Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КҮЛКІ – КӨҢІЛ КІЛТІ...

КҮЛКІ – КӨҢІЛ КІЛТІ...

ШАТЫР–ШҰТЫР
– Автобуста қарап отырған екі бейтаныстың біреуі екіншісінен жөн сұрады.
– Біз осы қай көшеде келе жатырмыз?
Анау қитығып жауап қатты.
– Қай көшеде келе жатқаныңды өзің білмесең мен қайдан білейін. Әркім өз көшесін біліп, өз көшесімен жүрсін.
– Өзің керемет боп отырсың ғой? Денің сау ма?
– Өзім білем.
– Жөнді жауап берсең бірдеме көріне ме?
– Көрінеді. Қай көшеде келе жатқаныңды білмей адасып кетсең көрінгеннің көкесі сонда!

СІЛТЕУ ЕСІМДІГІ
– Бәке, бәрекелді, үйің құтты болсын.
– Әумин.
– Айтпақшы, Бәке, сен осы үйіңе келсең болды, шайды ұзақ ішетінің қалай?
– А, оның үлкен мәнісі бар. Жауап берейін. Өз үйімде шайды ұзақ ішетін себебім, өз үйімде отырғанымды сезінгенім...
– Тағы бір сұрақ: үйіңе есіктен кіргеннен талтаңдап, табақ көтеріп әкеле жатсаң тағы талтаңдап, ал сыртқа шықсаң жүрісіңнің түзеліп кететіні қалай?
– Оның да үлкен мәнісі бар. Жауап берейін, үйге есіктен кіргеннен талтаңдап жүретін себебім: таршылықтың не екені, кеңшіліктің не екені жетелеріне оңайлықпен жете бермейтін сен сияқтыларға үйімнің кеңдігін тілсіз түсіндіргенім. Екіншіден, яғни табақ көтеріп әкеле жатқанда талтаңдайтын себебім: бар мен жоқтың парқын білмейтін сен сияқтыларға байлық танытқаным. Үшіншіден, бұл үйде мен талтаңдамағанда кім талтаңдайды...

КІШКЕНТАЙ КІТАПХАНА
– Кітапханаң бай шығар?
– Ұрланғаннан қалғаны бар ғой.
– Шамамен қанша?
– Шамамен үшеу.
– Қағыс есттім бе деп анау қайталап сұрады.
– Қанша дейсің?
– Үшеу.
– Содан кітапхана бола ма?
– Неге болмасын. Өзіңнің кітаптарың ше? Шамамен...
– Екі мың...
– Екі мың? Сондай кітапхана бола ма? Оқитын адамға екі мың кітап аз. Оқымайтын адамға үш кітап та көп.
– Жұмбақтамай айтсай.
– Оқырманы жоқ сенің үлкен кітапханаңнан оқырманы бар менің кішкентай кітапханам әлдеқайда бақытты, бауырым.
– Сен өзің сонда кітап оқитын болдың ғой?
– Неге оқымаймын? Үйдегі үш кітапты оқу үшін сатып алмай әдемілік үшін сатып алып па екем? А, сен «бай кітапханам бар» деп жүз жерден мақтана бер, үш кітап та оқыған жоқсың.
– Оны қайдан білесің?
– Оны ма... оны мына быт-шыт болған көзіңнен және пышыраған сөзіңнен... Әңгіменің қысқасы, кітап оқитын айналайын өзімнен...

ҚУАНЫШ
– Аллоу, Алматы ма? Амансыңдар ма? Емелтай неғылды, емтиханын тапсырды ма?
– Құлап қалды.
– Жаным-ай, жылап қалды-ау?
– Жылап қалды-ау? Қайдағы жылаған, «ауылды сағындым, ура-а, ауылға қайтамын» деп қайта қуанып қалды.

ТІСТІҢ ОҚУЫ
– Осы сенің оқуың таусылмайтын оқу ма, ұзап кетті ғой. Неше жыл оқисың өзі?
– Бес жыл. Биыл бітіреміз.
– Ненің оқуы?
– Тістің оқуы.
– Бес жыл? Сонда жылына неше тістен оқисыңдар?
– Жылына бес-алты тістен. Енді бір тіс қалды.

Үмбетбай УАЙДИН,
Әзірлеген: Айнұр ИБРАШ
05 ақпан 2025 ж. 43 0

Қоғам

БІЗДІҢ НӘЙЛА
05 ақпан 2025 ж. 42

БАЛА НЕГЕ ҰМЫТШАҚ?

05 ақпан 2025 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№9 (9276)

04 ақпан 2025 ж.

№8 (9275)

03 ақпан 2025 ж.

№7 (9274)

28 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728