Бәтеңке
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ басталғанда мұғалімнен кейін ешкім есікті қағып кірмеуі тиіс. Меруерт мұғалімнің талабы күшті. Кешігіп келген жағдайда, оның міндетті түрде себебін айтып, салдарын түсіндіріп, дәлелдеуің қажет. Қиыс басқан қадамың болса, сабақтың соңынан жеке қалып, сағаттап ақталасың. Оқушылар өз арасында батырсынып мұғалімге қарсы сөйлегенмен, жеке қалғанда Меруерт мұғалімнің ығына жығылып, «енді қайталамаймын» деген уәде беріп шығады.
«Шыбынның ызыңы естілмесін!» деп дүрсе қойғанда, сыныптың ішінде құлаққа ұрған танадай тыныштық орнайды…
– Сәлеметсіздер ме!
– Сәлеметсіз бе!
– Отырыңыздар!
Барлығы жамыраса тұрып, қайта отырысып жатты. Тек мен ғана орнымнан ырғатыла қозғалып, жартылай тұрған сыңай танытып, ерте жайғастым. Сегізінші сыныпта оқысам да, бойым сыныптағы қыздардан да, ұлдардан да қысқа. Кейде барлығы Меруерт апаймен өре түрегеле амандасқанда менің отырып-тұрғанымды да байқамайды. Сыныптағы қыздар менен тек білмегенін сұрап, есеп шығару, формула қорыту сияқты себептермен тілдеседі. Қалған уақытта Айдос, Бағлан, Қайрат секілді бойшаң, әрі жарасымды киініп жүретін жігіттермен әзілдесіп, қауқылдасып жүргені. Әр сенбіде мектепте өтетін концерттен кейін би кешіне менен басқаның бәрі қалады.
Меруерт өте білімді. Мұғалімдердің ішінде ең сұлуы. Сырт көзге нәзік әйелдей көрінгенмен, адамның көзіне тура қарағанда, оқушылар дайындап келген сылтауын жеткізе алмай, шынын айтып құтылатын. Бәрінен де қиыны, мен оған ғашық едім. Мақтаса ұялатынмын, маған қарап сөйлесе қысылып-қымтырылушы ем. Бойы сұңғақ, еңсесі биік, әрі бір қарыс өкшесі бар туфлиін аяғынан тастамайтын сұлу мұғалімге сыныпта Қайраттың бойы ғана тең келетін. Айдосқа, Бағланға, Қайратқа қарап сөйлегенде, оны кәдімгідей қызғанып кетуші едім. Сонда да, ол мені басқалардан артық жақсы көретініне сенемін.
Меруерт мұғалімнің бір ғана кемшілігі бар, «ң» әрпіне тілі келмейді. Сабақ түсіндіргенде, әңгімелескенде ң-ы бар сөздерден бойын аулақ ұстайды. Күйеуінің есімі Тәңірберген болғанмен, жазғанда болмаса, таныстырғанда, атын атағанда ныспысын толық айтпайды. Тәкежан деп ат қойып алған. Бұл да кітапты көп оқығанының пайдасы. Әйтпесе, тарихта Абайдың бауыры Тәңірбергенді Тәкежан дейтінін ауылда кітапты көп оқитын бірең-сараң адам ғана біледі.
Ілкіде оқушыларға сынақхат жаздырып, бір ғана оқушы бестік алды. Қалғандарының дәптерлері таланған төбеттей қып-қызыл қате. Әсіресе, менің дәптерімді сиясы біткенше шимайлапты. Қате көрсе қарап тұра алмайтын әдеті бала күнінен бар екенін анам айтқан. Үйленбей тұрып, күйеуі Тәкежанның әскерден жіберген сезімге толы хаттарын оқып отырып та, қолындағы рүшкесімен қателерін шығарып, әппақ параққа ағынан жарыла жазған риясыз сөздерін қып-қызыл етіп қорлайды екен. Мектепте жарытып оқымаған Тәкежан хатты қайбір сауатты жазсын…
Сабақ басталды…
– Диктантты өте нашар жазыпсыңдар, тек Айнұр ғана «5» алды, – деді де, үнсіз дәптерлерін өздеріне таратып берді. Меруерт мұғалімнің үндемегені біз үшін ұрысқанынан да жаман. Қайраттан басқалары сабақ біткенше көңілдері байыз таппай отыр. Мұғалімнің үндемегенінде себеп бар. «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесінен үзінді қылып жазылған сынақхатта барлығы бірдей қате жіберген. «Ежелгі дұшпанына» айналған ілік септігінің жалғауы Айнұрдан басқаның бәрінде өріп жүр. «Ң» әрпінің орнына «н» жазған. Қайтсін енді, естігенін жазған да. Тек мен ғана соның қате екендігін біліп, саналы түрде қырсығып істегем. Қыңыр мінезім болса да, оқу үлгерімім бәрінен ілгері. Оны мұғалімдерім де, сыныптастарым да мойындайды. Есепке де жүйрікпін, тарихтан да алдыма жан салған емеспін. Әдебиеттен сабақ айтқанда шығармалардағы кейіпкерлерге жан бітіріп, әуезелеп сөйлейтінмін. Меруерт апайдың өзі қолдана бермейтін әдеби-көркем сөздермен мөлдірете сөйлейтінімді мектеп директоры ауылдағы отырыс-жиындарда айтып марқайып қалады-мыс.
Меруерт мұғалімнің бұл сыныпты қабылдағанына жыл толған жоқ. Бұрын қазақ тілі мен әдебиетінен Сандуғаш дейтін мұғалім сабақ бергенде барлығы кітаптың бір парағын ақтармастан, бет-бетімен кеткен. Өз бетінше әдеби кітаптарды ақтарып, таңдаулы шығармаларды оқып жүрген мен ғана.
Сабақ басталды… Әдеттегідей барлығымыздың құрал-саймандарымыз түгел. Әр оқушының партасының бір бұрышында күнделік, екі бірдей дәптер, оқулық, қаламсап және орамал тұруы тиіс. Тырнағы өскен, жағасы кірлеген, киімі олпы-солпы оқушы да болмауы керек. Мектепке алғаш болып осындай тәртіп пен жүйені әкелген Меруерт мұғалім. Оның үстіне, оқушылар мұғалімге бар зейінімен ұйымайынша, сабақты бастамайды.
Менің сабақ үлгерімімнен бөлек, жазуым да басқаларға үлгі. Оны Меруерт мұғалім де жоққа шығармайды. Өзі дәптер тексеріп отырса: «Арман, бүгінгі күнді, сабақтын (ң) тақырыбын тақтаға жаза ғой!» – дейді. Мұғалімнің жылы сөзінен кейін құрақ ұшып, тақтаға қарай тұра ұмтылатын әдетімді бүгін аяқ-асты еттім. «Менің саусағым ауырып тұр, басқа біреу жазсыншы» дедім өтініп. Меруерт апай қағаздан бас алып, маған қарағанда, еріксіз жанарыммен жер шұқып қалдым. Бейнебір мені көзімен тергеп тұрғандай. Әрі қарай бұл әрекетіме көп іркілмеді. Менен қайыр болмаған соң, тақтаға солақай Ардақ шықты.
Менің тақтаға шықпауымның себебі бар еді. Оны Меруерт апай да сезді. Тек, себебі неде екені оған беймәлім. Оның себебі – менің аяқ киімімде. Жо-жоқ, жыртық емес, көне де емес, былғаныш та емес. Қыздарский болатын. Алдынан қарағанда ұлдардікіндей көрінгенмен, артынан қарасаңыз өкшесі биіктеу, әрі сопақтау. Тақтаға шықсам, сыныптастарым соны байқап қоятындай, қуыстанып отырам. Үзілісте далаға да шықпаймын. Дәрет қысып бара жатса, сыртта ешкімнің жоқтығын пайдаланып, сабақ үстінде сұранып шығамын. Осы аяқ киімнің кесірінен тақтаға шығып, сабақ айтудан қалдым. Тақтаға шықпау үшін сан түрлі сылтау ойлап табамын.
Бұл менің қалада студент болып жүрген әпкемнің аяқ киімі. Сәннен қалған соң, біреу-міреу киіп тастар деп ауылға беріп жіберіпті. Үйде оны кім кисін, барлығы ер бала. Анам сол етікті «ұлдардікіне ұқсайды екен» деп жүруші еді. Сөйтсем, маған жаңа бәтеңке әперуге жағдайы болмағандықтан, әдейі айтады екен. Былтыр да сондай қиындық болды. Мен ол кезде түстен кейін оқимын. Өзімнен екі жас үлкен ағамның етігін кезектесіп киетінбіз. Биыл 8-сыныпқа ауысып, екеуміз де сабаққа таңертең баратындықтан, амалдың жоғынан осы аяқкиімді киюге мәжбүрмін. Оны кигенше, жазғы туфлиімді неге кимеймін деп арланғанмен, шешем: «Қыста аяғыңнан суық өтеді, мектептеріңе от бірде жағылса, бірде жағылмайды», – деп таңертең өзі кигізіп, арнайы бақылайтынды шығарды.
Біздің сыныпта Қуаныштың да аяқкиімі қыздарский екен. Оны бірде дене шынықтыру сабағында «кілемге шығып күресіңдер!» дегенде байқап қалып, барлығы әжуалады. Оның аяқ киімінің түсі қара, әрі менікіндей өкшесі жоқ. Тек қонышы ұзын демесеңіз, пішіні ұлдардікіндей жайтабан. Қонышын шалбарының балағымен жауып, осы күнге дейін білдіртпей келген. Қой аузына шөп алмас момын, биязылау Қуанышқа Бағланның сөзі қатты әсер етті. «Сені «дышы» сабағында ұлдардың емес, қыздардың қатарына қосу керек», – дегенде, бәрі жамыраса күліп, бірінің сөзін бірі іліп, үсті-үстіне келеке қылды. «Тақия тастамақ ойнаса, таздың арты қылпылдар» дегендей, Қуанышқа қаратып айтылған әзілдің әр ұшқыны маған да кеп қадалып жатқандай. Менікі де қыздарский, оны да байқап қойып, маған да жарыса күлсе қайтпекпін?!
Қуаныш сол сөзден кейін сабаққа келген жоқ. «Маған жаңа аяқ киім әперіңдер!» деп қырсығып алыпты. Қуаныштың сабақ үлгерімі онсыз да нашар, ал мен болашақта журналист боламын, мектепті үздік бітіремін деп жүрген оқушымын. Оның үстіне, математика, физика, геометрия, тарих пәндерінен күн өткен сайын маған таңсық тақырыптар мен формулалар тізбектеліп кеп жатыр. Қуаныш құсап үйде жатып алсам, сабақтың жайы айтқан жерде қалмай ма?! Маған оқу керек, үйрену керек.
Арада апталар сырғыды. Әр күнім абыройлы өткен сайын, сансыз шүкіршіліктер айтамын. Құдайдан жаңа бәтеңке тілеудің орнына, аяқкиімімнің қыздарский екенін ешкім білмей-ақ қойса деп тілеймін. Тілегім қабыл болғандай, аяқкиіміме ешкім мән берген жоқ. Тақтаға да еркін шығып, үзілісте ел қатарлы серуендеп қайтатынды шығардым. Қанша еркін жүрсем де, бір жерде ұзақ тұрмайтын әдіс-тәсілдер ойлап таптым. Сенбі күні би кештеріне де қатысатын болдым. Осылай өз ұятыммен арпалысып, кемшілігімді қымтап жүргенімде қыстың жылжып бір айы артта қалды.
Жаңа жылғы демалыстан сабаққа келгенде ең бірінші болып көзіме оттай басылған Гүлзираның аяқ киімі болды. Түрі де, түсі де, пішіні де, көлемі де дәл менікіндей. Рас-рас, еш айырмашылық жоқ. Бау тағатын ілгіштері де айна-қатесіз аумайды. Тек оныкі жаңа, менікі ескілеу. Сонда да, зейін салып қараған адамға бәрі тайға таңба басқандай анық. Жағдайым күрделеніп кетті. Гүлзирадан бойымды аулақ ұстаймын, жанына жоламауға тырысамын. Тақтаға онымен бірге қатар шықпауға әртүрлі сылтау ойлап тауып жүргенім сол. Мен жоқ жерде: «Арман мен Гүлзираның аяқкиімін қараңдаршы, бірдей», – деп сыпсыңдап жатқандай құлаққа жағымсыз дауыстар келеді де тұрады. Үйде де, мектепте де уайымым аяқкиімім. «Осыдан жаз келсе, шөп орып сатармын, алюминий теріп, өткізермін», – деп өз-өзіме серт бердім. Қыстың бітуіне әлі екі ай бар, әншейінде Құлагердің шабысындай зымыраған уақыт соқа тартқан өгіздей жүрмей қоюын қарамайсыз ба? Бар тапқанын қаладағы студент әпкеме жіберіп, наны мен суын әзер ажыратып отырған әке-шешеме де салмақ салып, жаңа бәтеңке әперіңдер деуге бата алмадым, ұятым жібермеді. Айтпайын десем, елге күлкі болам деген ой ішімде оттай жанып, шоқтай қарып барады.
Бейсенбіге дейін Гүлзира екеуміздің аяқкиіміміздің бір екенін ешкім байқаған жоқ. Бәрін бүлдірген тағы да дене шынықтыру сабағы. Сабақ басталмас бұрын бәрімізді бір қатарға тізіп, бой-бойымен тұрғызатын әдеті бар. Бірінші ұлдар, ұлдар біткен жердің ізін ала қыздар жалғап тұрады. Ұлдардан бойы ең қысқасы мен, қыздардан ең бойы ұзын сол Гүлзира. Алыстан қарасы көрінсе, өз-өзімнен үркіп қашатын Гүлзира енді дәл жанымда тұр. Арамыздағы алшақтық бір еліге де жетпейді. Аяқ киімдеріміз түйісіп, базардағы көтерме саудаға қойылған біркелкі етіктер секілді. Сабақ енді басталды, сұранып кетудің де ыңғайы келмей тұр. Қырсыққандай, сапта бұл жолы ұзақ тұрдық. Сол сәтте Гүлзира менің етігіме көзі түсіп, қайта-қайта қарағыштай берді. Ішінен күліп алғанын да сездім. Тұла бойым мұздап сала берді. Сабақтың соңына дейін біреу ту сыртымнан мылтық кезеп тұрғандай зордың күшімен тұрдым.
Сабақ бітісі сол екен, Гүлзира айналасындағы қыздарға: «Арман қыздарский етік киіп алыпты», – деп өсек таратып үлгерген. Сыныпқа кіріп келсем, барлығы менің аяғыма бір, көзіме бір қарағандарынан-ақ бәрін байқадым. Келесі сабақ Меруерт апайдыкі болса да, сөмкемді жинап, ешкімге қарамастан үйге қарай бет алдым. Түскі асқа бармадым, кешкі асты ішпедім. Үнсіз бөлмеге кіріп әртүрлі кітаптар оқумен болдым.
Менің уайымымды анам жақсы біледі. Екі күн сабаққа бармай жатып алғаныма да налыған жоқ. Етік әпермесе, менің алған бетімнен қайтпайтынымды түсінеді. Қанша оқталса да, ауылдағы Есен саудагер Алматыдан әкелген етіктерін қарызға бермей жіберіпті. Базарға апарғанмен, мал өтпейді, Есеннің алдына жағдайды айтып, бір емес, он мәрте барды. Анамды аядым, ал мектепке баруға ұятымды жеңе алмадым. Сыныптың есігін ашсам, бәрі маған күлуге дайын тұрғандай.
Сабаққа бармағаныма жексенбіні қоспағанда төртінші күн. Сынып жетекшім мені Меруерт мұғаліммен таласып жүріп, алда өтетін аудандық олимпиадаға математика пәнінен апармақ-тұғын. Күнде менің сабаққа келмеуімнің себебін білу үшін бір оқушыны үйге жібереді. Анам «Арман ауырып жатыр, жазылса барар» деп сәлемдеме айтып әлек. Қуаныштың сабаққа келмегеніне айдан асқанмен, Нұрман ағай артынан адам жіберіп, себебін білген жоқ. Маған математикадан жүлде алып келуі тиіс деп қайта-қайта іздеу салып жатыр. Оның үстіне жарысқа да аз күн қалды.
Олимпиадаға математикадан баратын болғандықтан Меруерт апай маған ренжіп жүр деп ойладым. Қазақ тілі мен әдебиеті менсіз қызықты өтпейді. Меруерт апайдың жоқ дегенде бір рет ат ізін салып қоятын уақыты жетті. Үйі де бізден қашық емес. Ренжімесе, неге тыныш жатыр? Неге іздемейді? Менің Қуаныштан артықшылығым, абыройым болмағаны ма?
Бес күннен бері үйге қамалып, әбден мезі болдым. Қыздарский етігімді киіп алып, үлкен ағаммен бірге отын шабуға кеттім. Нан-суымызды өзімізбен бірге алып кеткендіктен, үйге кеш бата бір-ақ оралдық. Үйге кіргенім сол еді, анамның жүзінен ерекше бір қуанышты байқадым. Бір жақсылықтың болғанын айтқызбай-ақ ұғындым. Кіре беріс бөлмеде жайылған алашаның бас жағында су жаңа қоңыр бәтеңке тұр. Анам «Олимпиадаға баратын болдың, жақында бәтеңкеңе түстес шалбар алып беремін» дегенде қуанышым қойныма сыймай, төңіректің бәрін мейірім жайлағандай болып кетті. Қайдан сатып алғанын сұраған жоқпын. Анам Есен саудагерді көндіріп, қарызға алған шығар деген ой келді. Киіп көріп едім, құйып қойғандай шап-шақ екен.
Ертесіне су жаңа бәтеңкемді киіп, сабаққа бардым. Әдеттегідей барлығының көзі менің аяғымда. Бағлан әдетіне басып: «Әлгі етігіңді сатып, жаңа бәтеңке алып алғансың ба?» – деп соқтығысты. Бәрі ду күлді. Алғашқы сабақ қазақ тілі. Меруерт апай есік сыртында барлығын үнсіз тыңдап тұр екен. «Сәлеметсіздер ме?!» деп кірді де, барлығымыз орнымызға жайғасқан соң Бағланға «Орныңнан тұр!» деді. Ары қарай сөзін жалғап:
– Қуаныштың сабаққа келмегеніне айдан асты. Кеше анасынан сұрап ем, аяқкиіміне күліп, мазақ қылғаннан сабаққа келмей жүр екен. Сыныптың ең озат оқушысы Арман да бес күн сабақта болған жоқ. Сендер доссыңдар ма, әлде бір-біріңнің кемшілігіңді аңдыған дұшпансыңдар ма?
– Апай, мен ғана емес күлген…
– Сөзді соңына дейін тыңда, Бағлан. Арман жақында ауданға олимпиадаға барады. Сыныптың ғана емес, мектептің атын шығарғалы отыр. Ал, сендер болсаңдар не сабақты қатырмайсыңдар, не сабақты жақсы оқитын оқушыға мүмкіндік бермейсіңдер. «А» сыныбының оқушыларының барлығы жақсы оқиды. Ұйымшыл, дос. Бірақ, олардың ешқайсысы Арман секілді барлық пәннен үздік емес. Отыр, Бағлан. Бұл тек Бағланға емес, барлығыңа қаратылып айтылған сөз!
Меруерт мұғалімнің дәл былай дауыс көтере сөйлегенін бірінші рет көруім. Бұрын байыппен сөйлесе де зілді, санаға жететіндей қылып жеткізуші еді. Мен ғана емес, Меруерт мұғалімнің әрекетіне сыныптағылардың барлығы аң-таң. Сабақ біткен соң Бағлан жаныма келіп, кешірім сұрады. Меруерт апайдың бір сөзі сыныптастар арасында бірлік, татулық орнатқандай сезіліп тұрды. Ертеңіне су жаңа аяқкиім киіп, Қуаныш та сабаққа келді. Мен сабақ біткен соң, сынып жетекшісімен бірге олимпиадаға дайындалып жүрдім…
Етіктің уайымымен басталған қыс ортасына жетпей мен үшін үлкен қуанышқа ұласты. Олимпиададан 1-орын алып, облысқа жолдама бұйырды. Ертесіне директор күллі мектеп ұжымының алдында құттықтап, абыройымды асқақтатты. Гүлзира гүл тапсырып, Бағлан бастаған жігіттер қапсыра құшақтап, аспанға көтерді.
Ауданнан орын алып келген қуанышымды бөліскісі келген анам: «Өткендегі бәтеңкең болмағанда мұндай жетістікке жетпес ең. Меруерт мұғаліміңе мың алғыс. Айлығынан Қуаныш екеуіңе таза былғарыдан тігілген екі бәтеңке сатып алып берді. Саған айтпай-ақ қой деп еді, бірақ жақсыны жеткізу керек», – деді.
Меруерт мұғалім – ұстаздардың ең үздігі. Маған ренжіп жүр екен десем, сырттай болысып, тілекші болып жүр екен ғой. Бұл жақсылығын немен қайтарсам екен, а?! Адам деген осындай жомарт, осындай мейірімді болушы ма еді? Иә, Құдайым, маған да жаны ашитын адамдар бар екен! Келер жылы қайткен күнде де олимпиадаға қазақ тілінен немесе әдебиеттен барамын деп өз-өзіме уәде беремін!..
Жандос БАЙДІЛДА.