Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Есірткі жайлы ертегі

Есірткі жайлы ертегі

Ерте, ерте ертеде, шалғайдағы бір өлкеде Салауат патшалығы өмір сүріпті. Бұл елдің халқы ақылды, еңбекқор, мейірімді болыпты. Осы елдің бейбіт өмірі мен бақуаттылығына Есірткі атты бір сұм дақ салмаққа тырысатын. Есірткі қара түнекке ұқсайтын зұлым күш иесі екен. Оның адамдарды арбап, өзіне тартатын сиқыршылығы бар еді. Сол арқылы адамдардың қуанышын, денсаулығын, армандарын жұтып қоятын.
Бір күні Есірткі Салауат патшалығына жақын келіп, өзнің айлакер құлдарын ел ішіне жұмсайды. Олар түрлі айламен адамдарды азғырып, тіпті кейбіреулері торына түсіргенін өз иесіне қуана хабарлап отырды. Осыны байқаған патшалықтың жас батыры Жігер дабыл қағып Салауат патшаның алдына келді:
- Патшам, Есірткі залым біздің елге қауіп төндіріп тұр. Біз оны тоқтатпасақ, халқымыз қиындыққа тап болады, - деді. Сонда патша:
- Жігер, сен – біздің батырымызсың. Қасыңа Күш пен Ақылды,  Сабыр мен Сенімді ертіп алып, бұл зұлымды тоқтатыңдар!- деп бұйырды. Жігер батыр өзінің адал достарының басын қосып:
-Достарым, біз Есірткі залымға қарсы бірікпесек, ол елімізді жойып тынады. Әрқайсымыздың өз ерекшелігіміз бар, бәріміз біріксек, біз алмайтын қамал жоқ, -деп қанаттандырды.
         Достар жолға шығып Есірткінің ордасына да жетті. Зұлым болса: - Маған ешкім қарсы тұра алмайды. Мен сендерді торыма түсіремін,- деп мазақ етіп күледі. Сонда Ақыл былай дейді:
         - Сен адамдардың әлсіздігін пайдаланып жүрсің. Бірақ біз бірге сенен күштіміз. Күш пен Жігер сенен қорықпай күреседі, Сабыр сенің қателігіңді анықтайды, ал Сенім өзіне ғана сенеді! Бәріміз сені жеңеміз!
         Күш Есірткімен күресіп, мықтылық танытыпты,  ал Сабыр оның әлсіз тұсын анықтап, дереу достарына жеткізеді, Жігер мықтылығымен залымды жер жастандырды. Ақыры Есірткі достардың бірлігіне төтеп бере алмай, күл болып ұшып кетті. Салауат патшалығына қайтадан тыныш өмір орнапты. Халық осы күннен бастап адал достардың маңызын түсініп, олардың кеңесімен өмір сүріпті. Бұл патшалықта адамдар салауатты өмір сүріп, бір-біріне көмектесуді өмірлік қағидаға айналдырды. Ертегідегі батырлар секілді біз де зұлымдыққа қарсы күресуіміз керек. Достық, жігер, ақыл, сабыр, сенім – өмірдегі ең ұлы күш. Біз есірткіге жол бермей, әрқашан салауатты өмірді таңдаймыз!
Нұрбақыт Ғарифоллақызы
13 қаңтар 2025 ж. 73 0