Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отанға қызмет – ортақ іс

Отанға қызмет – ортақ іс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында алғаш рет Қазақстан халқына өз Жолдауын арнады.
Әлеуметтік саланы кеңінен қамтыған, мәні мен маңызы айрықша бұл Жолдауды ел ерекше ықыласпен қабылдауда.
Бұл Жолдау өзінің әлеуметтік-халықтық сипатымен ерекшеленіп отыр. Өйткені, Мемлекет басшысы азаматтардың көкейінде жүрген әлеуметтік мәселелер мен негізгі проблемаларды ел алдында жасырмай айтып, оны шешудің нақты жолдарын көрсетіп берді.
Сонымен қатар Президент Үкіметке, салалық министрліктерге, әкімдерге және жауапты тұлғаларға ел экономикасын серпінді дамыту бойынша зор міндеттер жүктеп, нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды.
Өз кезегінде әрбір отандасымыздың әл-ауқатын жақсарту мен елімізді әлемдік көшбасшы мемлекеттер қатарына қосу – Қасым-Жомарт Кемелұлының басты назарындағы мәселе екендігіне тағы бір көзіміз жетті.
Сондықтан сәт сайын құбылып, геосаяси жағдайдың жылдам өзгерістерге ұшырап жатқан сәтінде Президенттің тапсырмалары мен бастамаларын, облыс әкімінің жоспарланған міндеттемелерін бұлжытпай орындап, киелі Шиелі ауданының ауызбіршілігі мен сын шақтарда сыр бермейтін игі қасиетін көрсетуіміз қажет.
Бұл орайда біздің ендігі міндет –әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту арқылы тұрақтылық пен татулықты нығайту.
Бұл баршамыздың бірлесе атқаратын жұмысымыз. Жемісті болады деп сенемін.
Енді Жолдаудың негізгі тарауларына кеңірек тоқталсам.
Бұл құжатты Мемлекет басшысының «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасының заңды жалғасы деп қабылдауымыз керек.
Елбасы саясатын сабақтастықпен жалғастыру, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде жүзеге асырылып жатқан кешенді жаңғыру үдерістері, елімізге дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығуына мүмкіндік жасауда.
Сонымен қатар қоғамның ашықтығы, қиындықтарды, түйткілді мәселелерді бүкпесіз ашық айту және шешу бұл біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі болуы қажет.
Елімізде көппартиялық жүйенің дамуына орай алдағы сайлаулардың партиялық тізім және праймериз арқылы өтетіні айқын. Бұл өз кезегінде еліміздегі саяси бәсекелестікті күшейтеді.
Сондықтан болашақтағы саяси додаларда сүрінбес үшін, «Nur Otan»партиясы халықтың сенімін одан әрі иеленуі үшін біз аянбай еңбек ете береміз.
Осы мақсатта партия төрағасы, Тұңғыш Президентіміз – Елбасының сенімді саяси жасағына айналған аудандағы «Nur Otan» партиясының Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Патима Шәймерденқызы өңірдегі ашық алаңдарының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану керек.
Ол үшін, саяси партиялармен тығыз қарым-қатынас орната отырып, аудандық ішкі саясат бөлімі арқылы бөлім басшысы Ж.Баймұратова үкіметтік емес ұйымдардың рөлін арттыратын болады.
Және түрлі әлеуметтік топтармен байланыс­ты күшейтіп, халықтың мұң-мұқтажын шұғыл шешу арқылы ашықтық пен қоғамдық диалогты қамтамасыз етеміз.
Мемлекет басшысы Жолдауда: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыру – бәріміздің ортақ міндетіміз» деп ерекше атап көрсетті.
Сонымен қатар азаматтардың Конституциялық құқықтарына сәйкес, егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлуді ескертті.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұловқа осы бағытта бір апта мерзімде шұғыл ұсыныс енгізуді тапсырдым.
Сонымен қатар Жолдауда аталғандай, тұрғындар арасында өзекті деп танылған проблемалар, қоғамдағы талқыланып жатқан құқық бұзушылықтар секілді мәселелер азаматтық қоғам институттары арқылы билікке жетуі қажет.
Бүкіл қазақ қоғамының бірлескен еңбегінің нәтижесінде қолымыз жеткен қоғамдық келісімді одан әрі нығайту баршамыздың парызымыз.
Қазақстандағы этникалық топтардың мүдделерін қорғай отырып, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне жеткізу жолында баршамыз, бірлесіп жұмыс істейтін уақыт келді.
Осы ретте халықпен кері байланысты күшейтуді, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілегін жеделдетіп, әрі тиімді қарастыруды, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы жұмыстарды үйлестіруді аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұловқа тапсырдым.
***
Сондай-ақ қоғамдағы жеке мәселенің жалпы мәселеге айналып, белгілі бір шиеленіс ошағын тудырмауы үшін мемлекеттік органның басшылары қоғамдық тыңдау және жеке қабылдауларды бекітілген кестеде немесе тек мекеме ғимаратында ғана емес түрлі форматта үздіксіз ұйымдастыруы қажет.
Аудан әкімінің аппарат басшысы Ғ.Күлбаев қоғамдық қабылдау өткізу бойынша, осы жұмыстарды ұйымдастыруға ұсыныс енгізеді. Мәселе өте маңызды!
Еліміздегі күн тәртібінен түспей келе жатқан күрделі мәселенің бірі – сыбайластыққа қарсы іс-қимылды жүйелі жүргізу. Алдағы уақытта мемлекеттік органдардың қызметшілері сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық жасаған жағдайда, алғашқы кезекте тікелей басшыларының жауаптылығы заңмен реттелетін болады. Бұл барлығымыз үшін жауапкершілігімізді арттыруды талап етеді.
Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болатынын, сондай-ақ Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт жоспарына сәйкес, бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруды тапсырды. Осы тапсырмаларды орындау үшін 8 негізгі құрылымдық міндеттерді іске асыруымыз қажет. ­­­­­

Бірінші. Шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру.
Алдын-ала деректер бойынша 2018 жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім 24,1 млрд теңгені құрады немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 96,4 пайыз.
Жалпы өңірлік өнімнің құрылымында өнеркәсіп өндірісінің үлесі 40 пайызды құраса, оның ішінде тау-кен өнеркәсібінің үлесі 85 пайызды құрап отыр.
2019 жылдың қаңтар-шілде айларында өнеркәсіп өндірісі бойынша 13,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,7 пайызға және өңдеу өнеркәсібі өнімі көлемі 3,7 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 105 пайызға ұлғайып, аудандағы экономиканың қалған салаларында да өсім қамтамасыз етілуде.
Осы ретте тау-кен өнеркәсібіне, яғни уран өндіруге тәуелділікті төмендету мақсатында біз өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргіземіз.
Биыл индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығын қорытындылап, үшінші бес жылдыққа аяқ басамыз.
Президентіміз индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүзеге асыру барысында бұрын жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеру қажеттігін атап өтті.
Жалпы, индустрияландыру бағдарламасының І және ІІ бесжылдығы аясында ауданда құны 99,3 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылып, 510 жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінгі күні оның 3-еуі («Гежуба Шиелі Цемент Компониясы», ЖК «Палжанов», «Фирма Балауса» ЖШС) өнім өндіруді қамтамасыз етуде.
Нәтижесінде өнеркәсіп өніміндегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 2010 жылы 9,1 пайыздан 2019 жылы 27,3 пайызға жетті, яғни бұл көрсеткіш 3 есеге артты.
Екінші бесжылдық аясында 5 жобаның 2-еуі іске қосылды, жыл соңына дейін 1 жобаны іске асыру жос­парлануда.
Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Есімов үшінші бесжылдыққа өтпелі 3 жобаға талдау жүргізіп, нақты іске асырылатын жобаларды индустрияландыру картасында қалдыру туралы жұмыстарды пысықтайтын болады.
Үшінші бесжылдықтың шарттарына сәйкес келетін шикізаттық емес экспортқа бағытталған инвестициялық жобалардың бағдарламаға енгізілуіне және аудандағы индустриялық аймақты жаңа жобалармен толықтыруға жұмыс жүргізеді.
Еңбек өнімділігін арттыру мақсатында аудан көлемінде өндіріс және уран саласындағы бірқатар кәсіпорындар «Гежуба Шиелі Цемент Компания­сы», «КНК Кемикал», «Ру-6», «Семізбай-U», «ГРЭ-23» серіктестіктері цифрлық технология енгізу жұмыстарын жүргізуде.
Атап айтқанда, тампонажды цемент зауыты толықтай цифрландыруға көшкен. Уран шикізатын өндіруші №6 кен басқармасы мен «Семізбай- U» ЖШС-де технологиялық процестерді басқаратын «Ақылды кеніш» жобасы енгізілуде.
Сонымен қатар Президент атап өткен жергілікті атқарушы органдарға қойған міндеттердің бірі – өңірлерге тікелей инвестиция тарту.
2018 жылдың қорытындысымен аудан бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 43,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 179,4 пайызға артты.
Аудан әкімінің орынбасары Болатбек Әбдулхайысұлы, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Есімов, аудан экономикасына инвестиция тарту жұмыстарын ары қарай жетілдіру жөнінде нақты шаралар қабылдайды.
***
Мемлекет басшысы Үкіметке микро және шағын бизнеске 2020 жылдан бастап салық төлеуді 3 жылға дейін босатуды және оларға тексеру жүргізуге мораторий жариялауды тапсырды.
Бұдан бөлек «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде алдымыздағы 3 жылға қосымша 250 млрд теңге жұмылдыруды, бірінші кезекте көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына, отбасылық бизнесті дамытуға аса назар аударуды атап өтті.
Мораторий – еш қадағалау болмайды деген сөз емес. Осы кезеңде өзара реттеушілік пен қоғамдық бақылау белсенділігін арттырғанымыз жөн.
Әрбір азаматтың елдің патриоты ретінде өзінің салық төлеу мәдениетін көтеруі өте маңызды.
Президент бизнестің, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіру мемлекетке қарсы қылмыс деп бағаланатынын және қатаң жазаланатынын ескертті.
2018-2020 жылдары облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы аталып, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында жыл сайын республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінуде.
Бұл бағыттағы жұмыстар кейбір қоғам мүшелерінің санасына сіңіп кеткен масылдықтан арылуға бастайтын бірден-бір жол.
Қаржылай қолдаудың нәтижесі мен тиімділігі жаңа жұмыс орындарының ашылуымен бағалануы тиіс. Уақыты келгенде жұмсалған қаржылардың сұрауы болады.
Сонымен бірге еліміздің экономикасын нығайту мақсатында туризмді, оның ішінде эко және этнотуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлуіміз қажет.
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі (А.Есімов) ауданда эко туризмді, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне (И.Байкенжеев) этнотуризмді дамыту бойынша тиісті ұсыныс енгізіп, нақты шаралар қабылдауды тапсырдым.
***
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміз экономиканы цифрландыру бағытын таңдады. Шиелі ауданы да осы бағытта қалыс қалмай, цифрландыруды қарқынды жүргізуде.
Атап айтқанда мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің автоматтандырылуы, балабақшаға кезекке қою, оқушыларды мектепке және мұғалімдерді жұмысқа қабылдау, дәрігер қабылдауына жазылу қызметтері тұрғындар игілігіне берілді.
Қауіпсіз аудан бағытында – Шиелі кентін және білім беру ұйымдарын толықтай бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету мақсатында Шиелі ауданының полиция бөлімі (Қ.Әліп м.а) мен аудандық білім бөліміне (Д.Насибеков м.а) аталған жұмыстарды жеделдетуді тапсырдым.
***
Мемлекет басшысы суармалы егіс алаңын кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға жеткізу қажеттігін атап өтті.
Осыған орай ауданда қазіргі уақытта 4 мың гектар жер суармалы егістік жерлеріне ауыстырылса, алдағы уақытта кезең-кезеңімен 24 мың 800 гектар жерді ауыстыратын боламыз.
Суармалы жерлердің көлемін ұлғайтудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі өсіп, қосымша жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.
Мемлекеттің тұрақты қолдауының арқасында асыраушы сала – агроөнеркәсіптік кешені тұрақты дамып, ел экономикасының негізгі салаларының біріне айналды.
Ендігі мақсат – саладағы еңбек өнімділігі мен өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге арттыру.
Ауданның экспорттық әлеуеті артып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алыс-жақын шетелдерге өз өнімдерін шығаруға мүмкіндіктер алды.
Біздің өнімдер соңғы жылдары Ресей, Иран, Ауғанстан мемлекеттеріне экпортталуда.
Алдағы меже – жыл сайын өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 20 пайызға арттырып, 2022 жылы ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауды 2,5 есеге ұлғайту.
Сондықтан аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков тиісті жұмыстарды жалғастыратын болады.
***
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы жерлерінің шетелдіктерге сатылмайтынын тағы бір нақтылап өтті.
Алайда, барлық ауылдық округтердің аумағында жерді пайдаланбай отырған жер пайдаланушылардың бары белгілі. Осы ретте аудандық жер қатынастары (Е.Меңлібеков бөлімі, аудан әкімі аппаратындағы жер мәселесі жөніндегі бас инспектор (Ұ.Райымқұлова) өз құзыреттері шегінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге бақылауды күшейтіп, талдау жасай отырып пайдаланылмаған (игерілмеген)жерлерді мемлекетке қайтаруды қамтамасыз етеді.
***
Сондай-ақ Мемлекет Басшысы өз Жолдауында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасына тоқталды.
Аталған жоба шеңберінде инфрақұрылымдық мәселелерді шешу мақсатында Үкіметке 2019 жылы бөлінген қаражаттардан бөлек алдағы 3 жылға 90 млрд теңге бөлу жөнінде тапсырма берді.
2020 жылға аталған «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыруға ауданда1 елді мекен бойынша жұмыстар жүргізу жоспарлануда.(Шиелі ауданы Ақмая ауылдық округі).
Алдағы уақытта бұл жобамен шектеліп қалмай 2020 жылдан бастап жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін 30 млрд теңгенің ішінен барынша ауданға үлес алу бағытында жұмыс жасауымыз керек.
Осы ретте аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі (Д.Жакеев м.а) және аудандық тиісті бөлімдер «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында ауданға 2020 жылға қосымша берілетін қаржы көлемі шегінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарын жақсартуға бағытталатын дайын жобаларды тиісті облыстық басқармаларға мерзімінде тапсырылуын қамтамасыз етуді тапсырдым.
***
Өздеріңізге белгілі, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап халық саны 2000-нан асатын Шиелі кенті және 13 ауылдық округтерде төртінші деңгейлі дербес бюджет енгізілсе, 2020 жылдың 1 қаңтарынан қалған 9 ауылдық округтерді қосу жоспарлануда.
Сондықтан жергілікті бюджеттің негізгі түсімін құрайтын салықтық түсімдердің, оның ішінде мүлік, жер, көлік салықтарының төлеушілерін түгендеп (инвентаризация), ауылдық округ бюджетінің базасын анықтау керек.
Осы орайда Үкімет тарапынан 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын 3,4 млрд теңге көлемінде жергілікті бюджетке беру жоспарлануда.
Бұл ауданды дамытуға және халықтың мұқтаждығына көбірек қаржы бөлуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамыту арқылы түскен салық көлемінің көрсеткіші кент және ауылдық округ әкімдерінің жұмысының тиімділігін бағалауға тікелей әсерін тигізетін болады.
Осы ретте аудан әкімінің орынбасары (Б.Ысмағұлов), аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі (Д.Жакеев м.а), мемлекеттік кірістер басқармасы (Б.Оразов), кент және ауылдық округ әкімдері корпоративтік табыс салығын жоспарлау және алдағы уақытта түсімді қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жүргізетін болады.
***
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда әлеуметтік жаңғыруға ерекше маңызды мәселе тұрғысынан тоқталды.
Білім саласы бойынша, мамандар даярлау жүйесінің нақты еңбек нарығынан тыс қалып, еңбек ресурстарының балансын есепке алмаудың тиімді әдістемесі қалыптаспағанын атады. Ендігі жерде оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беруді міндеттеді.
Өздеріңізге белгілі, биылғы жылы шиелілік түлектердің университеттер мен колледждерге түсу көрсеткіші 97 пайызға, жалпы орналасуы 98,5 пайызға жетті.
Ауданда барлық мектептер кең жолақты интернет желісіне қосылып, цифрлық білім беру ресурстарымен жұмыс жасауда.
Шағын жинақталған мектептер оқуға қажетті «BilimBook» кешендерімен толық қамтамасыз етілді.
Аудан мектептерінің 55-ы жаңа модификациялық пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілсе, компьютерлер 100 пайызға жаңартылды.
Ендігі міндетіміз – түлектеріміздің еліміздің ең үздік оқу орындарына түсуге жағдай жасау. Аудан орталығы мен ауыл мектептері арасындағы сапа айырмасын болдырмау, дарынды балаларды анықтау, дамыту және оларды қолдау.
Осыған сәйкес, аудандық білім бөлімі (Дәурен Насибеков м.а) тиісті бөлімдермен бірлесіп, нақты жұмыстар жүргізуді тапсырдым.
***
Өздеріңіз білетіндей, соңғы кездері отбасы құндылықтарының әлсіреуі де белең алып келе жатқаны жасырын емес.
Отбасылардың ажырасу фактілері азаймай тұрғанын статистикалық мәліметтерден көруге болады. Осы жылдың жартыжылдық қорытындысымен ауданымызда отбасылардың ажырасу фактілері 9 пайызға өскен (68-ден 80-ге).
Мемлекет басшысы: «Атаулы әлеуметтік көмек – бұл мұқтаж азаматтарға берілетін мемлекеттің жәрдемақысы» деп айтқан болатын. Алайда, атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетті. Әкелер де мемлекеттен көмек алу үшін балаларынан бас тартып жатыр.
Жыл сайын отбасы құндылықтарын дәріптеу бойынша Елбасының Жарлығымен бекітілген «Мерейлі отбасы» республикалық конкурсы өткізіліп келеді. Сондықтан отбасы құндылықтарын дәріптеу ауқымын кеңейту қажеттілігі туындауда.
Қыркүйек айының екінші жексенбісіне белгіленген Қазақстанның отбасы күніне орай, бір күндік шара емес, келер жылғы қыркүйекке дейінгі бір жылға арналған арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп жатыр.
***
Сондай ақ ел Президенті бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керектігін де жеткізді.
Осыған орай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі (Н.Сапарбай) Шиелі кенті және ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, облыс әкімдігімен 2019 жылғы 27 наурызда бекітілген облыс тұрғындарын жаппай дене шынықтырумен айналысуға тарту және спорттың инфрақұрылымды дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасын жүзеге асыруды жалғастыратын болады.
***
Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға Қасым – Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламасында мән берілсе, Жолдауда да ерекше аталды.
Әсіресе, денсаулық көрсеткіштерінің айырмашылығы, ана мен сәби өлімі көрсеткіштеріне алаңдаушылық білдірді.
Ал аудандағы ана өлімі көрсеткіші 2017 жылдан бері орын алмаған, өкінішке орай сәби өлімі көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 9,6 пайыздан 12,2 пайызға артқан.
Осы орайда, «Шиелі ауданаралық ауруханасына» (Нұрлан Әмір) әр ауылдық округтің ерекшелігін ескере отырып, медицина саласының даму бағыттарын анықтауды және «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының, әсіресе, ана мен бала денсаулығына қатысты, оңиндикаторлық көрсеткіштеріне қол жеткізуді тапсырдым.
***
2020 жылдың 1 қаңтарынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі.
Жолдауда айтылғандай, медициналық сақтандырудың енгізілуімен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі қысқартылмайды және де ол барлық тұрғындарға қол жетімді болады.
«Шиелі ауданаралық ауруханасы» (Н.Әмір) облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, ауданның медицина ұйымдарының әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындығын қамтамасыз етеді!
***
Өздеріңізге белгілі, мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы. Президент Жолдауда мәдениет саласын да назардан тыс қалдырған жоқ. Бұл бойынша «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Олардың еңбек ақысы соңғы жылдары мүлдем көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе, жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды», – деп атап өтті. Жалпы, ауданның мәдениет ұйымдарында жұмыс істейтін қызметкерлердің 70 пайызы жастар. Сондықтан бұл салаға әлеуметтік қолдауды жандандыра түсеміз.
Ағымдағы жылы халық жазушысы Әбділда Тәжібаевтың 110 жылдығын облыстық деңгейде атап өтсек, Әл-Фарабидің 1150, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына дайындық жұмыстары басталды.
Бұл ретте Сыр маржаны саналатын Шиелі жері аталған шараларға белсене араласып, жоғары белсенділік таныту керек.
Осы бағытта аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қажетті шараларды қабылдап, нақты ұсыныстар енгізетін болады.
***
Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткен тағы бір өзекті мәселе – тұрғын үй құрылысы саясатын жүзеге асыру.
Биылғы жылы ауданда «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы аясында 18 пәтерді құрайтын 1 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілсе, қалған 4 тұрғын үйдің жоба сметалық құжаттары жасалынып, тиісті жұмыстар атқарылуда
Бүгінгі күнге аудан бойынша тұрғын үй алуға барлық санаттар бойынша кезекке тіркелгендер саны 969 азаматты құрап отыр. Оның ішінде «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» бойынша 592, Көпбалалы отбасылар санаты бойынша – 140 азамат тіркелген.
Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Д.Аманға кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында атқарылатын жұмыстардың барысына талдау жүргізіп, бір апта мерзімде нақты ұсыныс беруді тапсырдым.
***
Жолдаудағы мемлекеттік сатып алу процесін жүйелендіруге қатысты айтарым, мемлекеттік сатып алу бөлімі облыста алғашқылардың бірі болып ауданда құрылды.
Премьер-Министр Асқар Маминнің бекіткен «мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру» пилоттық жобасына байланысты кент, ауылдық округтер мен дербес бөлімдердің сатып алулары біріктіріліп жарияланады.
***
Құрметті аудан тұрғындары!
Мен осы мақалам арқылы Қазақстан республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауының бағыттары мен одан туындайтын міндеттерге тоқталдым.
Бұл жұмыстар күннен-күнге ашыла түсетін болады. Көзі қарақты көпшілік үшін аудандағы шешімін табуы тиіс өзекті мәселелер белгілі.
Ендігі жерде бірлесіп ортақ міндеттерді шешуге кірісіп, туған жеріміздің мерейін асыруға азаматтық қоғам өкілдерін, ел дамуына елеусіз қарамайтын ұлтжанды азаматтарды Отан алдындағы ортақ істерге, белсене атсалысуға шақырамын!
Баршаңыздың әрбір бастамаларыңызға сәттілік, отбастарыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс пен абырой тілеймін!
14 қыркүйек 2019 ж. 1 545 0