Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүрек пен көз туралы тәмсіл

Жүрек пен көз туралы тәмсіл


Қазақ үшін Сөз тылсымға толы сиқыры мол дүние. Сөзді адам ағзасымен етене бір көреді. Бір заттың екі жағы санайды. Ренжісе, «өкпелеп қалдым», туғанын «бауырым» деуі тегін емес. Табан екеш табанды да сөзге қосып, мінезі салмақтыны «табанының ізі бар» деп бейнелейді. Онысы көбіне-көп дөп шығады. Әйтсе де жүрек пен көз ерекше орында тұр. Ортағасырлық қайта жанданған Шығыста қуаты күшті қалам иелері екеуіне талай новеллалар арнаған.
«Көз бен жүректі қатар қойсам, соңғысының бәсі артық шығады» – деп, ағынан жарылады бір досым. Жүрекке ода айтуға бар: «Бар жақсылық та, жамандық та жүректің ісі. Жүрек таза болса, тілек те таза. Жүрек пен тілектің тазалығы ең алдымен өзіңіз үшін, сосын маңайыздағылар үшін аса қажет. Жүректен гөрі білектілер, тілекшілерден гөрі ептілер асып тұрғанда…
Адамның ғұмыры осы жұдырықтай жүректе. Жүрек тоқтаса өмір үзіледі. Бұл белгілі жайт. Жүрек ақ болса, көңіл де, жан-жағың да жап-жарық. Жүректі қара ниет қауласа, айналаңды да түнек басып, қатыгездік кеулейді кеудеңнің қуыс-қуысын. Жүрек сондай. Оның сондай кереметі бар. Жаратқанның аты да оған тегін жазылмаса керек. Құдай шебер. Оған шек жоқ.
…Адам, жұмыр басты пенде болған соң, кейде пендеге тән қылықтар қылаң беретіні рас. Сонда санамды тежеп, ақылға шақырып, тәубеге келтіретін осы жүрек. Ұлы Абай да ақыл мен жүректі салыстыра келе, жүректі қалайтыны бар ғой.
Ал мен болсам «көзді» көзден таса еткім жоқ. Басты орынға қоям. Өйткені Жүрек абстрактылы болса, Көз шынайы. Тоғыз онның түбінде, тәсіл ақылдың түбінде, жүрек көздің түбінде тұрмай ма? «Жалмауыздың жанарындай», «Көзі қиықтың қаны сұйық», «Ашу үстінде көз қызарады, ашу басылған соң бет қызарады», «Көз сүзген көрінгенге көңіл арсыз», «Көрген көзің жылаудың ұясы» дейтін теңеу-тіркестер тілде мүлдем қолданылмаса деймін. Көзді қимаймын өйткені. Құтыртып мақтатқызбайтын, тұқыртып даттатқызбайтын, ақиқат-шындығыңның негізгі өлшемі – көз емес пе? Көрмеген жұрт қиялына сенеді.
Әсілі, адамның қас-қабағы – ашық кітап іспетті, парақта да оқи бер, ұға біл, түсін. Көз – жан-дүниең түкпірінде жатқан бүкпесіз жан сырыңнан хабар жеткізер елші, яки – діттегеніңе тура бастап апаратын жол, ол ішкі дүниеңнен ақпарат айтатын, құпияңды дөп жеткізетін көмекші құрал. Көзде не нәрсе де өзінің шынайы қалпында айнымай көрінеді.
Адам пішінінің мән-мазмұны тұрғысынан келгенде, ең бір жоғары тұрар сезім мүшесі – көз. Оның көңіліңнің үнін естіртетін, тылсымнан сыр тартатын құдіретті күші бар. Өйткені ол жарқыл атқан жарықтан тұрады. «Адамды ұққың келсе – жанына жақын барып көзіне үңіл» дейді шығыс тәмсілі. “Мәселенің мәселесі адамның жүзі. Барша қуаттың ұясы – көз. Орындаудың қозғаушы күші – жан дүниесі болса, жанның бейнесі – бет, оның ішіндегі ерекшесі – көз. Бұл дененің ең жалқы үздік мүшесі. Өйткені ол көңіл-күй толқындарын, өзгерістерін, елеусіз реңктерін мейлінше толық, жетік, жан-жақты жеткізетін құдіретті мүше” – дейді зерттеуші-ғалым Серік Негимов. Әңгімелесушінің көңіл-күйін бірден аңғара алғанның өзі, оның қандай күйде екенін – ашулы ма, қуанышты ма, шат па, самарқау ма, ықыласты ма, міне, осы күйді дәл анықтай білсең, көкейіңді тескен ойыңды анық жеткізе алатындай діттеген мақсатыңа жетесің…
Қарыс жерге сүйем өтірік айтқызбайтын да көз емес пе?
Елеужан Серімов мақаласынан қысқартылып алынды
qasym.kz
26 қазан 2018 ж. 1 404 0