле-шала Елбасының «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы жарияланып, ұзақ мерзімді 7 ірі басым бағыттары жариялады. Халықтық қолдаудан, талқылаудан өтті. Ол кезде осындай маңызды, батыл қадамдардың орындалуына студент түгілі, кейбір оқытушылардың өздері де күмәнмен қарайтын кез болатын. Есімде, студент аудиториясында (Ұлттық қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық, экономикалық өсу, қазақстандық азаматтардың денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты, энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану, инфрақұрылым, кәсіби мемлекет) талқылағанбыз.
Сабақ барысында арнайы уақыт бөліп талқылайтын болғандықтан, жақсылап оқып, таныстым, қуандым, бағыттарды жүрегіме жазып алғандай болдым. Неге қуанбайын, тәуелсіз елімізде өзгеріс енгізу үшін бірнеше бағытта атқарылатын жұмыстардың жоспары жарияланып, елім гүлденетін болса? Сонымен таныстық, талқылады, жас ұрпақтың ойын байқадық. Сонда партада отырған кейбір студенттерім маған сұрақ қойған: «Ой, апай, оған дейін кім бар, кім жоқ. Осының бәрі бос сөз ғой, орындалады деп ойлайсыз ба?» деп. «Әрине, орындалады, Алла бұйыртса, сол кезде сендер елуден енді асқан жігіт ағасы болады екенсіңдер. Кандай керемет жағдайда өмір сүресіңдер! Мына жеті бағыттың бәрі орындалады, еліміз көркейеді, өздерің көрікті елдің сауатты, салауатты, мәдениетті, бірнеше тіл білетін, ғылым мен техниканы меңгерген, көркем азаматтары боласыңдар» дегем, өзім де іштей барынша сенгенмін. Сол басым бағыттардың іске асуына Н.Назарбаевтың бар күш-жігерін салғаны, үнемі қадағалап, нәтижесін жариялап отырғаны баршаға белгілі.
Сол кездегі Мемлекет басшысының «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасының өзі неге тұрады? Жер-жерден салынған зәулім балабақшаға ұрпағымыз барып, ой-өрісі дамыса, салтанат сарайындай кең мектептен білім алса жаман ба? Сол жағына неге мән бермейміз? Осыдан соң ел еңсесі тағы да көтеріле түскен жоқ па? Біздер балабақша көрмей, үйден екі шақырым жерде орналасқан мектепке жаяу қатынап, қыстың қақаған аязында үсіп қала жаздап, таңғы сегізде сабақ басталатын, содан кешікпеу үшін үйімізден жетіде шығып, бүрсеңдеп зорға жететінбіз. Қазір балалардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып, сабақтар басталады, қанша оқушы болса да мектепке сия береді, біз бір сыныпта 41 оқушы тығылысып отырып бітіргенбіз. Сол кездегі замандастарымыздың көпшілігінің жағдайы осындай болған.
Келер ұрпағымыздың қасіретті көрмесін деп, өмір бойы сынақ алаңына айналып келген Семей полигонын жапқанын, төбемізден дүрсілдеген, гүрсілдеген, экологиялық ластанған ауаның, ядролық қарудың салдарынан ұрпақ дамуындағы жетілмей қалу кемшіліктерінің, жүйке ауруларының көбейіп кету қаупін тоқтатқанын қалай ұмытамыз? Халқы сол үшін де Елбасына риза, сол үшін патшасын қолдайды!
«Қалыптасқан Қазақстанның 2050» бағдарламасы халықты болашақтан үміттендіреді. Үміті үзілген, тілі өркендемеген, салт-дәстүрі дамымаған, діні өшіп, ділі ескерусіз қалған халық жер бетінен өзінен-өзі жойылады екен, құдай ондайдан сақтасын, сондықтан да «Мәңгілік Ел» идеясын бар ықыласымызбен қолдаймыз. Өз елімізде отырып жалтақтамайық, өз жерімізде отырып үрікпейік, ділімізді сатсақ та, тілімізді сатпайық, салт-дәстүрімізге мығым болып, әдет-ғұрпымызды сақтайық дегім келеді.


Балтагүл Оспанова,
Ф.ғ.к, доцент
Халықаралық қазақ-түрік университеті
Түркістан


21 желтоқсан 2019 ж. 1 287 0