Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘСКЕРДЕ БОЛҒАНДА...

ӘСКЕРДЕ БОЛҒАНДА...

Біздің бағымызға жетінші сыныпты бітіргенімізде (1963 ж), мектеп сегізжылдық болды. Аудан орталығындағы 11 жылдық мектеп 10 жылдыққа төмендеді. Әскери қызмет 3 жылдын екі жылға шегерілді. Осындай игі өзгерістер орын алды. 1968 жылы әскерге шақырылдым. Елдің баласы аудандық әскери комиссарды пәрелеп қала алмай жүрсе, мен әскерге бара алмай қиналдым. Қатарымның бәрі кетіп жатыр. Медкомиссия Отан алдындағы борышымды өтеуге жаратты. Шақырту қағазын алған соң ауылдағы сыныптастарым мен достарымның басын қосып қоштасу «кешін» жасадым. Мені әскерге шығарып салуға анам мен кенже қызапам Ұлмекен барды. Жақында босанған, бөпесін көтеріп келді. Әскери комиссар мені шақыруын шақырса да, әскерге жіберер емес. Қайта-қайта «барамын да барамын» деп қоймаған соң машинкамен басылған тізімге фамилиямды қолмен жазып қосты. Шақырылғандардан қалмай, солардың автобусына қыстырылып, облыстық әскери комиссариатқа бардым. – Зейнеткердің жалғыз ұлы екенсің. Сені әскерге ала алмаймыз, – деді құжаттарымды қарап шыққан облыстық әскери комиссар Мұқанов деген полковник. Мен «қайтсем де барамын» деп кеңсесінен шықпай отырып алдым. Түскі астың кезі болды. Полковник жинала бастады. Мен тырп етпей отырмын. Маған қарап: – Сен әскерге кетсең, екі жыл әке-шешеңді кім асырайды? – деді. – Көрші «Үлгілі» ауылында (ол «Коммунизм» колхозының орталығы, ал, мен тұратын «Еңбекші» сол колхоздың бір бөлімшесі) үлкен қызапам (әпкені бізде осылай деп атайды) тұрады. Жездем де бар. Сол кісілер көмектеседі, – дедім. – Ол туралы мына құжаттарыңда неге анықтама жоқ? – деді. – Ол жағын білмеймін. Ешкім менен анықтама қағаз сұраған жоқ. Тек «әскерге бармайсың, әке-шешең зейнеткер, өзің бір үйдің жалғызы екенсің» деп шығарып салды, – дедім. Алдындағы телефон тұтқасын көтеріп: – Маған тездетіп Шиелінің әскери комиссарын қос, – деді. Лезде сөйлесе бастады. Ауданның әскери комиссары Евдокимов деген орыс. Шені – подполковник. Полковник зіркілдеп тұр. Ар жағынан «да...да...да» деген жауап естіледі. Шамасы менің сөзімнің дұрыстығын анықтап жатса керек. Ол кезде орысшаны көп түсіне бермейміз ғой... Не керек, мені әскерге алатын болды. Сөйтсем, менің әкемнен бір қой алған ауылдық кеңес атқару комитетінің төрағасы «әке-шешесі зейнеткер, бір үйдің жалғыз баласы, ауылдық кеңес аумағында бірге туған туысы жоқ» деген анықтама қағаз берген екен. Полковник менің сөзімнің растығына көзі жеткен соң және кері қайтпайтыныма күмәні қалмаған соң Мәскеуге аттанып бара жатқан әскерге шақыртушылар командасына қосып жіберді. Әкемнің жалғыз ұлымен қоштаспай қара есегіне мініп күріштігіне кетіп қалғанының сырын енді түсіндім. «Бір қой беріп документін әскерге бармайтын етіп түзеттім. Балам қайда барады дейсің, кешке үйге қайтып келеді» деген нық сенімде болса керек. Сөйтіп Ленин орденді Мәскеу әскери округінен бірақ шықтым. Қиындығы мойын бұруға мұрша келтірмейтін әскерде жүріп те журналист болсам деген талабымнан танбадым. Екі жыл бойына әскери округтің органы – «Красный войн» газетіне жауынгерлік өмірдің жаналықтарын, жеке жауынгерлер туралы шағын мақалаларды үзбей жазып тұрдым. Әскери газетке жауынгерлердің кез келгені қалам сілтей бермейтіні белгілі ғой. Оның үстіне қазақ ауылынан шыққан, орыс тіліне орашолақ қара балаға оңайға түспегені де рас. Орысша демекші, біздің мектепке орыс мұғалімі тұрақтамады. Тұрақтағаны 3-4 айдан кейін-ақ өз тілін ұмытып, қазақша судай ағып шыға келетін. Ақырында аудандық оқу бөлімі орыс мұғалімін жібермейтін болды. Денешынықтырудан беретін Бекболат Ибашев деген ағайымызға орыс тілінен оқытуды қосымша жүктеп қойды. Әскерге аттанғанда екі ауыз орысша сөзім бар еді. Біріншісі «да ну», екіншісі «ну...» сөзінен басталатын аржағы қолайсыз сөз. Оны да ауылдағы Сақаш (Ұлсақы) ағамнан үйренгенмін. Ол Шымкент қаласындағы музыкалық ущилишені бітірген ауылдағы сауатты ағаларымыздың бірі. Еңбектенудің нәтижесінде шағын хабардан бастап, қысқаша деректер, суреттеме, репортаж жазып, сол әскердің өзекті мәселелерін, мәдени тұрмысын, қаруластардың тыныстіршілігі күн сайын шығатын мәскеулік әскери газеттің бетінде көрсетіп отыруға тырыстым. Баспасөз мерекесі күні (кеңестік кезеңде баспасөз күні – 5 мамыр болатын) Мәскеу әскери округы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-полковник Е.Ф.Ивановский осы салада ерен еңбегімен ерекшеленген бір топ әскери журналиске, жауынгер-тілшіге, баспасөзге жазылуды ұйымдастырушыға алғыс жариялап, «Алғыс хат» тапсырды. Оның мәтіні «Красный войн» газетінде «Баспасөз белсенділеріне – алғыс» («Поощрение активистов печати») деген атпен (1970 жыл, 7 мамыр) жарияланды. Әскери баспасөздегі белсенді жұмысы үшін марапатталған отыз адамның ортасында ефрейтор (үздік жауынгер) менің де есім бар еді. Анау - м ы н а у е м е с , ә с к е р и о к р у г қолбасшысынан алғыс алу, қатардағы жауынгерді былай қойғанда, жеке құрам басқарған талай командирге де бұйырмаған. Осыны жақсы түсінген әскери бөлім командирі маған туған жерге барып келу үшін он күн демалыс беретінін салтанатты сап түзеген жауынгерлер алдында баян етті...

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ
29 шілде 2025 ж. 48 0